«Республикалық және аймақтық баспасөз:
Газеттердің ахуалы мен әлеуеті» атты дөңгелек үстел ұйымдастырған
Ұлттық кітапханаға алғысымыз шексіз!
Өткен аптаның жұмасында ҚР Ұлттық кітапханасында «Кітап Time 2026» жобасы аясында «Республикалық және аймақтық баспасөз: газеттердің ахуалы мен әлеуеті» атты тақырыппен дөңгелек үстел өтті. Бұл шараға газет-журнал бас редакторлары, журналистер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және оқырмандар қауымы қатысты.
Дөңгелек үстелді жазушы, ҚР Ұлттық кітапханасының ғалым хатшысы Қанат Алтынбек жүргізіп отырды. Дөңгелек үстелдің пердесін ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстан кітапханалар одағының төрайымы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ғазиза Нұрғалиева ашты. Ғазиза Құдайбергенқызы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілеті туралы тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау бағытындағы қаулысын тілге тиек ете отырып, газет-журнал мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Ұлттық кітапхана басшысы жыл сайын газет-журналдарды жаздырып алуға барынша тырысып, осы мәселеге қаржының аз бөлінгеніне қарамастан барлық басылымдарды қамтуға өте жауапты қарайтынын жеткізді. Әсіресе мемлекетіміздегі бас кітапхана басшысының күнделікті шығатын газет-журналдардың барлығын оқуға уақыт табатыны бізге қатты ұнады.
Содан кейін іле-шала сөйлеген халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы, жазушы Ертай Айғалиұлы осы шараны ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғысын жаудырды. Әсіресе ол дөңгелек үстелдің тақырыбының қазақ баспасөзінің бүгінгі хал-жағдайына үндесіп отырғанын айтты.

«Біз бұл мәселені 2020 жылы пандемия кезінде көтердік. Осы қиын да ауыр шақтың басталғанына дабыл қағып, қазақ баспасөзі мерзімді басылымдардың басшыларын, басқа да әріптестерімізді шақырып, жинап дөңгелек үстел жасадық. Ол дөңгелек үстелге сонымен қатар «Қазпошта» басшыларын да қатыстырдық. Сөйтіп «Қазақ баспасөзіне қауіп төніп тұр!» деген тақырып аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдадық. 2022 жылы газетіміздің мерейтойында конференция жасап, тағы да ел басшысына хат жолдадық. Одан кейінде бұл өзекті мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Әріптестеріміз де, біз де дүркін-дүркін бұл мәселені көтеріп отырдық. Бұған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі назар аударды. Министрлер БАҚ басшыларымен бірнеше рет кездесіп, талқыланды. Көптеген мәселелер жүзеге асты, заң шықты. Әлбетте қазақ басылымдарының жағдайы бұдан кейін біржолата жақсарып кете қойған жоқ. Басылымдардың таралымы азайған үстіне азайды. Қаржылық мәселесі қиындай түсті. Рас, төл министрлігіміз мемлекеттік тапсырыс мәселесін біршама жолға қойды. Бірақ ол бөлінген қаржылар қымбатшылықтың дәргейіне жетімсіз болып жатты. Әсіресе бізді қынжылтатын және баспасөзімізді тұралатып тұрған үш қиын мәселе бар. Біріншісі – «Қазпоштаның» тарату тарифін жыл сайын қымбаттатуы қабырғамызға аяздай батып отыр.
Екіншісі – басылымдардың баспаханада басылу бағасының қымбаттауы.
Үшіншісі – «Жазылуға мәжбүрлемеңіздер!» деген жоғары жақтан шыққан сөздің өмірімізде кеңінен жүзеге асып, осының салдарынан бюджет мекемелерінің газеттерге жазылуына есіктерін тарс жабуы. Бұл көкейтесті мәселелердің айтылуында кемшілік жоқ. Бізді қынжылтатыны әзірге бұл мәселелер шешілмей тұр. Қайта күн санап қазақ баспасөзінің жағдайы қиындап, осының кесірінен көптеген басылымдар жабылып та жатыр. Бұл үлкен қасірет деп білемін. Енді міне тағы да баспасөзге жазылу науқаны басталғалы тұр. Министрлігіміз алдыңғы жылы жақсы бастама көтерген. Үлкен шара ұйымдастырып, редакция басшыларын облыста оқырмандармен кездестірген. Осы бастама әрі қарай жалғасуы керек еді. Жалғаспады. Әзірге тұйыққа тіреліп тұрмыз. Министрлікке келген жаңа басшымыз Айдар Қырықбаев мырза осы көкейтесті мәселеге жаңаша көзқараспен қарап, біздің талаптарымызды дұрыс жолға қояды деген үміттеміз».
