«Владимир Дворкович Мемориалы – Aktobe Open 2025» шахмат турнирі – шахматтан ел кубогінің алғашқы кезеңі. Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімі Асхат Шахаров, FIDE президенті Аркадий Дворкович және Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов қатысты.
Аталған ауқымды іс-шараның Ақтөбе өңірі және жалпы ел үшін маңызы жоғары.
Жарысқа үздік шахматшылардың қатысуы турнир деңгейінің жоғары екенін көрсететін айтқан облыс әкімі Ақтөбенің Владимир Дворкович есімімен тарихи байланысы және зияткерлік спорт түрлерін дамытудағы өңірдің белсенділігіне тоқталды.
– Өңіріміз үшін кең көлемді шахмат турнирін өткізіп, әлемнің әр түпкірінен келген мықты гроссмейтерлерді қабылдау үлкен мәртебе. Біз зияткерлік спортты дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Турнир тәжірибе алмасудың, білім мен жаңа идеялардың қалыптасуына ықпал ететін алаң болмақ. Бұл турнир әрбір қатысушының мансабындағы үлкен жетістіктердің бастамасы болсын, – деді аймақ басшысы.
Мемориал өз жолын Ақтөбеден бастаған аңыз арбитр Владимир Дворковичке арналған.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың айтуынша, жүлде қорының көлемі турнирге сапалы құрамды жинауға мүмкіндік берді, бұл оның мәртебесін көрсетеді.
– Біз тек Астанамен Алматыда ғана емес, шахмат серпінді дамып жатқан аймақтарда осындай ауқымды турнирлерді өткізуді саналы түрде қолға алдық. Бұл жергілікті инфрақұрылымды дамытуға, жастарды шабыттандыруға және спортқа қуатты серпін беруге ықпал етеді, – деп атап өтті.
Ауқымды іс-шараны ҚР Туризм және спорт министрлігі, Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырды. Aktobe Open өңірде 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Орталық Азиядағы ең үлкен турнирлердің бірі мәртебесіне ие болған жарыста 21 елдің атақты гроссмейстерлері, халықаралық дәрежедегі шеберлері және Қазақстандық шахмат мектебінің мықты өкілдері интеллектуалдық күресте шахмат тақтасына таласады. Турнир ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан 2025 жылғы Қазақстан Кубогіне жол ашады.
Биылғы Aktobe Open халықаралық шахмат турниріне үш санат: Masters (рейтингі 2400-ден жоғары), Challengers (1900-2399) және Open (1400-1899). Барлық турнир швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрады, әр партияға 90 минут, әр жүріске 30 секунд беріледі. Masters санатында жалпы жүлде қоры – 78 000 доллар, мұнда басты фавориттер – Супергроссмейстер элитасының құрамына енетін гроссмейстер Алексей Сарана, Иван Чепаринов және Санан Сюгиров. Сондай-ақ Қазыбек Нөгербек, Әлішер Сүлейменов және басқа да мықты қазақстандық шахматшылар өнер көрсетеді. Ал әйелдер арасында Меруерт Камалиденова, Лия Құрманғалиева, Ольга Баделька мен өзге де тәжірибелі шахматшылар қатысатын кездесулер бар. Aktobe Open – классикалық шахматтан Қазақстан Кубогінің алғашқы кезеңі. Бұдан соң, Өскемен және Алматы облыстарында турнирлер ұйымдастырылады. Шешуші кезең қараша айында өтеді. Онда маусымның қорытындысы бойынша ең үздік ойыншылар кездеседі.
Ойын 30 маусымға дейін жалғасады.