Аспан таулар етегіндегі еңбекқор жандар

Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар

«Ауыл аманаты – ел аманаты»  атты  «Аманат» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Алматы облысында

 

Жамау-жамау жолдар, қонақжай бауырларым

 

 

Кеген ауданына таң атпай келдік. Аудан орталығының үйлері шашырай орналасқан. Адамдар көшелерде бірен-саран болмаса, көбісі ұйқыда жатқан тәрізді. Оқушылар ғана сөмкелерін арқалап мектептеріне асығып барады. Шонжыдан Кегенге тіке жол бар екен. Сол жолмен келген соң ба, бір сағаттан аса уақытта жетіп келдік. Жолда не көрдік? Екі аудан арасындағы жол кедір-бұдыр, ойылып-ойылып кеткен. Әсіресе Шонжыдан шыққан 5 шақырымдық жол Кегенге баратын күре жолға дейін әбден зықымызды шығарды (суретін беріп отырмыз). Біз бір рет қана жүріп өттік. Ал қос аудан тұрғындары өздерінің шаруаларымен күн сайын қаншама мәрте қатынап, қаншама мәрте азап шегеді десеңші! Жергілікті тұрғындар мұны қайта-қайта айтса да, әзірге билік селт етер емес. Кегеннің жолы да жетісіп тұрған жоқ. Жамау-жамау. Секіріп, орғып кететін жерлері жеткілікті. Осындай сәттер апатқа ұшырағандардың барын да естідік. Негізі сонау Нарынқолға баратын жолдарда да жолаушылар азаптанып барады. Айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Бүгін сөзіміздің аңдатпасында осы жайсыз тақырып аясында жайсыз жолды тағы да тілге тиек етуді жөн көрдік.

Берекелі де тарихи шежіреге бай Кеген ауданы таулы аймақ. Әлемдегі ең биік таудың аңғарларында орналасқан. Мұнда не көп, бұлақ көп. Солардың көбісі Кеген өзеніне құяды. Алып сайды өрнектеп бұралаң қаға аққан өзен сұлулықтың символы дерсің. Сондай-ақ осы өзен бұл аймақтың өмір өзегі деуге де болады. Өзеннің екі жағына қоныстанған бай шаруалар, ауылдар малдың басын көбейтіп, ел игілігіне зор үлес қосып жатыр. Бір назар аударатын нәрсе олар мемлекетке алақан жайып көмек сұраған емес. Өздерімен-өздері. Әлбетте, ішінара кейбіреулері мемлекеттік бағдарламалардың аз-мұз қызығын көріп отырғандарын жоққа шығаруға болмайды.

            Экспедициямыздың жұмысы негізінен жаны жайсаң, қонақжай, біздің мақсатымызды жүрегімен түйсінген абзал адамдардың көмектері, қолдаулары арқылы жүріп жатыр. Алғысымыз шексіз. Егер біздің ұшағымыз, машиналарымыз болса, кімге жалынғандаймыз? Онда өзіміз-ақ ауыл-ауылды аралап, өз күнімізді көрмейміз бе? Жоғарыдан нұсқау келсе де, кейбіреулер тосырқай, жақтырмай қарап, әзер илігіп, машинаның, уақыттарының жоқтығын сылтауратып бізді қабылдағысы келмейді. Түсінеміз, жұмыстары көп. Түсінеміз, жиналыстары жетіп артылады. Ау, ағайын, бізге де түсіністікпен қарасаңыздаршы. Біз ұйымдастырған көшпелі экспедиция тек ауылдың ғана жағдайын емес, Президентіміздің, мемлекетіміздің мерейін өсіріп, идеологиялық жұмыстарын насихаттап, халыққа жеткізіп жатқан жоқ па?! Бұл жолы, амал нешік, өзіміздің ескі машинамызбен ілдалдалап жолға шығып кеттік. «Аманат» партиясы мен ауыл шаруашылық бөлімдері жанармаймен қамтамасыз етті.

