Шаһардың көркі – көшелерінің тазалығымен және жолдарының сапасымен өлшенеді. Орал қаласында да жол инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жұмыстар жыл сайын жүйелі түрде жалғасып келеді. Сол жұмыстардың жай-күйін білу мақсатында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылжан Хайруллинмен сұхбаттасқан едік.
– Асылжан Сүйінбекұлы, облыс орталығында жол саласы бойынша ауқымды шаралар атқарылғаны белгілі. Алдымен биылғы жыл басынан бері атқарылған және жаз-күз айларына жоспарланған жұмыстар жөнінде ақпарат берсеңіз.
– 2026 жылы Орал қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жалпы ұзындығы шамамен 42,7 шақырымды құрайтын бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде автомобиль жолдарын қайта жаңарту бойынша жалпы ұзындығы 11,6 шақырымды құрайтын жеті жоба іске асырылады. Бұл жұмыстар Бутин, Мясокомбинат, Школьная, Школьный переулок, 2-ші Школьный переулок, Ескалиев, Разин, Линдовская, Дархан, Жұманиязов, Жұмағалиев және Қоспанов көшелерін қамтиды. Сонымен қатар ұзындығы 10,6 шақырым болатын 3 нысанда, яғни Сарайшық көшесінде, «Орал – Желаев» автомобиль жолында және Каримуллин көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал ұзындығы 1,298 шақырымды құрайтын «Орал – Саратов» автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, өткен жылдары келісімшарт жасалғанымен, қаржыландырудың болмауына байланысты кейінге қалдырылған Ветелки кентіндегі кірме автомобиль жолы мен Комсомольская көшесінде жалпы ұзындығы 16,2 шақырымды құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары биыл іске асырылады. Сондай-ақ Жұлдыз шағынауданының ішкі орам жолдары мен Оразбаев көшесін қайта жаңарту жұмыстары жалғасады. 2025 жылы басталған Исатай батыр көшесін қайта жаңарту жобасы аясында қалған бір шақырым жол учаскесіндегі жұмыстар биыл аяқталатын болады.
– Қалада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша қандай мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда?
– Қалада тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірнеше бағдарлама іске асырылуда. Атап айтқанда, «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы; «Халық қатысатын бюджет» жобасы; «Қауіпсіз өңір» жобасы. 2026 жылы «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы шеңберінде қаладағы 30 ауланың аумағын абаттандыруға арналған сметалық құжаттама жасақталды. Сонымен қатар «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша тұрғындардан келіп түскен ұсыныстар негізінде қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға бағытталған 9 жоба айқындалып, оларды кезең-кезеңімен іске асыру жоспарлануда. Ал «Қауіпсіз өңір» жобасы аясында мектептердің айналасындағы көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарын жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 8 мектептің аумағында жұмыстар толық аяқталып, 8 мектепте сыртқы жарықтандыруды орнату жұмыстары жүргізілуде.

– Оралдағы жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелер жөнінде ақпарат берсеңіз. Бұл бағыттағы қызмет сапасын жақсарту бағытында биыл қандай жұмыстар атқарылды?
– Орал қаласы жолаушылар тасымалы бойынша 27 қалалық, 10 саяжай және 7 қала маңындағы маршруттармен қамтылған. Жолаушылар тасымалымен «УралТехСервис», «БҚАП», «Батыс Дилижанс», «Оралавтотранс», «Ақжол авто», «Алый парус» – осы алты мекеме айналысады. Қаладағы автобус парктерінде 434 автобус қарастырылған, оның 111-і – ескі автобустар. Автобус паркінің тозуы 27%-ды құрап отыр. Қалада жолаушылар тасымалдау бағытында күнделікті 280-нен астам автобус жолға шығады. Жолаушы тасымалдаушы мекемелерде 622 автобус жүргізушісі жұмыс атқарады. Олардың орташа жалақысы 375 мың теңге. Осы жылы «Оралавтотранс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстанда құрастырылған, үлкен класты, қысылған табиғи газбен (метан/CNG) жүретін «Yutong» маркалы 10 жаңа автобусты сатып алды. Бұл көліктер экологиялық таза, үнемді әрі заманауи талаптарға толық жауап береді.
Метанмен жүретін автобустар атмосфераға зиянды қалдықтарды аз шығарады; дизель отынына қарағанда үнемді; шу деңгейі төмен; экологиялық қауіпсіз. Елімізде, соның ішінде Орал қаласында мұндай автобустарды енгізу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл – көлік саласын жаңғырту бағытындағы нақты қадам.
– Орал қаласының жасыл келбетін сақтау мақсатында абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Шаһарымызда мұндай жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Қалада жалпы ауданы 28 мың шаршы метрді құрайтын 44 гүлзар бар. Биыл Батыр қыздар алаңы, Назарбаев даңғылы бойымен және Д. Нұрпейісова көшесі бойындағы арбатта газондар төселіп, автоматтандырылған суару жүйелері орнатылды. Сонымен қатар Құтқарушылар аллеясына газон төсеу жұмыстары жоспарлануда.
Өңірлік жоспарға сәйкес, биылғы жылы 5200 түп ағаш отырғызу жоспарланған еді. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен сенбіліктер аясында мыңнан астам көшет егілді.
Сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Нақты тоқталсам, Чапаев алаңын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда, С.Датов көшесін жарықтандыру және Назарбаев даңғылы бойындағы жаяу жүргіншілер аймағын ағымдағы жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Санитарлық тазалықты сақтау бағытында қала көшелеріне 536 контейнер алаңы мен 2271 қоқыс контейнері қойылған. Биыл 80 контейнер алаңын жаңарту жоспарланып отыр.

