Жыр жампозы Жамбыл Жабаевтың есімін иеленген өңіріміздің айтыскерлері 2022 жылды жағымды қорытындылады.
Жалпы саны 20 команда бақ сынаған “Асыл домбыра” тележобасында бас жүлдемен оралып, облысымыздың мерейін үстем етті.
Жеңімпаздарды ресми түрде марапаттау үшін “Хабар” агенттігінің төрағасы Берік Уәли, “ASSYLTAS” қоғамдық қорының құрылтайшысы Дулат Тастекеев Жамбыл өңіріне арнайы келді.
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, жазушы Ақберен Елгезек асыл тастармен көмкерілген домбыраны арнайы табыс етті. Ал жобада қазылық еткен белгілі айтыскер Ринат Зайытов айтыскерлеріміздің айрықша аяқалысын айтып, құттықтау тілегін жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев алдыңғы жылы “Асыл домбыра” тележобасында ғана емес, “Жеті қазына” мегажобасында да бас жүлдені иеленген жамбылдықтардың жеңісі - мәдениет саласындағы ауқымды істердің жемісі екендігін атап өтті.
Айта кетейік, әулиеаталықтардың абыройын асқақтатып, мерейін тасытқан “Асыл домбыра” облыстық музейде Кенен Әзірбаевтың шапанының жанынан орын алды.