Сөзіміздің басында Кегенге тым ерте келгенімізді айттық. Кешеден бері «қашан келесіздер?» деп мазалап жүрген азаматқа қоңырау шалдық. Қараторы өңді, қаршығадай қағілез азамат әп сәтте жетіп келді. Жүзінде нұр, сөзінде адамды тартатын жылу бар Жасұлан Өмірзақов деген абзал азамат екен. Жік-жапар болып: «Жүріңіздер, мына жерде ыстық шай бар», – деп, құстың ұясындай шағын кафеге ертіп әкелді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Жәкең күні бойы бізге риясыз қызмет етті. Рақмет, бала-шағасының қызығын көріп, жұмысында абыройы артсын! Ол аудандағы жақсы да игі жұмыстарды көрсетті, ел экономикасын тасытып жатқан жандармен кездестірді.

           

5 тонна қымыз сатқан…

Квота неге бермеді?

           

Бөлексаз ауылы аудан орталығына жақын орналасқан екен. Ауылға соқпай бірден шаңдақ жолмен жусан иісі аңқыған даламен жүйткіте отырып қора-қопсылы қыстауға әп сәтте жетіп келдік. Алыстан көріп келеміз. Қораға қамаулы қой отарының жанында бес-алты адам жұмыс істеп жатыр. Бірі қойды дырылдата сүйреп, екіншілері жабылып кезекті қойды емдеп жатқан сыңайлы. Біз машинадан түсіп сәлем берген соң ғана біразы еңсеріле бұрылып келіп амандасты. Еңсегей бойлы, жүзін күн қаққан ақсақал бізге мән-жайды түсіндірді.

Қойларға екпе салып жатырмыз. Аурудың алдын осылай алмасақ, қойдың ертең қырылып қалуы әбден мүмкін. Сол кезде өкініші көп болады, – деді ол салмақты сөйлеп.

            Ветдәрігерлер ме ол жұмысты атқарып жатқан?деген сауалымызға ақсақал мырс етіп күлді.

        Е-е, өзіміз де ветдәрігерміз. Мұндайға әбден үйренгенбіз.

            Біз жөнімізді айтқаннан соң өзін «Қастер Ақаш» деп таныстырған денесі тығыршықтай жігіт әлгі ақсақалдың кім екенін айтты. Ол кісі әкесі екен. Есімі Ақаш Оңалбек. Сөз саптастарына қарап, шеттен келген қандастарымыз шығар деп ойладық. Дөп түсіппіз. Бізді Ақаш ақсақал мен ұлы Қастер үйге кіруге шақырды. Шағын ғана үй екен. Қыстау үй болып шықты. Дастарқан жайып қойыпты. Үстінде құрт, ірімшік, сары май, жент дейсің бе, самсап тұр. Ұсынақты пысық әйел бар екенін ұқтық. Қастердің келіншегі  Сәмия зыр жүгіріп жүр. Бір-екі қарадомалақ сәлем берді. Үйдің ішінде қымыздың хош иісі жайылып танауымызды қытықтады.

            Мына қара күзде де бие сауасыздар ма?дедік біз таңғалып.

            Жоқ, саумаймыз. Жазымен саудық. Сол жинаған қымызымызды қысымен сақтаймыз. Сіздер осы қымыздан ауыз тиіп жатырсыздар,деді Ақаш күлімсіреп.

            Мына тұрған құрт, ірімшік, сары майды да өздеріңіз жасадыңыздар ма?

             Әрине, өзіміз. Қастердің анасы Ғайша, мына жүрген келініміз Сәния өздері  жасайды.

            Қымызды да өздері сауа ма? Оны сатылымға шығарасыздар ма?

              Сатылымға биыл 5 тонна қымыз шығардық. Сары майды да, құрт, ірімшікті де сатамыз.

