АҚТӨБЕНІҢ ӨҢІРЛІК DATA LAKE ПЛАТФОРМАСЫ

АҚТӨБЕНІҢ ӨҢІРЛІК  DATA LAKE ПЛАТФОРМАСЫ

Жыл соңына дейін Ақтөбе облысындағы 8 ауылға интернет желісі жүргізіліп, елді мекендерді интернетпен қамту көрсеткіші 99,6%-ға дейін жеткізіледі. Сондай-ақ «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026-2027 жылдары 172 елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу, 38 ауылды спутниктік интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған.

Ақтөбе облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының орынбасары Заманбек Жақсылықтың айтуынша, бұл жұмыстар шалғай ауыл тұрғындарының сапалы интернетке қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Ұлттық жоба аясында байланыс инфрақұрылымын жаңғырту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Нәтижесінде ауыл тұрғындары мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, қашықтан білім алу, телемедицина қызметтерін пайдалану және цифрлық сервистерге еркін қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады.

– Ақтөбе облысында 311 ауылдық елді мекен бар. Соның 274-і мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. Биыл Елек, Ақсу, Байжанкөл және Дмитриевка ауылдары мобильді интернетке қосылды. Өткен жылы халық саны аз 24 елді мекен OneWeb спутниктік жүйесі арқылы интернетпен қамтамасыз етілді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауыл халқын интернетпен қамту көрсеткіші 98,8%-ға жетті. Биыл жыл соңына дейін тағы 8 ауылды интернетке қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде ауыл халқын интернетпен қамту көрсеткіші 99,6%-ға дейін жеткізіледі, – деді ол. 

5G стандартындағы, яғни бесінші буындағы мобильді байланыс желісін кеңейту бағытында да жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 5G байланыс қызметтері Ақтөбе қаласынан бөлек, облыстың тағы 7 елді мекенінде қолжетімді.

– Ақтөбе қаласында 93 5G базалық станциясы жұмыс істейді. Сонымен қатар  Қандыағаш, Хромтау, Алға қалаларында, Бадамш, Мәртөк, Шұбарқұдық, Кеңқияқ ауылдарында да базалық станциялар бар. Жалпы облыс аумағында 5G стандартындағы 106 базалық станция жұмыс істейді. Жыл соңына дейін желіні одан әрі кеңейту жоспарланған. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласында қосымша 6 базалық станция, ал Шалқар қаласында 1 базалық станция іске қосылады. Нәтижесінде Шалқар қаласы да 5G желісімен қамтамасыз етіледі, – деді Заманбек Жақсылық. 

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында облыста  172 елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу, сондай-ақ 38 ауылды спутниктік интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған. Басқарма өкілінің айтуынша, бүгінде жобаны іске асыру жұмыстары басталып кеткен. Оның ішінде Мәртөк-Жайсаң учаскесінде және Қобда ауданында талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

– Қазіргі уақытта нысандарды пайдалануға беру мерзімдері нақтыланып жатыр. Бекітілген жоспарлар алынғаннан кейін тиісті мәліметтер жүйеге енгізіледі.

Сонымен қатар жыл соңына дейін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 17 антенна-діңгек құрылысы салынады. Дайындық кезеңі аяқталды. Барлық нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы инвесторлардың сатып алуы аяқталып, қазіргі уақытта құжаттарды беру рәсімдері жүргізіліп жатыр. Тамызда құрылыс басталып, жыл соңына дейін аяқталмақ, – деді ол. 

Заманбек Жақсылықтың айтуынша, интернет және байланыс инфрақұрылымын дамыту жұмыстарымен қатар өңірдің цифрлық басқару жүйесі де жетілдіріліп келеді. Бүгінде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп Ақтөбе облысының аналитикалық орталығы (Regional Data Lake)  жұмыс істейді.  Бұл платформа әртүрлі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден келіп түсетін деректерді біріктіріп, оларды талдауға және басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Аналитикалық орталық өңірдегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді бақылап, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ цифрлық жобаларды іске асыру барысында нақты деректерге негізделген шешімдер қабылдауға жағдай жасайды.