– Қаладағы аялдама павильондары туралы ақпарат берсеңіз. Олардың жалпы саны мен қазіргі жай-күйі қандай?
– Қаламызда барлығы 357 аялдама пункті бар. Оның ішінде 64-і шағын дүкендермен жасақталса, 206 аялдама павильонмен жабдықталған. Аялдама инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. 2025 жылы 75 жаңа аялдама қала шегінде орнатылған болатын. Ал биыл жаңа аялдамалар салу жоспарда жоқ.
Қаламызда қазіргі уақытта төрт жылы аялдама жұмыс істейді: «Еуразия» (жұп жағы), «Теміржол вокзалы» (тақ жағы), «Өлкетану музейі» (жұп жағы) және «Жигули» (тақ жағы). Аталған барлық аялдамалар сенімгерлік басқаруға берілген. Сенімгерлік басқарушы ұйым олардың күнделікті күтіміне, тазалығына жауапты, сондай-ақ таңертең және кешкі уақытта ашылып-жабылуын қамтамасыз етеді. Жылы аялдамалардың жұмыс уақыты күн сайын таңғы сағат 07:00-ден кешкі сағат 22:00-ге дейін белгіленген.
Бүгінгі таңда қаламыздағы «Еуразия», «Өлкетану музейі» және «Жигули» жылы аялдамаларының ішкі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, қала тұрғындарының игілігі үшін пайдалануға берілді. Жылы аялдамалар тұрғындардың қоғамдық көлікті күту кезінде қауіпсіз жағдайда болуын қамтамасыз ету, әсіресе қолайсыз ауа райында халыққа ыңғайлы жағдай жасау мақсатында салынған. Бұл аялдамалар қоғамдық көлікті пайдаланатын жерлестеріміз бен қала қонақтарына қызмет көрсетуде.

Орал қаласында аялдама желісі негізінен қалыптасқанымен, инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігі сақталып отыр. Соңғы жылдары жаңа және жылы павильондар орнату, ескі аялдамаларды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, бірқатар аялдамалардың техникалық жағдайын жақсарту және павильоны жоқ аялдамаларды жабдықтау мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
– Аулаларды абаттандыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Соңғы жылдары Оралда аулаларды кешенді абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2023-2025 жылдары аулаларды кешенді абаттандыру бағдарлама аясында 24 аула толық абаттандырылды. Абаттандыру барысында аулаларда жаңа асфальт төселіп, жарықтандыру жүйелері орнатылып, балалар және спорт алаңдары, шағын сәулет нысандары, демалыс орындары салынды. Бұдан бөлек, үнемделген қаражат есебінен тағы 8 аулаға балалар ойын алаңдары орнатылды. Қазіргі уақытта қосымша 2 аулаға балалар ойын алаңдары салынуда.
Тағы бір айта кетерлігі, 2026-2027 жылдары жүзеге асырылатын 30 аула бойынша сметалық құжаттама дайындалды. Қаржыландыру бөлінгеннен кейін жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.
Сұхбаттасқан – Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
БҚО, Орал қаласы