            Бұл кісілердің бал қымызын ауыл таласып алады,деді Жасұлан орта жолдан қосылып. Іске мығым болғанмен Ақаш та, баласы Қастер де сөзге шорқақ екен. Бұл бір жағынан қазақы мінез ғой деп ойладық. Дегенмен сұрақ-жауап жалғасты. Әулеттің берекесін келтіріп отырған олардың адал еңбектері. Дастарқаны бай, көңілдері тоқ, көйлектері көк. Төрт түлік малдың қызығын көріп отыр. Үйдің алдында машина да, техникалар да самсап тұр. Әсіресе отбасындағы аналардың қазақтың салт-дәстүрлерін сақтап, ұлттық тағамдарды жасауы бізді қатты сүйсінтті. Өзге аналар үлгі, өнеге алатын нәрсе осы!

            Ақаш бауырым, қашан елге оралдыңыздар?

            2017 жылы келдік.

            Үкіметтің беретін квотасын алдыңыздар ма?

             Квота бермеді. Оған өкінбейміз. Алланың бергенін көңілге медеу тұтамыз, – деді Ақаш ақсақал жымия түсіп.

              Әрі қарай қалай өмір сүрдіңіздер?

            Жерді жалға алып іске кірістік. «Қастер» деген атпен шаруа қожалығын аштық. 30 шақты сиыр сатып алдық. Ангус сиыры мен қазақы сиырды шағылыстырдық. Осылай біртіндеп қой, сиыр, жылқы санын өсірдік.

             «Ауыл аманаты» жобасына қатысыпсыздар.

            Қатыстық. 5 млн 300 мың теңге несиесін алдық. Пайызы төмен екен.

            Содан…

            67 қой, 2 қошқар алдық. Бұйырса қарызымызды өтеп, тағы да алсақ деген ойымыз бар.

             Игілігін көріңіздер. Қанша малдарыңыз бар?

            150 қой, 30 жылқы, 30 сиырымыз қажетімізге жарап тұр.

             5 тонна қымыз сатыпсыздар. Қаншадан бересіздер?

            500 теңгеден.

            І-і-м… Сонда тек қымыздың өзінен 2,5 миллион теңге пайда тауыпсыздар.

            Техникаларың бар ма?

             Қытайдың тракторы, сонымен шөп шабамыз.

             Мемлекеттен «Аманат» жобасынан басқа көмек алдыңыздар ма?

            Былтыр жем-шөпке субсидия алғанбыз. Биыл бермей қойды.

            Қандай көкейтесті мәселелеріңіз бар?

            Ештеңенің қажеті жоқ. Тек жайылым тар. Мемлекет жер берсе жақсы болар еді…

            Қимай қоштастық. Қытайдан Отанына оралған қандастарымыздың аяққа тұрып, өз кәсіптерінің нәсіптерін көріп жатқанына бір жағынан сүйсіндік, бір жағынан қуандық.

           

Үйінен наубайхана ашқан...

Арманы асқақ келіншек

           

«Ауыл аманаты» жобасын алып, өз тірлігін бастап жатқан тағы бір нәзік жанмен кездесуге келеміз. «Өз үйінде наубайхана ашып жатқан келіншекпен таныстырамыз», – деді жолбасшымыз Жасұлан. Еңселі тұрғын үйдің есігін аштық. Кіргеніміз сол еді, нанның хош иісі мұрынды жарды. Талдырмаш келген Айдана Сейітханова деген келіншек пештен тоқаштарды алып жатыр екен.

            Оһо, әдемі болып пісіпті,деп сүйсінгенімізді жасыра алмадық.

            Жеңіздер, ағалар!деп, ол риясыз көңілмен ақ дастарқанға ып-ыстық тоқаштарды қойды. Дәмді де тәтті екен. Сәт өтпей Айдана қып-қызыл болып піскен бөлкелерді де пештен суырды.

             Сұраныс көп. Әзірге күніне 50 дана бөлке пісіріп жүрмін. Тоқаштарға да өтініштер түсіп тұрады, – деді Айдана біздің сұрағымызға жауап беріп.

            Аппаратты қайдан алдың?