Балалар газетінің «Ұланның» бас редакторы Жадыра Нармаханова, «Ақжелкен» журналының бас редакторы Балжан Мұратқызы, «Балдырған» журналының бас редакторы Ерғали Бақаш өздерінің пікірлерінде осы айтылған мәселелер төңірегінде ой-толғамдарын ортаға салды. Әсіресе олар да мектепке кіре алмай қалғанын баса айтты. Ең болмаса насихат жүргізейік деп жалынып-жалбарынып барып мектептерге кіріп жүргенін журналистер ренішпен жеткізді. Сондай-ақ олар газет-журналдардың сапасын жақсартуда. Күн тәртібінен түсіруге тырысу қажеттігін де жеткізді.

Белгілі этнограф, журналист-жазушы Тынышбек Дайрабаев ағамыз газет-журналдарға жазылу бұрын да қиын болғанын, қазір де тіптен қиындап кеткенін жанашырлықпен айтып, ойларын ортаға салды. Ол әсіресе мемлекеттік тапсырыстың басылымдардың сапасын түсіретінін, сондай-ақ бұл оқырмандардың азаюына әкеліп соғатынын қынжыла айтты. Облыс әкімшіліктері баспасөзге жазылу науқаны кезінде тізіп жасайтынын, ол тізімнен көптеген басылымдардың тысқары қалатыны туралы шындықты жайып салды. Ол кісі осы тізім мәселесіне Мәдениет және ақпарат министрлігі мән берсе деген ұсынысында ортаға салды.
«Газет – біздің өмірімізге өте қажет рухани дүние. Ғаламтор деген сынап сияқты. Бірде бар, бірде жоқ. Ол оқырманға шынайы мәлеметтерді, ақпараттарды нақты бермейді. Ал баспасөзде нақты дәлелдермен жазады. Біз осыны ескеруіміз қажет. Мен Ертай Айғалиұлының әрбір кітапхана бір-бір газет-журнал жазылса деген ұсынысын қолдаймын. Кітапхана – рухани орталық. Мен осы кітапхананың тұрақты оқырманымын. Күн сайын келіп бірінші кезекте жаңа газет-журналдармен танысып шығамын. Яғни оқырман баспасөзден қол үзген жоқ. Оқырманды оқуға мәжбүрлеу керек. Онсыз болмайды. Кітап оқу алдымен осы газет-журналды оқудан басталады. Әсіресе біздің болашағымыз – балаларды, жас ұрпақты баспасөзді оқытуға үйретуіміз қажет. Бұл рухани дүниеміздің басты талаптарының бірі болуы тиіс!» – деді ғалым Дандай Ысқақов өз ойын ортаға салып.
Сөз соңында осы шараны ұйымдастырған Ұлттық кітапхана қызметкерлеріне тағы да алғыс айтамыз. Олардың айтуынша, бұл шараға көптеген бас редакторларды, журналистерді шақырған. Баспасөзге жазылу науқанының алдында осындай ұйымдастырылған шараға бір кісідей келіп, ойларымызды ортаға салуымыз өте қажет еді. «Ол кісілерді таралым мәселесі алаңдатпайтын сияқты» деген дөңгелек үстелдің модераторы Қанат Алтынбектің әзілінде шындық бар ма деп қалдық. Әйтпесе неге олар келмеді? Сондай-ақ бұл шараға Мәдениет және ақпарат, Оқу министрліктерінен, «Қазпоштаның» өкілдері келсе, нұр үстіне нұр болар еді деген ой келді. Біз төменде кезінде өздері қол қойған Президентіміз Қ.Тоқаевқа арналған хатымызды жариялауды жөн деп таптық. «Илегеніміз бір терінің пұшпағы» дегендей, әріптестеріміз бұл мәселеге түсіністікпен қарап, қолдайды деген сенімдеміз. Сондай-ақ Қазақстандағы облыстық, қалалық, аудандық газеттерінің бір топ басшылары атынан Абай облыстық «Абай аймақ» медиахолдингтің жетекшісі, Қазақстанның Құрметті журналисі Риза Молдашеваның ашық хатын да жариялап отырмыз.