– Өңірлік аналитикалық платформада бүгінгі таңда 10 бағыт бойынша аналитикалық кейс әзірленді. Олар –  өтініштерді талдау, Отбасының цифрлық картасы, облыстағы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саласын, бизнес саласын және индустриялық аймақтарын, экологиялық ахуалды талдау, Ақтөбе облысының мемлекеттік сатып алулары, жылжымайтын мүлік саласын талдау, – деді ол. 

Бірінші кейс Ақтөбе облысының мемлекеттік сатып алуларына арналған. Мемлекеттік сатып алу веб-порталының деректері салықтар туралы мәліметтермен, сондай-ақ «Заңды тұлғалар» және «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорларындағы ақпаратпен толықтырылған. Негізгі панельде 2026 жылы өнім берушілерге төленген қаражат көлемі, шарттар мен өнім берушілер саны, басқа өңірлерде тіркелген компанияларға төленген қаражат, сондай-ақ 2021 жылдан бері төленген салықтар көрсетілген. Заманбек Жақсылықтың айтуынша, мұнда шығыстардың негізгі санаттары, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері және төлемдердің ай сайынғы динамикасы ұсынылған.

– Бұл бөлімде «Өнім берушілердің тіркелген жері», «Өнім берушілер», «Салықтар», «Шарттар» секілді қойындыларда қажетті ақпараттар толық берілген. 

Панель бюджет қаражатының қандай бөлігі өңірде қалатынын, өнім берушілердің қанша адамды жұмыспен қамтып отырғанын және бюджетке қанша салық түсетінін бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жергілікті бизнесті дамыту мүмкіндіктерін айқындауға және мемлекеттік сатып алудың тиімділігін арттыруға көмектеседі, – дейді ол. 

Әлеуметтік саланы талдауға арналған кейсте облыс халқы туралы негізгі мәліметтер, сондай-ақ жасанды интеллект қалыптастырған қысқаша талдамалық шолу мен ұсынымдар көрсетілген. Панель әлеуметтік саладағы жағдайды кешенді бағалауға, қолдауды қажет ететін отбасыларды уақтылы анықтауға және олардың нақты жағдайын ескере отырып, атаулы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Ал Ақтөбе облысының индустриялық аймақтарына арналған кейстегі ақпараттар бос алаңдарды көруге, индустриялық аймақтардың тиімділігін бағалауға және әлеуетті инвесторлармен мақсатты жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.

– Платформаның тағы бір мүмкіндігі – Жібек атты жасанды интеллект аватары. Қазіргі уақытта оған Отбасының цифрлық картасы, «e-Otinish», ББО-109 және «Таза Қазақстан» жүйелерінің деректері қосылған. Жібекке сұрақ қойып, осы деректер негізінде бірден қысқаша әрі түсінікті жауап алуға болады. Алдағы уақытта Жібек жасанды интеллект негізіндегі дербес консультантқа айналады. Жаңа бағыттар қосылған сайын ол сол бағыттар бойынша жедел ақпарат пен аналитика ұсына алады, – дейді З. Жақсылық. 

Басқарма өкілінің айтуынша, өңірлік деректер арнасының тиімділігі салалық басқармалар ұсынатын мәліметтердің толықтығына, сапасына және өзектілігіне тікелей байланысты. Сондықтан, қажетті деректерді толықтыру және оларды тұрақты түрде өзектендіріп отыру керек. Бұл мақсатта «Ұлттық Ақпараттық Технологиялар» АҚ-мен бірлесіп жоба алдындағы зерттеу жүргізіліп, салалық басқармалардың негізгі қажеттіліктері айқындалған. 

Жалпы платформа 130 ұлттық ақпараттық жүйемен интеграцияланған. Алдағы уақытта қажет бағыттар айқындалса, басқа да кейстер қосылмақ. 

М. ТАБЫН
30.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26654
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26087
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43479
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39258
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43883