            Қытайдікі ғой.

            Әзірге жалғызсың ғой. Тапсырыстарды апаруға кім көмектеседі?

             Күйеуім Жамбыл Нұрғалиев жүргізуші. Сол отағасым көмектеседі. Әне, өзі де келіп қалды.

 Ыржия күлген сұңғақ бойлы азамат біздермен амандасты.

            Қанша балаларыңыз бар?

            Екі қыз, бір ұлымыз бар, шүкіршілік. «Аманат» жобасынан 5 миллион 924 теңге алдым. Алғысымыз шексіз. Бұрыннан армандап жүретінмін. Әкіміміз Айдын Сұлтан арнайы келіп, «осындай жоба бар» деп айтып түсіндіргенде қатты қуандым. Бұл тамаша жоба!

            Бұрын қай жерде жұмыс істедің?

            Ауруханада аспаз болдым.

            Болашақта тағы қандай кәсіп ашпақсыңдар?

Нан дүкенін ашсам деген жоспарым бар…

 

Жоба бойынша 27 миллион….

  Алып су қоймасын жасайтын азамат

 

   Үшінші кейіпкерімізді табу үшін біраз тер төгуімізге тура келді. Күре жолмен зымырап ауыл сыртына тез шыққанмен, Чапаев Әлиасқарбек деген азаматты таба алмай дал болдық. Тақия төбелер ішіне құпиясын бүгіп, арқандай ирелеңдеген дала жолдарын жұтып жібереді де, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің» кебін киеді. Құтырына соққан жел де айдаһардай ысқырып алдымызды шаңдатып, көрсетпеуге тырысқандай.

  – Осы жерде боламын деп пе еді? – деп Жасұлан әкімге қарады.

  – Иә, Әлиасқарбектің екі базы бар. Бірақ қайсысында екенін білмеймін, – деді әкім күмілжіп. Телефон да далалы жерде дұрыс істемейді.

  О-о, әнеки баз! Ұмытпасам, Әлекеңнің базы осы,деді әкім қуана  дыбыстап. Шағын ғана үй. Қора-қопсы, шағын баз. Бірақ тіршілік исі сезілмейді. Шынында да онда ешкім жоқ болып шықты. Машинамен жүйткіп дәу төбенің басына шықтық. Телефон безілдеп қоя берді. Арғы жағынан гүрілдеген дауыс иесі де саңқылдады:

        Сіздерді көріп тұрмын. Мен сіздердің арттарыңызда келе жатырмын…

   Көп ұзамай аппақ жеңіл машина біздің артымыздан ентіге жетті.

     Әй, Чайпайдың ұрпағы, қайда қашып жүрсің?деп Жасұлан әзілдеді. Шынында да Әлиасқарбектің екі базы бар екен. Біреуі біз барған қыстау. Екіншісі әнеу көрінген төбенің арғы жағында. Біз сұхбатты осы төбенің басында алуға ұйғардық. Ұзын бойлы елуді еңсерген жігітіміз жауабын қысқа қайырып тұр.

        Дегенменде мына қонақтарға бір қой қарызсың, – деп әкім қағытты арасында.

 Қарызбын, қарызбын! Оны кімге берейін?деді ол жымиып.

  Жасұланға бересің, – деді әкім Айдын.

  Жағдайымыз жаман емес. Бала-шағаны бағамыз деп, көріп отырсыздар, әрі-бері шауып жүрміз. Мал бағу оңай емес қой.

  Келіннің аты-жөні кім? Қанша балапаның бар?

  Келіншегімнің аты-жөні Элмира Бәйденқызы. 3 қызым бар, шүкір, гүлдей құлпырып өсіп келеді.

  Малмен бірге егінмен де айналысасың ба?

  Иә, 20 бастан аса жылқым бар. 200 бастай қой бағып жатырмын. Айтпақшы, «Береке» атты шаруа қожалық ашқанмын. Шаруашылығымыз егін егумен де айналысады. 10 гектар жерге арпа ектім. Көп жылдық шөп те өсіремін. Бірақ су мәселесі қиын. Шіркін, су ағыл-тегіл болып жатса, егін шаруашылығын өркендетер едім.