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның назарына
Ұлт руханиятының қайнар көзі – қазақ баспасөзі қолдауға зәру
Қазақ баспасөзі – қазақ руханиятының жоқтаушысы, басты жанашыры. Қазақ баспасөзі – билік пен халықтың арасындағы алтын көпір. Қарапайым халық басына қауіп-қатер төнгенде, діттеген ісі жүзеге аспай, ешкімнен қайыр, көмек болмағанда жанайқайын айтып БАҚ-қа жүгінеді. Ұлттық, мемлекеттік мүддені шынайы түрде қорғап шырылдайтын да, батыл түрде көтеретін де қазақ баспасөзі. Иә, ұлттық, халықтық мүдде сынға түскенде ең алдымен шырқырап ара түсетін де, жазатын да, тілін де жан аямай қорғап жүрген Қазақ баспасөзі екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Соңғы онжылдықта, әсіресе пандемия кезінде және одан кейін қазақ баспасөзінің жағдайы күрт нашарлады десек, қателеспейміз. Ең бастысы газет-журналдардың таралымы азайды. Алаш қайраткері Міржақып Дулатов сонау жиырмасыншы жылдары «газет шығару оңай емес» деп дабыл қаққан. Қазір де таралымы азайған газет-журналдардың жағдайы қиындап, тығырыққа тіреліп отыр. 2020 жылы газетіміздің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы осы қиын да ауыр шақтың басталғанына дабыл қағып, қазақ баспасөзі мерзімді басылымдардың басшыларын жинап дөңгелек үстел жасауға мұрындық болды. Дөңгелек үстелге қатысушылар «Қазақ баспасөзіне қауіп төніп тұр!» деген тақырып аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады («Qazaqstan dauiri» газетінде №36 (1319) 10 қыркүйек 2020 жыл тышқан жылы жарияланды).
Одан кейін де бұл өзекті мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Әріптестеріміз де, біз де дүркін-дүркін осы мәселені қаузап көтеріп отырдық. 2022 жылы «Qazaqstan dauiri» газетінің мерейтойында жиналған мерзімді басылымдардың басшылары, қоғам қайраткерлері тағы да осы мәселеге оралып, «Қазақ баспасөзі: бүгін және ертең» деген тақырыппен ел Президентіне ашық хат жолдадық. Содан кейін 2023 жылы қазақ баспасөзі мерзімді басылымдардың ондаған басшылары, қоғам қайраткерлері, газет жанашырлары Астанада бас қосып, «Ұлттық мүдденің жоқтаушысы – қазақ баспасөзін қолдау керек» деген тақырыппен тағы да Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады (Ашық хат «Qazaqstan dauiri» газетінде № 9 (1439) 2 наурыз 2023 барыс жылы жарияланды).
Шындығын айту керек, бұл өзекті мәселеге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі назар аударып, сол кездегі министрлер БАҚ басшыларымен бірнеше мәрте кездесіп, талқылады. Көптеген мәселелер жүзеге асты, заң шықты. Алайда қазақ баспасөзінің жағдайы біржолата жақсарып кете қойған жоқ. Биылғы жылы өткен журналистер күні мерекесі қарсаңында осы мәселеге көптеген журналистер үн қосып, қозғау салды.

ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМДАРЫ
БАСШЫЛАРЫНЫҢ ҮНДЕУІ
Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Әрқашанда сіз баспасөзге қолдау көрсетіп, қамқорлық жасап келесіз. Журналистердің мерекесінде өзіңіз арнайы шақырып, Ақордада марапаттар тапсырып, жылы лебізіңізді білдіресіз. Бұл журналистер қауымына зор рух береді. Әсіресе соңғы жылдары баспана мәселесінде көмектесіп, жүздеген журналистерді қуанышқа бөледіңіз. Өзіңіз білесіз, қазақ баспасөзі осы көрсеткен ілтипатыңызға, қолдауыңызға орай бұрын да, қазір де жанкештілікпен жұмыс істеп, мемлекетіміздің гүлденуі мен өркендеуіне зор үлес қосып, халық пен биліктің арасында алтын көпір болып келеді. «Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымыздай, бұл мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне жауап қатуы деген сөз емес. Бұл ең алдымен билік пен қоғам арасындағы диалог» деп Жолдауыңызда айтқандай, алдағы уақытта да осы парызымыз пен міндетімізді орындай береміз.
