Зейнетке шығу – қарбалас жұмыстан қол үзіп, үйде отыратын кезең емес. Керісінше, бұл уақытта адам өзіне ұнайтын іспен айналысып, жаңа нәрсе үйреніп, денсаулығына көңіл бөле алады. Ақтөбедегі «Белсенді өмір сүру» орталықтарына келетін зейнеткерлердің күнделікті тіршілігі осыны аңғартады.
Қалада қазір осындай 10 орталық жұмыс істейді. Оларға шамамен 300 адам тұрақты қатысады. Мұнда зейнеткерлер үшін түрлі бағыттағы үйірмелер ұйымдастырылған. Ең бастысы – олардың барлығы тегін.
Бір топ жаттығу залында дене шынықтырумен айналысса, енді бірі йогаға қатысады. Қолөнерге қызығатындар өз бұйымдарын жасап, арт-терапия арқылы шығармашылық қабілетін дамытады. Психолог мамандармен әңгімелесіп, үстел ойындарын ойнайтындар да бар.
Орталыққа келетіндердің жасы әртүрлі. Ең жасы шамамен 66-да болса, ең үлкен қатысушылардың жасы 80-нен асады. Жасына қарамастан, олардың ортақ мақсаты – уақытты пайдалы өткізу және белсенді қалпынан айырылмау.
Мұнда дене шынықтырумен қатар, ой еңбегіне де мән беріледі. Кейбір зейнеткерлер ағылшын тілін үйреніп жүр. Енді бірі есеп шығарып, түрлі жаттығулар арқылы есте сақтау қабілетін жетілдіреді. Яғни белсенді өмір салты тек спортпен шектелмейді. Жаңа білімге ұмтылу, адамдармен араласу, ойды сергек ұстау да маңызды.
Зейнеткер Нұрсұлу Тайпақова орталыққа келіп жүргендердің арасында бұрын үйде көп уақыт өткізетін әйелдердің бар екенін айтады. Оның сөзінше, мұнда келгелі олардың күнделікті өмірі де өзгерген. Қариялар бір-бірімен араласып, ортақ қызығушылықтары арқылы жақын таныса бастаған.
Орталық жетекшісі Вазих Ахтаевтың айтуынша, жоба ең алдымен егде жастағы адамдардың денсаулығын нығайтып, әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған. Сондықтан мұнда дене жаттығуларынан бастап психологиялық қолдауға дейінгі бірнеше бағыт қамтылған.
Алайда орталықтағы өмір сабақтар мен үйірмелермен ғана шектелмейді. Оның мүшелері түрлі қоғамдық іс-шараларға да белсенді қатысады. Қарттар үйіне барып, концерттік бағдарламалар ұйымдастырады, балалар үйіне арнайы барады. Мерекелік іс-шараларда ән айтып, өнерін көрсетеді.
Мұның бәрі зейнеткерлердің қоғам өмірінен тыс қалмай, өздерін қажет сезінуіне мүмкіндік береді. Бір кездері күнделікті жұмыстың қарбаласымен жүрген адамдар енді өздеріне ұнайтын іске уақыт бөліп, жаңа орта тауып отыр.
«Белсенді өмір сүру» орталығының мәні де осында. Бұл – қариялардың бос уақытын өткізетін орын ғана емес, олардың денсаулығын күтіп, жаңа дүниелерге қызығушылығын арттырып, адамдармен араласуына жағдай жасайтын орта.