   Тура іргелеріңде Кеген өзені ағып жатыр. Содан тартуға болмай ма?

  Оған техника керек қой. Су бассейнін жасасам деген арманым бар. Лизингпен трактор алсам деп жүрмін.

    «Аманат жобасына» қатыстыңыз ба?

  Иә, иә, бұл өте жақсы жоба. Пайызы өте аз. Осы жобамен 27 миллион теңге алдым.

  Оһо, көп алыпсыз. Негізінен несие алушылар тым аз алады ғой. Бие сауасыздар ма?

  Биыл он бес бие байладым. Литрін 500 теңгеден сатып, 3 тонна қымыз өткіздім. Алда жоспарларым көп. Ауылшаруашылығына өзімше зор үлес қосқым келеді.

  Армандарыңа жет! «Еңбек етсең емерсің» дегендей, қиындықтарға шыдап, осылай тынбай жұмыс істесең, әлі-ақ талай биіктерді бағындырасың,деп, біз оған батамызды бердік.

  «Жолдарыңыз болсын!» деп ақ тілегін айтып, еңсегей бойлы, еңбекқор жігіт қол бұлғап қала берді…

  

  Егін шаруашылығының королі…

Қазір механизатор да, шопан да жетіспейді

 

   Біздің аудан негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Егінді аз мөлшерде ғана егеміз. Осы егін шаруашылығында көптен бері тынымсыз еңбек етіп келе жатқан ақсақалымыз бар. Сол кісімен таныстырғым келеді, деді жол-жөнекей Жасұлан.

   Кең аула. Әредікте үлкен баз тұр. Қақпасы шалқасынан ашылған. Біз жақындағанда әлгі баздан 4-5 адам шықты. Машинадан түскенде қунақ  аяңдап келе жатқан арықша келген жүзі жылылыққа толы ақсақалды көрдік.

   «Дүйсен» шаруа қожалығының төрағасы Сағат Оразбаевпын!деді ол бізбен қол алысып амандасқан соң. Таныстықтан соң шамы көмескілеу жанған базға ендік. Алтын дән қоймасы екен. Әне-еу түкпіріне дейін астық үйіліп-үйіліп жатыр. Сәт өтпей Сағат ақсақалға сұрақтар қоя бастадық.

   Шүкір, жарым Света екеуміз 6 бала тәрбиелеп өсірдік. 1 ұл, 5 қыз. 14-15 немерем бар. Зейнет демалысында болсам да, әзірге көштен қалмай келемін.

  Біз Кеңес өкіметі кезінде өмір сүрдік. Ол кезде «қалай күн көреміз, не істейміз?» деген сұрақтар болмайтын. Тәуелсіздік алғаннан соң ол ырғақ бұзылды. Бәрі тас-талқан болып алдымызда адам түсінбейтін күңгірт өмір орнады. Сол кездері сіздің өміріңізде де бір бетбұрыс болғаны анық.

   Иә, бетбұрыс болды. Рас ауылдар тарап, ұжымдардың берекесі  кеткенде сасып қалдық. Бәрі талан-таражға түсіп, бөліске түсті. Амал жоқ, бізге де жаңаша өмір сүруге тура келді. Адамдармен ақылдасып, ЖШС аштық. Мені төраға етіп сайлады. Бұл зор жауапкершілік еді. Қаншама адамдар маған үмітпен қарады.  Сөйтіп, егін шаруашылығының инвестициясын әкелдік. Жер алдық. Егін ектік. Жаңа техника алдық. 10 трактор, бір комбайнымыз болды. Жаман болған жоқпыз.

  Сәке! Егін шаруашылығын осы күнге дейін тастамай жалғастырып келе жатырсыз ба?

