АҚТӨБЕ АБАЙ КҮНІН АТАП ӨТТІ

АҚТӨБЕ АБАЙ КҮНІН АТАП ӨТТІ

Абай күніне арналған іс-шаралар Ақтөбе қаласының орталығындағы Абай даңғылында өтті. Бұл жерде ақынның еңселі ескерткіші орналасқан. 

Абай күніне арналған іс-шараға қала тұрғындары, қоғам өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен жастар қатысты.

Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаров өңір тұрғындарымен бірге Абай ескерткішіне гүл қою рәсіміне қатысып, әдеби және философиялық мұрасы елдің қоғамдық және рухани өміріне әлі де ықпал етіп келе жатқан ұлы ойшылдың рухына тағзым етті.

– Абайдың мұрасы жастарды тәрбиелеуде, «Адал азамат» ұрпағын қалыптастыруда ерекше маңызға ие. «Таза Қазақстан» бастамасының мәні де осында – өз қалаңа, айналаңдағы адамдарға және елге құрметпен қарау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау. Сондықтан біздің міндетіміз – Абай мұрасын қастерлеп сақтау, оны жас ұрпаққа жеткізу және оның өсиеттерін өмірде жүзеге асыру, – деп атап өтті Асхат Шахаров.

181 жылдығына арналған мерекелік іс-шара аясында «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты әдеби-сазды бағдарлама ұйымдастырылып, «Абай аманаты» қойылымы мен ақынның лирикалық шығармалары көрермен назарына ұсынылды.

Мерекелік іс-шарада Абай есімін иеленген балалар ақынның өлеңдерін оқыды. Екі кішкентай Абайдың тұсауы кесіліп, жақсы тілектер айтылды.  

Қалалық кітапханалардың гүлзарда ұйымдастырылған тақырыптық алаңдарында келушілер ақын шығармалармен заманауи технологиялар арқылы танысуға мүмкіндік алды. Алаңдардың бірінде ақын шығармалары әртүрлі тілде ұсынылған QR-маршрут жұмыс істеді. Ал қара сөздері жасанды интеллект көмегімен заманауи цифрлық форматта дыбысталды.

Қонақтарды жас және дана Абай бейнесіндегі актерлер қарсы алып, поэзия театрының қатысушылары ақын өлеңдерін оқыды. Тұрғындар үшін кітап көрмелері, поэзиялық батлдар, зияткерлік ойындар, викториналар мен әдеби кездесулер ұйымдастырылды. Жеке алаңда «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының фото-шежіресі ұсынылды. Сондай-ақ спорт алаңында асық ату, тоғызқұмалақ және ләңгі тебуден жарыстар мен ойындар өтті. 

Бүгінде Ақтөбе облысында 87 көшеге Абай есімі берілген. Асхат Шахаров атап өткендей, өңірде ұлы ойшылдың шығармашылығын насихаттау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу жұмыстары жалғаса береді.

 

М.ТАБЫН,

Ақтөбе облысы

 

13.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бұл құрылтайда кәсібилік  болмаса, бәрі бекер...
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 06.08.2026 302

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26893
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26334
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43707
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39494
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44092