Адам папиллома вирусының 200-ден астам белгілі түрі бар. Оның жоғары онкогенді типтерін жұқтыру жиі кездесіп, аногениталды сүйелдер мен қатерлі ісіктің дамуына әкелуі мүмкін. Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының төрағалығымен өткен дөңгелек үстелде айтылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Дүниежүзінде жатыр мойны обыры ең кең таралған онкологиялық аурулардың бірі болып отыр. Жыл сайын бұл дерт шамамен 625 600 әйел мен 69 400 ер адамнан анықталады.
Қаланың бас онкологы Мұхтар Төлеутаевтың айтуынша, жатыр мойны обыры әлем бойынша әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар мен өлім-жітімнің жетекші себептерінің бірі.
«Қазақстанда жатыр мойны обыры таралуы жағынан да, фертильді жастағы (25-44 жас) әйелдер өлімінің себептері бойынша да сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын елімізде жатыр мойны обырының шамамен 1900 жаңа жағдайы тіркеледі, 600-ден астам әйел осы дерттен көз жұмады», – деді ол.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, 2025 жылы әлемде 660 000 жаңа жағдай тіркеліп, 350 000 адам осы аурудан қайтыс болған.
Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының дамуы әйел ағзасының адам папиллома вирусын жұқтыруымен тікелей байланысты екенін дәлелдеді.
Акушер-гинеколог Жанерке Әжетованың айтуынша, қазіргі таңда адам папиллома вирусының жоғары онкогенді типтерін жұқтырудың және жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз тиімді әдісі – вакцинация.
«Бүгінде 135 мемлекет бұл вакцинаны ұлттық иммундау бағдарламасына енгізді. Қазақстанда вирустың таралуын азайту және онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында 2024 жылдың үшінші тоқсанында АПВ-ға қарсы вакцинация енгізілді. Вакцина тіркелген жері бойынша емханаларда тегін қолжетімді. Вакцинация дәрігердің тексеруінен кейін ата-аналардың немесе қамқоршылардың ақпараттандырылған келісімімен жүргізіледі», – деді ол.
Қазақстан Республикасының Ұлттық екпе күнтізбесіне және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес, АПВ-ға қарсы вакцинация 11 жастағы қыздарға жүргізіледі. Сонымен қатар 12-13 жастағы қыздарға арналған қосымша вакцинациясы қарастырылған. Вакцина екі рет, арасы 6 ай интервалмен салынады.
АПВ-ға қарсы вакцинация – аурудың алдын алудың жоғары тиімді шарасы және халық денсаулығы көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етеді.