   Жалғастырып келемін. Қазір 350 гектар егістігім бар. Шабындығым 100 гектар, 300-дей қой, бір үйір жылқым бар. 3 тонна қымыз саттым.

  Ақсақалымыз тұқым шаруашылығын кеңінен өркендетіп келеді. Бүкіл ауданды, тіптен көрші аудандарды да тұқыммен қамтамасыз етеді. Солай емес пе?деді Жасұлан сөзге араласып.

   Солай. Арпа, бидайды өсіріп, өзгелерге тұқымдыққа беремін. Басқа жерлерден де тұқым алып отырамын. Былтыр астықтың бағасы 100 теңгеден еді. Биыл 70-80 теңгеге түсіп кетті. Бұл тиімсіз баға.

  Сәке, көпті көрген, осы егін шаруашылығының мән-жайын терең білетін мамансыз. Қандай көкейтесті мәселелер бар?

  Қазір механизатор, малшы жетпейді. Жастарға мемлекеттен берілетін жәрдемақы зор зиянын тигізіп жатыр. Ауылда осы жәрдемақыны алып, қарнын сипап жатуды олар әдетке айналдырды. Жұмыс істегісі келмейді. Тепсе темір үзетін жігіттер қарауыл болып көше сыпырып жүр. Намыстанасың.

Екіншіден, ауданымызда аяқ су мәселесі қиын. Арықтар тазаланбай жатыр. Жылда «Жоба жасалды. Енді су мәселесі шешіледі» деп уәде береді. Бірақ бұл құрғақ уәде күйінде қалады. Үшіншіден, субсидия алу мәселесі қиындап кетті. Жұрт диқаншылықпен айналысқысы келмейді. Олардың проблемасын жоғары жақ дұрыс шешпей отыр. Ауылшаруашылығын, оның даму барысын білмейтін жоғары жақта, министрлікте адамдар жұмыс істейді. Ол жаққа нағыз мамандар келгенде ғана ауылшаруашылығы дамиды.

Ұйғыр ауданында

 

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы, «АMANAT» партиясындағылар дұрыс түсіндірмеген болу керек, осы аудандағы азаматтар бізді таңырқай қарсы алды. «АMANAT» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Болатұлы да, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Садықов та біздің мақсатымызды түсінбеген. Біз экспедициямыздың мақсаты мен міндеттерін сараптап түсіндірген соң ғана барып олар кешірім сұрап, дереу іске кірісті. Бізге Нұрсұлтан мен Бауыржанның өз істерін жетік білетіндігі және шынайылығы, белсенділігі ұнады.

    

Ауыл үшін қажетті өнеркәсіпорын

 

  Біз Шонжы қаласының сыртына қарай шыққанда жаңбыр себелеп, жаууын үдетті. Дегенменде бетон, шебен, уатылған құм шығаратын зауыт ұжымы табиғаттың бұл мінезіне дес бермей жұмыс істеп жатыр. Техникасы Қытайдікі. 3 миксер, 3 самосвал машиналары бар. «Жұмыс, әрине, тапсырысқа байланысты» деді «Біз сұңқар» филиалының жетекшісі Ялпунжан Айпаров.Осында істегеніме бес жыл болды. Жұмысымыз жаман емес. Он төрт адам жұмыс істейді. Біздің шығарған өнімімізді әсіресе ауыл тұрғындары алады. Солардың тапсырыстарын орындаймыз. Өнімдеріміз басқаларға қарағанда арзандау.

  Шынында да қазір ауылдарда еңселі үйлер бой көтеріп келеді, жолдар салынып жатыр. «Біз сұңқардың» өнімдері оларға қажет-ақ.

 

   Оқушыларының 80 пайызы ұйғыр, 15 пайызы қазақ…

Директор Алексейдің игі ниеті

 

   Біздің экспедициямыздың құрамына биыл Оқу-ағарту министрлігі де кіргенін сіздер жақсы білесіздер. Әлбетте, біз бұрын да ауыл мектебі жайлы әр экспедициямыздың әр сапарлары сайын кеңінен жазып келеміз. Биылғы экспедиция сапарларында да талай мектептерде болып, ұжымдарымен, балалармен кездестік. Әрине, біз қазақ тіліндегі ұлттық басылым болған соң, қазақша мектептерге баратынбыз. Бұл жолы Нұрсұлтан мен Бауыржан бізді орыс мектебіне қарай алып келе жатты.