Сол алтын көпір Қазақ баспасөзінің жағдайы қазір аса мәз емес. «Қазақ баспасөзіне зор қауіп төніп тұр!» деген тақырыпта Қазақ баспасөзі мерзімді басылымдарының басшылары кезінде онлайн дөңгелек үстел жасап, өзіңізге ашық хат жолдағанбыз. (Дөңгелек үстел 20 ақпанда («Qazaqstan dauiri» №36 (1319) 10 қыркүйек 2020 жыл тышқан жылы Әлеуметтік желіде: https://www.elana.kz/qazaq-baspasozine-zor-qauip-tonip-tur/ «ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНЕ ЗОР ҚАУІП ТӨНІП ТҰР!») өткенмен, қатыспай қалған мерзімді басылымдардың басшыларымен онлайн байланыс арқылы жалғасты https://qazdauiri.kz/?p=16721). Одан аса нәтиже болған жоқ. Рас, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Алматыға арнайы келіп, біздің өкілдермен кездесті. Біраз мәселелер шешілді. Алайда таралымымыз азайып, жағдайымыз одан әрмен нашарлай түсті. Егерде осылай кете берсе, Қазақ баспасөзінің халықпен байланысы нашарлап, онсыз да қатары селкеуленіп қалған басылымдар жаппай жабылуы әбден мүмкін. Сондықтан Қадірлі Президент мырза, Қазақ баспасөзін өз қамқорлығыңызға алуыңызды өтінеміз.
Қазір ел ішінде «Газеттің болашағы жоқ» деген негізсіз пікір кең тараған. Алайда, адамзат өзі жоғалтып алған құндылықтарды белгілі бір уақыт кезеңінде қайта іздей бастайтынын тарих әлдеқашан дәлелдеп қойған. Интернет желісі өте жақсы дамыған, ақпараттық технологияның көш басында тұрған алпауыт елдерде миллиондаған газет-журналдың таралуы және оқылуы – осының айғағы. Сіздің Жолдауыңызда айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалыптастыру бағытында БАҚ саласына жүктелетін міндет зор. Қоғамдағы ашықтықты қамтамасыз ету, бұқара мен билік арасында алтын көпірге айналу, қордаланған мәселелерді сыни тұрғыдан сараптау – бізге қойылып отырған бүгінгі күннің талабы.
Ғаламтор, әлеуметтік желі әсерлерін айтпағанда, соңғы кездері әкім-қаралар, мектеп директорлары, басқа да мемлекеттік қызмет саласындағылар «Баспасөзге жазылуға мәжбүрлемеңіздер!» деген желеу айтуы салдарынан мерзімді басылымдарға теріс көзқарас қалыптасты. Баспасөзді оқымау надандыққа, бейжайлылыққа, рухани жаңғырмауға, сауатсыздыққа деген тікелей жол салу деп білеміз. Өркениетті, дамыған мемлекеттерде мұндай теріс көзқарас мүлдем жоқ. Оларда газет, журнал оқу мәдениеті әрқашанда жоғары. Қазір ақпаратқа деген халықтың сұранысы артып отыр. Мерзімді басылымдарға қаржылай және рухани жағынан олар қамқорлық жасап отырады. Ол мәселені шетелдерде көп зерттеген сіз жақсы білесіз. Баспасөзге жазылу науқаны алдында қайтадан өзіңізге хат жазуға мәжбүр болып отырмыз. Бұл хатымыз нәтижесіз, аяқсыз қалмайды деп сенеміз. Біз мерзімді басылымдардың таралымын көбейтудің және басқа да көптеген көкейтесті мәселелері жөнінде өтінішімізді өзіңізге жолдап отырмыз.
1. Басылымдардың, соның ішінде қазақ газет-журналдарының таралымын көбейтуге еліміздегі кітапханалар жүйесі айрықша ықпал етеді. Нақты санын айтар болсақ, 11 мыңдай кітапхана бар. Оның сыртында мектептерде де 7 мыңдай кітапхана жұмыс істейді. Оларға қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарды жаздырып алуға бөлінетін қаржыны Үкіметіміз көбейту керек. Бір-бірден жазылғанның өзінде тек кітапханалар жүйесі арқылы таралымымыз 18 мыңға жетер еді. Осы мәселеге өзіңіз тікелей ықпал еткеніңізді қалаймыз. Себебі бұл жол халықпен байланысудың нақты да сара жолы.
2. Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан «Ақпараттық-сараптамалық комиссия» құрылса жөн болар еді. Сонда ол комиссия бізбен тікелей жұмыс істер еді. Журналистердің Бірлестігі немесе Ассоциациясы құрылып, барлық талаптарымыз осы қоғамдық ұйым арқылы шешілсе деген өтінішіміз бар. Сондай-ақ қазақ басылымдарының қажетін қамтамасыз ететін қор ашылса, нұр үстіне нұр.
3. Қазір мемлекеттік тапсырыс мәселесі шешіліп келеді. Дегенмен басылымдардың шығынын өтей алмайды. Оның сыртында тапсырыс берілгенде газет-журнал таралымы жөніндегі шарты алынып тасталып, дотация беру жағын қарастыруға ықпал етсеңіз дұрыс болар еді. Әсіресе мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдеткен жөн. Мәселен бұрын мемлекеттік тапсырысты алу үшін таралым (газет) саны 10 мыңнан кем болмауы тиіс болатын. Бұл санды соңғы кездері 5 мыңға азайтты. Мұның өзі де бізге ауыр жүк болып тұр. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, «Баспасөзге жазылуға мәжбүрлемеңіздер!» деген бұйрық шыққалы басылымдардың таралым саны күрт азайып кетті. Облыстардан, министрлік тарапынан тапсырыс көлемі арттырылса және ол конкурстан тыс болғаны жөн. Ол сонда бүгінде қиындық қыспағында қалған қазақ басылымдарына оң ықпал етері даусыз. Сондай-ақ, өңірлерден мемлекеттік тапсырыс алуда бір жүйеге көшсе. Өңірлер тапсырыс көлемін ұлғайтып, 20-30 беттен (А2) асырмаса кем қылмайды. Бұл газетіміздің мазмұнының төмендеуіне зор әсер етеді. Соңғы жылдары кейбір облыстар шығатын материалдарды қазақ және орыс тілінде беруді талап етіп отыр. Бұл мемлекеттік тапсырысты бермеудің амалы ғой деп отырмыз.
4. Кеңес өкіметі кезінде мерзімді басылымдар арнайы ғимарат орындарымен қамтамасыз етілді. Мәселен, республикалық деңгейде «Дәуір кешенді баспасы» үйі болды. Онда газет-журналдардың редакция ғимараты, арнаулы баспахана, спорт залы, мәдениет үйі бар болатын. Жекешелендіру кезінде республикалық басылымдардағы журналистердің маңдай тер қаржысымен салынған осы кешенді Баспа үйі әлдекімнің меншігі болып кетті. Сондықтан да бұл мәселе қайта қаралып, өзімізге қайтарылуы қажет. Немесе жаңа Кешенді Баспасөз үйлері Астана, Алматы қалаларында бой көтерсе құба-құп болар еді. Осыған ықпал етуіңізді сұраймыз. Себебі газет журналдардың кеңсе, баспанасы өте қымбат. Әсіресе бұл тәуелсіз басылымдарға өте ауыр екенін жеткізгіміз келеді.
5. Газет-журналдарды таратуға «Қазпошта» қызметі айрықша үлес қосады. Өкінішке қарай, бүгінде оның жер-жердегі мыңдаған бөлімшелері дұрыс жұмыс істей алмай отыр. Бұл газет-журналдың уақытында бармауы баспасөзге деген көзқарастың теріс болуына ықпал етуде. Пошта тасушылардың еңбекақылары мүлде төмен. Соның көлемін ұлғайту үшін аудандардағы пошта қызметкерлерінің еңбекақысын жергілікті бюджетке енгізген өте дұрыс жол болар еді. Сонда олар ауыл әкімдігінің құрамындағы қызметкерлер қатарына еніп, күнделікті пошта жұмысын Кеңес үкіметіндегідей қалыпқа келтірер еді. «Қазпоштаның» қызметі, газет тарату бөлімдерінің қызметтері биыл өте қымбаттап, шарықтап кетті. Сондай-ақ баспахананың басу және қағаз бағасы да уақыт өткен сайын қымбаттап барады. Бұл қымбатшылыққа «Егемен Қазақстаннан» бастап барлық басылымдар наразылығын білдірді. Бірақ бұл әлі өз нәтижесін берген жоқ.
