Әскери қызмет – абыройлы міндет. Осы ұранды өмірлік мақсат етіп жүрген азаматтар қаншама. Солардың бірі – Мият Байсариев.
Мият Бейбітұлы Байсариев 1975 жылы 2 қаңтарда Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Терең Өзек ауылдық округінің Шолаққайыңды ауылында дүниеге келген.
Анасы Медеркүл Манашева он ұл-қыз тәрбиелеп өсірген «Батыр ана», «Алтын алқа» төсбелгілерінің иегері, Денсаулық сақтау саласының ардагері. Әкесі Бейбіт Байсариев Жамбыл атындағы агробірлестігінде кадрлар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Тұрар Рысқұлов ауданының «Құрметті ардагері». Мият Жамбыл орта мектебінде білім алып, 1991 жылы Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернатына қабылданған. Ол жақта Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері институтын тамамдады. 1997 жылы Алматыдағы 61993 әскери бөлімі танк взводы бөлімінің, 2002 жылы танк батальонының командирі, 2005 жылдан кадрлар және саптық бөлімінің аға офицері қызметтерін атқарды.
2011 жылы Тараз қаласындағы 28903 әскери байланыс бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлығына тағайындалды. Жанұясында бес ұл-қызы бар. Ұлының тұңғышы Астанадағы Назарбаев университетінің екінші курс студенті. Мияттың әпке, қарындас, інілері мемлекеттік мекемелердің әр саласында қызмет етеді. Інісі Болат Байсариев Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Қайрат қара шаңырақта ауылдық клубтың меңгерушісі, кенже қарындасы Жұлдыз Қарағанды қаласындағы Республикалық «Достық» білім беру орталығының директоры.
Шектік жасына толуына байланысты Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қатарынан подполковник шенімен запасқа шықты. Ол өзінің жалынды жастық шағын осы әскери өмірге арнады. Қазіргі уақытта ол Тараз қаласында азаматтық өмірін жалғастырып жатыр.
Ұзақ жылдар әскери салада жемісті еңбек еткен Мият Бейбітұлын зейнетке шығуымен құттықтаймыз!
Еңбегіңіз еленіп, құрметті демалысқа шыққан қуанышты күніңіз құтты болсын! Еткен еңбегіңіз бен төккен теріңіз аз емес. Ендігі сол еңбектің зейнетін көріп, ауырмай-сырқамай, балаларыңыз бен жақындарыңыздың ортасында аяулы әке деген атты иеленіп жүре беріңіз! Құрметті демалысыңыз 100 жасқа дейін ұлассын дейміз!