  Орыс мектебінен кездесуді бекер жоспарлапсыздар. Бізге қазақ мектебі ыңғайлы еді ғой,дедік біз ренішімізді білдіріп.

        Оларға айтып қойдық қой, аға. Енді бара көрелік, – деді Бауыржан ыңғайсызданып.

  Келдік. Үлкен 3 қабатты мектеп. Қарап келеміз. Кілең қаракөздер.

Ау, мына жерден бір орыс баласын көрмей келеміз. Шатасып қазақ мектебіне келген жоқпыз ба? дедік. Жо-жоқ орыс мектебі екен. Бойы сырықтай, орыс азаматы қарсы алды.

  Абрамов Алексей Николаевич №1 орыс орта мектебінің директоры,деп таныстырды Нұрсұлтан. Орысша шүлдірлеп едік, Алексей қазақша сөйледі. Ішіміз жылып қалды. Оның кабинетінде отырып сұхбаттастық. 1984 жылғы ескі мектеп екен. 2008 жылдан үш ауысыммен оқиды. 176 мұғалім сабақ береді. Оның ішінде тәжірибелі, атақтары барлары жеткілікті. 89 түлек «Алтын белгімен» бітірген. Мектептің табыстары мен жетістіктері ұшан-теңіз.

 Менің арманым мектебімізді Ыбырай Алтынсариннің атымен атау,деді Алексей қызулана сөйлеп.Қазір құжаттары әзірленіп жатыр. Ол кісінің туған өңірі Қостанайға барып қайттым. Қабырғалардағы картиналардан байқаған шығарсыздар, Ыбырай атамыз жайлы көрнекі құралдар іліп қойдық.

  Бұл жақсы бастама екен. Жалпы мектеп оқушыларының ұлттық құрамы қалай?

   Мектебіміз математикалық жағынан басымдықпен оқытылады. Сондықтан мұнда ата-аналар балаларын қуана-қуана әкеледі. Оқушыларымыздың 80 пайызы ұйғыр, 15 пайызы қазақ.

  О-о, сонда 5 пайызы ғана орыс па? Сізге басқаруға бұл қиындық тудырмай ма?

  Жоға-а! Қазақ, ұйғыр балаларында үлкенді сыйлау деген сияқты жақсы қасиеттер басым. Ал орыс балалары тік мінезді болып келеді.

   Оқушылардың қазақшасы қалай?

        Бәрі қазақша сайрап тұр. Мұны кез келген сыныпқа кіріп, сұрасаңыз білесіз.

  Алексей біздің газет-журналымызға жазылуды насихаттауға шынайы түрде уәдесін берді.

   Ибрагимова Назгүл атты мұғаліммен таныстық. Оның робот жасайтын балалары бәйгеден-бәйге алып жүр екен. Жақында Сингапур, Қытайдан жүлделі орындармен оралған. Әрине, робот жасаудың қиындығы мол. Жақсы роботтар жасау үшін қомақты қаржы керек. Назыгүл бұл қиындықтарды жеңуге кәсіпкерлердің көмектесіп жатқанын айтты.

  Ұйғыр ауданы білім бөлімінің бас маманы Қарлығаш Тоқтарбайқызы біздің келе жатқанымызды естіп осында келіпті. Ауданда 31 мектеп бар. Оның тоғызы таза қазақ тілінде болса, екі мектеп ұйғырша, 1 орыс мектебі жұмыс істейді. Қалғаны аралас.

  Әр клуб бөлмесінің өз атаулары бар. Өтеген Сейітқұл атындағы Прокурордың жас көмекшілері клубына кіріп, оқушылармен таныстық. Шынында да олар қазақ тілінде сайрап тұр. Біз мектептен риза көңілмен аттандық.