Ең бастысы мәселелердің бірі «Қазпошта» АҚ өткен жылдардан бері басылымдарын тарату тарифін үнемі көтеріп келеді. Тасымалдау құнын 17 теңгеден 41,7 теңгеге дейін аспандата көтерді. Бұл тарифтің 2,45 есеге, яғни 145 пайыздан астамға қымбаттауы. Биыл тағы да 5 теңге қымбаттатылды. Бұл және баспахананың бағасының өсуі министрлік бөлген қаржы біздің қажетімізге толыққанды жетпеуіне әсер етіп отыр.
6. Газет-журналдарға салынатын қосымша құн салығы мүлде алынып тасталғаны да біздің жұмысты жандандыруға ықпал етеді. БАҚ-тың жаңа заң жобасында осындай жақсылық бар деп естідік. Өңірлік әкімшіліктер мемлекеттік тапсырысты алалап барып, неғұрлым бермеуге тырысады. Соңғы мемлекеттік тапсырыс талабы тіптен сорақы болып кетті.
7. Қазір нарық заманы болғандықтан, газет-журнал сататын дүңгіршектер жұмыс істегені жөн. Тіпті, Алматы мен Астана қалаларының өзінде де дүңгіршектер жоқтың қасы. Осы мәселені де назарға алып, әрбір облыс орталығында дүңгіршектерді қайта өмірге әкелуге ықпал етуіңізді сұраймыз. Қазіргі дүңгіршектерге өнімімізді өткізгіміз келгенмен, олар да өз бағаларын шарықтатып отыр.
8. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен бекітілген ережеге сай еліміздің барлық облыстарында және республикалық маңызы бар қалаларда мемлекеттік тапсырысты ұйымдастыру облыстық ішкі саясат басқармасының құзіретіне берілгендігі ақпарат құралдарына біршама қиындықтар тудыруда. Өйткені аталмыш ережеде мемлекеттік тапсырыс конкурстарына біркелкі талаптар қойылған. Соның ішінде бір аудан көлемінде таралымы жоғары және жергілікті оқырмандармен біте қайнасқан, тарихы терең басылым мен басқа қаладағы немесе аудандағы газет мемлекеттік тапсырыс конкурсына қатысуына ешқандай шектеулер қойылмаған. Яғни ауданның тынысын күнделікті жарыққа шығарып отырған, редакция құрамында 10 адамнан кем емес қызметкері бар газет ұжымымен өзге қала немесе аудандағы басылымның артықшылығы аталған ережеде ескерілмеген. Одан бөлек жыл сайын «ҚР Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес аудан аумағында жыл көлемінде игеретін қаржының 20 пайызына дейінгі көлемін алдын ала қосымша келісім арқылы аударатын. Себебі мемлекеттік тапсырыс конкурсының өтетін мерзімі шамамен 2 айға жоспарланған. Осы уақыт аралығында редакция ұжымы айлық жалақы мен өзге де шығындарынан қысылмайтын. Ал бүгінгі таңда қаңтар айының басында қол жеткізетін 20 пайызға дейінгі қаржымыздың нақты қай мерзімде берілетінін білмей дал боламыз.
9. Журналистке және мемлекеттік басылымдарға мәртебе берілсе. Жалақы мәселесі көтерілсе. Зейнет демалысына шыққан журналистерге көтеріңкі зейнетақы тағайындалса. Үй алу мәселесі де оңтайландырылып жеңілдетілсе. Үкіметтік ауруханаларда тегін емделуге, қаралуға журналистерге мүмкіндік жасалса. Әсіресе баспана мәселесінде тәуелсіз басылымдар шет қалмаса...
10. Елімізде ресейлік БАҚ-тар үлес салмағы басым. Жеке мемлекет ретінде олардың жұмысын тоқтатып немесе мейлінше шектеу қажет. Олар біздің мемлекетіміздің ұлттық-ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретіні сөзсіз. «Жаңа Қазақстан» жүйесін құрған кезде осы мәселені арнайы қарап, олардың біздің елімізде таралуы тоқтатылса деген талабымыз бар.
