Шілде айының 6-7-сі күндері ел халқы күллі қазақ үшін қасиетті екі ұғым – Астана мен Домбыра күндерін атап өтті. Ақтөбе облысында да бұл атаулы күндер кең ауқымда аталып өтті.
«Астана – арман қала» атты фестивалі аясында облыстағы өнер ұжымдары елорда, туған ел, Отан тақырыбында әндер орындады. Сондай-ақ ұлттық аспаптар, поэзия, ұлттық спорттық ойындар, балалар шығармашылығы, қылқалам шеберлерінің алаңдары жасақталып, кітапханалар көрмесі ұйымдастырылды. Ақтөбеліктер мен қала қонақтары байқауларға қатысып, марапатқа ие болды. Өңірге белгілі өнер ұжымдары әдемі кеш өткізді.
Облыс орталығындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы жанында Ұлттық домбыра күніне арналған мәдени-бұқаралық іс-шара «Күй толған көкірегің шежіре ме?» деп аталды. Бұл кешке домбырасын жанына серік еткен 1500-ден аса адам келді. Домбыра күніне арналған шағын қойылым кейіпкерлері – күй атасы Құрманғазы, дәулескер күйшілер Дина, Қазанғап пен Дәулеткерей т.б. шығып, домбыраның пайда болуы туралы шежіреден сыр шертті. Аңызға елтіген күйшілер сахнада отырған 1500 орындаушымен бірге Құрманғазының «Балбырауыны» мен «Ерке сылқымын» тартты. «Ұлттық домбыра күні» деген жазуы бар бірдей жейде киген домбырашылардың күмбірлете тартқан күйі Ақтөбе кешін ерекше күйге бөледі.
Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов жиналған жұртшылықты құттықтады.
Мерекелік іс-шара барысында Ақтөбеден шыққан белгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрар Әліпбай су тасқынынан зардап шеккен жерлестеріне арнап шығарған «Тасқын» күйін шертіп, көптің ықыласына бөленді.
Сонымен бірге Ұлттық Домбыра күні дүниеге келген сәбилерге жергілікті әкімдік қызметкерлері мен өнер адамдары жақсы ырыммен домбыра сыйға тартылды. Қаладағы 3 перзентханада дәл сол күні – 7 шілдеде дүниеге келген 37 сәбиге өңірімізден шыққан танымал күйші Тұрар Әліпбаев әрбір сәбидің анасына домбыраны өз қолымен табыстап, ақ батасын берді. Нәрестесін дүниеге әкелген аналар тәрбиелік мәні зор осындай іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, жылы лебіздерін жеткізді.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,
Ақтөбе облысы