 

  «Шағын дүкенді болашақта үлкен дүкенге айналдырамыз»

 

  Шағын ғана дүкенге кірдік. Бұл кезде қараңғылық қоюланып, жаңбыр төпелеп жауып тұрды. Дүкен енді жасақталып жатқан соң ба, әлі де сөрелерінде заттар аз. Шаруа қожалықтың төрағасы Ермашов Илтимас жас жігіт екен. «Аманат жобасынан» 8 млн 620 мың теңге қарызға алып, жұмысына құлшына кірісіп жатыр. Жаңа тоңазытқыш сатып алған. Тоңазытқышы бар үлкен машиналары да бар. Жалпы әкесімен бірлесе жұмыс істеп жатқан кәсіпкердің алға қойған игі мақсаттары көп. Біз оларға табыс тіледік.

 

  Кәсіпкерлерге арналған мемлекетіміздің 100 бағдарламасы бар…

 

   Сонымен екі ауданда болдық. Қай жерге барсаң да еңбек көрігі қызып тұр. Отанымыздың байлығын арттыруға деген қарапайым жандардың ниеттері, армандары таудай биік, алға қойған мақсаттары берік. Осы жолда мемлекетіміз халқымызға зор қамқорлық жасап жатыр. Президентіміз Жолдауында айтқандай, кәсіпкерлері үшін мемлекетіміздің жүзден аса бағдарламалар бар. Еңбек адамдары осы игіліктердің барлығын пайдаланып жатыр ма? Әрине, жоқ. Сондықтан арнаулы мамандар біздің экспедициямыздың сапында тұрып оларды халыққа насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет-ақ.

  Екі ауданның әкімдері бізді қуана қабылдап, жақсылықтарын, жетістіктерін жеткізіп жатты. Біз биыл газетімізде Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев пен Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізовамен кеңінен сұхбат алып жарияладық. Яғни газетіміздің екі ауданмен байланысымыз жаман емес. Бірақ соңғы жылдары жазылу мәселесі аса мандымай тұр. Осы мәселе бойынша айтқан өтінішімізді олар қабыл алды. «Балапанды күзде санайды» дегендей, алдағы уақытта нәтижесін көре жатармыз.

 

Көкейтесті мәселелер:

*Кеген мен Шонжы арасындағы жол жамау-жамау.

*Мал саны өсіп келеді. Бірақ жайылым тарлық етіп жатыр дейді ауыл тұрғындары.

*Қазір механизатор, малшы жетпейді. Жастарға мемлекеттен берілетін жәрдемақы зор зиянын тигізіп жатыр. Ауылда осы жәрдемақыны алып, қарнын сипап жатуды олар әдетке айналдырды. Жұмыс істегісі келмейді.

Екіншіден, ауданымызда аяқ су мәселесі қиын. Арықтар тазаланбай жатыр. Жылда «Жоба жасалды. Енді су мәселесі шешіледі» деп уәде береді. Бірақ бұл құрғақ уәде күйінде қалады. Үшіншіден, субсидия алу мәселесі қиындап кетті. Жұрт диқаншылықпен айналысқысы келмейді. Олардың проблемасын жоғары жақ дұрыс шешпей отыр. Ауыл шаруашылығын, оның даму барысын білмейтін жоғары жақта, министрлікте адамдар жұмыс істейді. Ол жаққа нағыз мамандар келгенде ғана ауылшаруашылығы дамиды.

*Мемлекетіміздің кәсіпкерлерге арналған бағдарламалары жеткілікті. Өкінішке қарай, біздің кәсіпкерлеріміз сауатсыз. Осы бағдарламаларды пайдаланса, зор табыстың көзі ашылар еді, шіркін!

 

 

         

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы
13.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 18
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 564
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 679
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 591
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 602

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8736
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8138
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11367
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9120
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10351