11. Балалар басылымдары үшін, соның ішінде біздің «Мөлдір бұлаққа» биліктен қолдау керек! «Қазақ газеттеріне» қарасты балаларға тән төрт басылым министрліктің тізімінде болғандықтан, оларға жазылу үшін жоғарыдан нақты тапсырма бар. Ал, ол тізімге қосылмаған басылымдар тасада қалады. «Әділетті Қазақстан» болғандықтан мектептерде насихаттау, журналға жазылуға тең қарау керек. Өйткені, барлығы бір мақсатпен тәуелсіз елдің ұрпақтары үшін қызмет етеді. Тендер берген кезде осы принципке көңіл бөлген дұрыс.
Міне, көріп отырсыз, бұл айтқан мәселелер мемлекетке аса көп жүк, ауырлық түсірмейді деп ойлаймыз. Тек бізге деген ниет, ықылас түзелсе, бәрі де жүзеге асатын мәселелер. Бізге де қаржы табуға жанталаспай, шығармашылықпен айналысуға зор мүмкіндік туар еді. Сөйтіп, еліміздің даму деңгейін арттыруға, «Жаңа Қазақстанның» экономикалық және рухани жағынан гүлденуіне, өркендеуіне біз барынша үлес қоса алар едік.
Зор құрметпен:
1) Сәуле Мешітбайқызы, «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.
2) Мағира Қожахметова, Балалардың республикалық «Балбұлақ» журналының, «Дертке дауа» медициналық-танымдық, республикалық газетінің бас редакторы.
3) Марат Тоқашбай, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, Қазақстанның педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор.
4) Талғат Айтбайұлы, республикалық «Жыл – он екі ай» журналының бас редакторы, ұлт қайраткері.
5) Досымбек Өтеғалиев, «Заң» медиа корпорациясы, ЖШС басшысы, («Заң» газеті, «Юридическая газета»).
6) Ертай Айғалиұлы, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі.
7) Дәурен Қуат – «Жұлдыз» журналының бас редакторы.
8) Қымбат Әбілда, Республикалық «Айгөлек» журналының автор-редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркі әлемінің ақпарат саласының үздігі.
9) Бауыржан Жақыпов, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен түркі халықтарының М.Қашқари атындағы сыйлығының лауреаты, «Ақпарат саласының үздігі» медалінің иегері.
10) Құлтөлеу Мұқаш, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері.
11) Болат Батыр, Республикалық «Үш қоңыр» газетінің бас директоры, бас редакторы.
12) Нұрлыбек Саматұлы, Республикалық «Таңшолпан» әдеби-көркем көпшілік журналының бас редакторы, жазушы.
13) Гауһар Тұрсынқожа, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, «ҚР Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.
14) Ерік Рахым, «Жас Алаш» газетінің директоры-бас редакторы.
15) Жадыра Нармаханова, «Ұлан» балалар газетінің бас редакторы.
16) Балжан Мұратқызы, «Ақжелкен» журналының бас редакторы
17) Ерғали Бақаш, «Балдырған журналының бас редакторы
ОҚИТЫН ҰЛТ БОЛАМЫЗ ДЕСЕК, БАСПАСӨЗДІ ТҰНШЫҚТЫРМАЙЫҚ!
Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат министрі Арман ҚЫРЫҚБАЕВҚА
АШЫҚ ХАТ
Құрметті Арман Оразбайұлы!
Сізді Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі қызметіне тағайындалуыңызбен республикадағы облыстық газеттер басшыларының атынан шын жүректен құттықтаймыз!
Сізге еліміздің ақпараттық кеңістігін дамыту, ұлттық баспасөздің беделін арттыру жолындағы жауапты қызметіңізге толағай табыс тілейміз. Бұқаралық ақпарат құралдарының тыныс-тіршілігін жақсы білетін тәжірибелі маман ретінде салада қордаланған мәселелерге айрықша назар аударады деп сенеміз.
Осы ретте бұған дейін министрлікті басқарған Аида Ғалымқызына бұқаралық ақпарат құралдарына берілетін мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың жүйелі тетігін қалыптастырып, өңірлік басылымдардың тұрақты жұмыс істеуіне қолдау көрсеткені үшін шексіз алғысымызды білдіреміз.
