Астанадағы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда Сарыарқа ауданының 25 жылдық мерейтойына орай «Ширек ғасырдағы сырлы Сарыарқа» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік іс-шараға Сарыарқа ауданын қалыптастыруға, оның дамуына үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, депутаттар және ауданның белсенді тұрғындары қатысты.
Мерекелік концерттің ашылу салтанатында «Сарыарқа» ауданының әкімі Бауыржан Ералы:
– Бүгін – біз үшін ерекше күн, Сарыарқа ауданының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Елорданың тарихы Сарыарқадан бастау алды. Сарыарқа – өзіндік тарихи келбетін сақтай отырып, ескі мен жаңаны ұштастырған сәулетті аудан. Оның дамуына ауданның белсенді тұрғындары мен білікті кәсіби мамандардың үлесі зор. Тағылымды тарихы бар, ерекше ауданның әкімі болып қызмет ету – мен үшін айрықша абырой және үлкен жауапкершілік. Ауданның дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосқан әрбір азаматқа алғыс білдіремін! Сүйікті Сарыарқамыздың мерейтойы құтты болсын! – деді.
Ал Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов:
– Ауданның құрылуымен бас қаламыздың жаңа дәуірі басталды. Сәулеті мен сәні айшықталып, айбыны асқақтаған аудан бүгінгі күні қаламыздың бойтұмарына айналып, индустриясының жаһандық технологиялық үрдісіне сай дамып келеді. Күн санап көркейген ауданның жыл сайын маңызы артып, мәртебесі өсуде. Сарыарқа ауданының 25 жылдығы аудан тұрғындарының ғана емес, бәріміздің ортақ мерекеміз. Соңғы ширек ғасырда осы аудан деңгейінде қыруар жұмыс атқарылды. Мұны ел-жұрт көріп-біліп отыр. Алда әлі атқарылатын шаруа да аз емес.
Аудан әкімдігі өзінің келесі жиырма бес жылдық кезеңінде бұдан да биік межелерді бағындырып, игі істердің ұйытқысы бола береді деп сенемін және осы жолда әріптестеріме сәттілік тілеймін! – деп, жылы лебізін білдірді.
Мерекелік концертте Сарыарқа ауданы туралы деректі фильм көрсетіліп, «Менің сүйікті ауданым» атты фотоконкурс жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармония және Лұқпан Жолдасов, Маржан Арапбаева, Қайрат Баекенов, Зарина Омарова, Фариза Жолдасова сияқты эстрада жұлдыздарымен қатар «Наз» би театры, «Айналайын», «Шалқыма» би ансамблі өнер көрсетіп, жұртшылыққа тамаша көңіл күй сыйлады.
Тарихқа сәл шегініс жасасақ, 1998 жылғы 6 мамырда ҚР тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен Астананың Сарыарқа және Алматы аудандары құрылды. Ол кезде ауданда тұңғыш президент резиденциясы мен 16 министрлік ғимараты орналасқан еді. Қазір аудан мүлде өзгеріп, өркендеп кетті. Бүгінде ауданның жалпы аумағы 6 775 гектарды құрайды. Аудан аумағында ұзындығы 314 шақырым болатын 315 көше болса, оның 93%-ына асфальт төселген. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, аудан енді құрылған кезде халық саны 152 648 мың болса, қазір 355 мыңға жуық тұрғын бар. 2000 жылдың басында ауданға Көктал, Ағаш егу орамы (ЛПУ), Агрогородок тұрғын алаптары қосылды. 25 жыл ішінде 20 жалпы білім беретін мектеп, 16 мемлекеттік балабақша, 4 жаңа емхана пайдалануға берілген екен.
Сонымен қатар Сарыарқа ауданы қаладағы рухани-мәдени ортаның негізгі ордасы деуге болады. Мұнда Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония, «Жастар» театры, Музыкалық жас көрермен театры, М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Сәкен Сейфуллин музейі қатарлы мәдениет ошақтары, Астана қаласының әкімдігі, «Астана» теміржол вокзалы секілді тарихи ғимараттар орналасқан. Сондай-ақ Керей мен Жәнібек, «Үш би» (Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би), Кенесары хан, Сәкен Сейфуллин, Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сынды қазақ халқының тарихи тұлғаларына арналған ескерткіштер бой көтерген. Қала тұрғындарының демалып, серуендеуіне қолайлы «Арбат», «Орталық саябақ», «Ақжайық» гүлбағы, «Көктал саябағы», «Сарыарқа», «Музыкалық» гүлбағы, «Қалалық алаң» маңы, «Қорғалжын» саябағы және қоғамдық кеңістіктер заманға сай абаттандырылған.