Бүгін елордада салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында ауқымды велошеру өтті. Шараға полиция қызметкерлері, қала тұрғындары мен қонақтарды қоса алғанда 800-ге жуық адам қатысты.
Велошеру қатысушылары спорт пен денсаулықты насихаттауға бағытталған бастаманы қолдап, елорда көшелерімен жүріп өтті.
Іс-шара басталар алдында тіркелген қатысушыларға лотерея билеттері таратылды. Іс-шара қорытындысы бойынша өткізілген ұтыс ойынында 10 қатысушыға велосипед табысталып, олар бағалы жүлденің иегері атанды.
Аталған шара Астана қаласы әкімдігінің, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының, сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастарды спортпен шұғылдануға ынталандыру, салауатты өмір салтын дәріптеу және қоғамда есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру.