Сонымен бірге жаңадан тағайындалған министрдің назарын мерзімді баспасөз саласын алаңдатып отырған өзекті мәселеге аударғымыз келеді.
«Қазпошта» акционерлік қоғамы мерзімді басылымдарды тарату тарифін тағы да көтеріп отыр. 2027 жылға арналған жазылу науқанында әр данаға тағы 5 теңге қосылды. Бір қарағанда, бес теңге болмашы сома секілді көрінуі мүмкін. Алайда мәселе бес теңгеде емес. Мәселе – жыл сайын қайталанатын қымбатшылық пен оның мерзімді басылымдарға түсіріп отырған ауыр салмағында.
Өткен жылы ғана газетті тасымалдау құны 17 теңгеден 41,7 теңгеге дейін көтерілді. Бұл – тарифтің 2,45 есеге, яғни 145 пайыздан астамға қымбаттауы.
Бір жағынан, тасымалдау құны жыл сайын өседі. Екінші жағынан, газет-журналдар оқырманға уақытында жетпейді. Алайда оларды сапалы әрі белгіленген мерзімде жеткізуге қатысты «Қазпоштаның» нақты жауапкершілігі сезілмейді.
Бұл енді жай ғана тариф мәселесі емес. Бұл – мерзімді баспасөздің өміршеңдігіне, оның таралымына және оқырманға қолжетімділігіне тікелей әсер ететін маңызды мәселе.
Тасымалдау тарифінің жыл сайын негізсіз өсуі редакцияларға ғана емес, оқырманға да қосымша салмақ түсіріп отыр. Осы жағдай «Қазпоштаның» мерзімді басылымдарды тасымалдауға мемлекеттен алатын субсидия көлемін ұлғайту үшін жасалып отырған амал емес пе деген күмән туғызады. Егер тарифті көтерудің экономикалық негіздемесі болса, оның нақты есебі қоғам мен басылым басшыларына ашық ұсынылуға тиіс.
Мемлекет басшысы «оқитын ұлт» қалыптастырудың маңызын үнемі айтып келеді. Бұл – ел болашағы үшін аса қажетті мақсат. Бірақ оқитын халыққа газет-журналды кім және қалай жеткізеді?
Егер басылым бағасы жыл сайын қымбаттап, тасымал тарифі бірнеше есеге өсіп, ал газетті оқырманға сапалы әрі уақтылы жеткізуге деген жауапкершілік төмендей берсе, біз қалай оқитын ұлтқа айналамыз?
Ұлттық баспасөз – жай ғана тауар емес. Ол – қоғамның ой-пікірін қалыптастыратын, елдің тынысын жеткізетін, мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіретін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды ақпараттық әрі рухани құрал. Сондықтан мерзімді басылымдарды экономикалық тұрғыдан тұншықтырмай, олардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау қажет.
Осыған байланысты:
– мерзімді басылымдарды тарату тарифтерінің негізділігін қайта қарауды;
– тариф белгілеу үдерісіне редакциялар мен салалық ұйымдардың өкілдерін қатыстыруды;
– өңірлік және қоғамдық маңызы бар басылымдарға жеңілдетілген тасымалдау тетігін енгізуді;
– газет-журналдарды оқырманға уақытылы әрі сапалы жеткізуге қатысты «Қазпоштаның» нақты жауапкершілігін белгілеуді;
– аталған мәселе бойынша министрлік, «Қазпошта» және мерзімді басылым басшыларының қатысуымен арнайы кездесу өткізуді сұраймыз.
Оқитын ұлт болу үшін оқырманға газет-журналды қолжетімді бағамен әрі уақытылы жеткізетін әділетті жүйе қажет.
Баспасөзді қымбаттату – оқырманды алыстату.
Ал оқырманды баспасөзден алыстату – оқитын ұлт қалыптастыру мақсатына қайшы.
Жаңа қызметіңізде ұлттық және өңірлік баспасөздің осы өзекті мәселесіне назар аударып, оның оң шешім табуына ықпал етесіз деп сенеміз.
Құрметпен,
Қазақстандағы облыстық, қалалық, аудандық газеттерінің
бір топ басшылары атынан:
Абай облыстық «Abai aimag» медиахолдингінің жетекшісі,
Қазақстанның Құрметті журналисі Риза МОЛДАШЕВА















