АҚТӨБЕДЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА БІРНЕШЕ МЕКТЕП АШЫЛАДЫ

АҚТӨБЕДЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА  БІРНЕШЕ МЕКТЕП АШЫЛАДЫ

Әне-міне дегенше 2026-2027 оқу жылы да басталады. Биыл Ақтөбе облысында 450-ге жуық мектепте  194 мыңнан астам оқушы білім алады. 20 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш аттайды. 

Ақтөбе облысында қазіргі уақытта жаңа оқу жылына дайындық қарқынды жүргізіліп жатыр. Жаңа мектептерде балаларға есігін айқара ашуға дайындық жасалып, кей мектептерде реновация жүргізіліп жатыр. Ақтөбе облыстық білім басқармасының дерегінше, жаңа оқу жылына дейін облыста жалпы 4060 орынға арналған 9 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласында 3 жаңа мектеп және 2 жапсарлас құрылыс пайдалануға берілмек. Олар – «Алтын орта» тұрғын алабындағы 900 орындық, «Оңтүстік-Батыс-2» тұрғын алабындағы 300 орындық, «Шилісай-1» тұрғын алабындағы 600 орындық нысандар, сондай-ақ №8 орта мектепке 300 орындық және Д.Қонаев атындағы орта мектепке 600 орындық жапсарлас құрылыс.

Мұғалжар ауданындағы Ащысай негізгі мектебінің 60 орындық ғимараты, Темір ауданындағы Кеңқияқ ауылындағы 600 орындық және Шұбарқұдықтағы 600 орындық мектептер, сондай-ақ Мәртөк ауданындағы Кеңсахара ауылындағы 100 орындық мектеп пайдалануға беріледі.

№8 орта мектепке жапсарлас салынған 300 орындық құрылыс апта басында пайдаланылуға берілді. Аталған білім ордасының директоры Талғат Қаймолдиннің айтуынша, жаңа жапсарлас ғимараты бастауыш сынып оқушыларына арналған. Ғимаратта 11 оқу кабинеті, 4 информатика кабинеті, спорт залы, асхана және ұл балаларға арналған шеберхана орналасқан. Барлық оқу кабинеттері заманауи интерактивті панельдермен, жаңа жиһаздармен және оқу-әдістемелік құралдармен жабдықталған. Мектептің негізгі 600 орындық ғимараты 2012 жылы пайдалануға берілген. Қазір онда 1368 оқушы білім алады. Оқушы орнының тапшылығын шешу мақсатында жапсарлас ғимараттың іргетасы 2024 жылы қаланған. Жаңа оқу жылында жаңа корпуста бастауыш сыныптың 26 сыныбы оқиды. Қазірдің өзінде 1-сыныпқа 150-ден астам бала құжат тапсырған, ал мектепте жаңа оқу жылына алты бірінші сынып ашу жоспарланып отыр. Мектеп басшысының айтуынша, білім ордасы жаңа оқу жылына толық дайын, педагог тапшылығы жоқ.

Сонымен қатар мектепте ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған екі арнайы кабинет жабдықталған. Өткен оқу жылында мұнда ерекше қажеттілігі бар 30 бала білім алса, биыл 26 баланың құжаты қабылданған. Ақтөбе облыстық білім  басқармасы басшысының орынбасары Ақкенже Тындыбаеваның айтуынша, жапсарлас ғимарат оқушы орны тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. Жалпы, жаңа білім беру нысандарын пайдалануға беру нәтижесінде өңірдегі үш ауысымды бір мектептің, бір апатты мектептің және 3 мың оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешу көзделіп отыр.

Жаңа білім беру нысандарының төртеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Оның бірі –  Алтын Орда шағын ауданындағы 900 оқушыға арналған №81 жалпы білім беретін мектебі. Білім ордасында STEM және робототехника, информатика, химия, биология, физика, география, тілдер мен математика кабинеттері жабдықталған. Сонымен қатар шеберханалар, кітапхана, акт залы, хореография және спорт залдары қарастырылған.

Жалпы аумағы 13 299 шаршы метр болатын мектепте балалардың қауіпсіздігін 101 цифрлық бейнебақылау камерасы бақылайды. Бірінші сыныптың өзіне 250 оқушы қабылданады екен. 

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған тағы бір білім ордасы  – Ақтөбе қаласының Оңтүстік-Батыс-2 тұрғын алабында салынған 300 орындық №87 жалпы білім беретін мектеп. Мұнда да оқушыларға заманауи білім алуға қажетті жағдай жасалған:  STEM, робототехника, биология, химия, физика және информатика кабинеттері, сондай-ақ бастауыш сыныптар, технология, тарих, география, математика және алғашқы әскери дайындық пәндеріне арналған оқу кабинеттері бар. Осы аумақта тұратын ата-аналар мен оқушылар үшін мектептерде ашық есік күндері өткізіліп, келушілер білім ордасының инфрақұрылымы және материалдық-техникалық базасымен танысты. Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, Темір ауданындағы Кеңқияқ пен Шұбарқұдық елді мекендерінде ашылатын мектептер де «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша салынды. Жалпы алғанда Ақтөбе облысында 2023-2026 жылдары аталған ұлттық жоба аясында сыйымдылығы 11400 орындық  14 жаңа мектеп салынды. 

Облыстық білім басқармасы берген дерек бойынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «1300 мектепті реновациялау» ұлттық жобасы аясында өңірде 2025-2027 жылдары 24 мектеп кешенді жаңғырту жоспарланған.  Биыл облыста 10 білім беру нысанын, оның ішінде 9 мектеп пен 1 мектепке дейінгі ұйымды жөндеу жоспарланған. Бұл мақсаттарға облыстық бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 8 мектеп Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес реновация бағдарламасы аясында жаңғыртылып, материалдық-техникалық базасы толықтырылуда.

Бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымына көшу мақсатында өңірде 2027 жылға дейін 24 мектепті реновациядан өткізу көзделген. Оның ішінде 2025 жылы – 7, 2026 жылы – 8, ал 2027 жылы 9 мектеп жаңғыртылмақ. 

Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ақкенже Тындыбаеваның айтуынша, өткен жылы жоспарланған жұмыстар толық көлемде орындалып, 7 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Аталған жұмыстарды жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 3,0 млрд теңге бөлінген. 

Биыл реновация жүргізілетін 8 мектептің қатарында Ақтөбе қаласындағы №37, №22 және №17 орта мектептері, Әйтеке би ауданындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектеп, Байғанин ауданындағы Қарауылкелді орта мектебі, Темір ауданындағы С.Бәйішев атындағы орта мектеп, Шалқар ауданындағы №8 орта мектеп және Мұғалжар ауданындағы Құмсай орта мектебі бар.

Жоба аясында аталған білім беру ұйымдарына 567,0 млн теңге бөлініп, 42 заманауи пәндік кабинет сатып алынды. Сонымен қатар мектеп кітапханалары мен жиһаздары жаңартылды. Оқу кабинеттерінің қатарында химия, физика, биология, математика, география, информатика, тарих, қазақ және ағылшын тілі, робототехника, STEAM-зертханасы, алғашқы әскери және технологиялық дайындық, сондай-ақ инклюзияны қолдау кабинеттері бар.

Жоба аясында облыс орталығындағы ең көне білім беру ұйымдарының бірі, 1955 жылы құрылған №22 мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Реновация аясында мектептің қасбеті мен шатыры жаңартылып, ішкі бөлмелер, едендер және инженерлік жүйелер жөнделуде. Оқу кабинеттерінде әрлеу жұмыстары жүргізіліп, электрмен, сумен жабдықтау, кәріз және басқа да инженерлік коммуникациялар жаңартылуда. Сонымен қатар тарих, география, математика, информатика және алғашқы әскери дайындық пәндеріне арналған бес оқу кабинетін заманауи жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз ету көзделген. Ғимараттағы электрмен жабдықтау жүйесі толық жаңартылып, электр кабельдері ауыстырылған.  Сонымен қатар мектепке жапсарлас 300 орындық қосымша ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Жаңа қосымша ғимарат мектептің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Мұнда арнайы оқу кабинеттері, әкімшілік бөлмелер, психолог пен дефектолог кабинеттері, сондай-ақ акт және спорт залдары орналасады.

Жөндеу жұмыстары барысында мектеп ғимараттарының шатырлары мен қасбеттері қалпына келтіріліп, едендер мен есік блоктары толық ауыстырылды. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, сумен жабдықтау, кәріз және электр желілері сияқты коммуналдық жүйелер жөнделіп, жаңартылды. Қазіргі таңда жұмыстар аяқталу сатысында. Нәтижесінде төрт мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын заманауи талаптарға сай жабдықталған, қауіпсіз әрі жайлы мектептерде бастайды. Бұл оқушыларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастырып, білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында барлық құрылыс және жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екендігі айтылды. А.Шахаров балалардың қауіпсіздігі, өрт және санитариялық қауіпсіздік талаптарының бұзылуын жою, мектептерді педагогтер, оқулықтар және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге қатаң назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі мектеп асханаларының дайындығын қамтамасыз етуді, балаларды тасымалдауды ұйымдастыру және білім беру ұйымдарын жылыту маусымына дайындау қажеттігін еске салды.

– 1 қыркүйекке дейін білім беру ұйымдарындағы барлық құрылыс және жөндеу жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Өрт және санитариялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету қажет. Білім басқармасына, аудандық және қалалық әкімдіктерге әрбір білім беру ұйымының дайындығын күнделікті бақылауға алуды тапсырамын. Туындаған барлық мәселені соңғы сәтке қалдырмай, жедел шешу қажет. Мектептерді педагог кадрлармен, оқулықтармен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, мектеп асханаларының дайындығына, балаларды тасымалдауды ұйымдастыруға және нысандарды жылыту маусымына дайындауға қатаң назар аудару қажет. Білім беру ұйымдарының дайындығы сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуға тиіс, – деді Асхат Шахаров.

Сонымен бірге жаңа оқу жылында ерекше білім беру қажеттілігі бар 500-ден астам балаға қолдау көрсетілмек. Облыстық білім басқармасы берген дерекке сүйенсек, бұл балалар қыркүйектен бастап «Самұрық-Қазына» қоры ашатын инклюзивті сыныптарда білім алмақ.  Арнайы кабинеттер №1, №8, №19, №26, №27, №35, №40 және №64 мектептерде, сондай-ақ Д.Қонаев атындағы гимназия мен Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейде жабдықталады. 

Жаңа білім беру кеңістігі Samruk-Kazyna Trust қоры мен инклюзивті білім беру саласының мамандары әзірлеген жаңартылған тұжырымдама негізінде ұйымдастырылады. Кабинеттер ашық кеңістік (open space) форматында жасақталып, дефектолог, логопед және психолог мамандарға арналған арнайы аймақтарды қамтиды. Сондай-ақ балалардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін қыш шеберханасы ашылады.

Бұдан бөлек, заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген емдік дене шынықтыру кабинеті жұмыс істейді. Әр кабинеттің аумағы кемінде 60 шаршы метр болады. Сонымен қатар бір жыл ішінде педагогтер мен бейінді мамандар арнайы оқытудан өтіп, кәсіби біліктілігін арттырады.

М.ТАБЫН, Ақтөбе облысы
27.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27220
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26722
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44057
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39809
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44392