2025 жылдың 8-9 тамызында киелі Түркістан қаласында Түркістан облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы мен «Түркістан облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастығы нысанындағы бірлестігінің» ұйымдастыруымен «Әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық белсенділік: Азаматтық қоғамның қозғаушы күші» тақырыбында Түркістан облысының ХІІ Азаматтық форумы өткізілді. Бұл ауқымды жиын елдің түкпір-түкпірінен жиналған үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен қоғам қайраткерлерін, мемлекеттік орган басшыларын, сарапшыларды бір алаңға тоғыстырды. Форумның жұмысына облыс көлеміндегі Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен өзге де облыстардан келген қонақтар және масс-медиа қызметкерлері қатысты.
Жиынның 8 тамыз күнгі алғашқы жартысындағы жалпы отырысы «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» «ЗТҚНБ туралы «Елге еткен еңбек» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі мен арнайы бейнежазбалық көрсетілімінен басталды. «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығы» бірлестігінің Президенті Инара Әбдіғаппарқызы Намазбаеваның идеясымен «Елге еткен еңбек» атты кітабы еліміздің үкіметтік емес секторында жұмыс істеп жүрген еріктілеріне, қоғам өмірін жақсы жаққа өзгертуге ұмтылатын белсенді азаматтарға арналған.
Кітапта «Оңтүстік Қазақстан облысының Азаматтық Альянсы» ЗТБ құрылуы, жұмысы, атқарылған іс-шаралары, акциялары, марафондар, ақпараттық десанттары және тағы басқа да материалдар берілген. Кітап жеңіл оқылады және өнеге алатын тұстары жетерлік. Бұл еңбекте «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығының өңірдің әлеуметтік-саяси өміріндегі орны, атқарған жұмыстары мен тәжірибесі баяндалады. Айта кетерлігі, аталған еңбек Инара Намазбаеваның бастамасымен жарыққа шығып, халықтың қолына жетті. Автор «Түркістан облысының Азаматтық Альянсының» жылдар бойғы жұмысын бір кітапқа сыйғызып, ерекше ықыласпен жазып шыққан. Кітапта автордың алғашқы ұстазы Азаматтық Альянсты құрушы Клара Төлендіқызы туралы да айтылған.
Арнайы дайындалған бейнеролик көрермен назарына ұсынылып, ұйымның жылдар бойы қалыптасқан жолы мен жетістіктері көрсетілді. Форумға Қызылорда, Жамбыл, Қостанай, Шымкент, Ұлытау, Қарағанды, Ақтөбе және өзге де облыстардан арнайы делегациялар келді. Азаматтық сектордың дамуына үлес қосып жүрген бұл өкілдер тәжірибе алмасып, ортақ мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өз сөзінде бұл форумның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының айқын көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалог пен сенім – ел дамуының берік іргетасы.
– Форум – серіктестік пен өзара қолдаудың, тиімді байланыс пен ашық пікір алмасудың нақты үлгісі. Бүгінде Түркістан облысында 700-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның үштен бірінен астамы қалаларда, ал қалған бөлігі аудандарда қызмет атқарады. ҮЕҰ-дар білім, мәдениет, әлеуметтік қолдау, экология, ауылшаруашылығы сияқты түрлі бағытта белсенді еңбек етіп келеді. Мемлекет басшысының қолдауымен оларға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып отыр. Бұл – бірлесе атқарылған еңбектің нәтижесінде өңір экономикасы тұрақты өсімге қол жеткізіп отырғанының дәлелі, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Оның айтуынша, облыстың қысқамерзімді экономикалық индикаторы биыл қатарынан екі ай бойы республикада көш бастап тұр. Жартыжылдық қорытынды бойынша өсім 118%-ды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 723,3 млрд теңгеге жетіп, 13,5%-ға артқан. Ал ауылшаруашылығында өндірілген өнім көлемі 253,9 млрд теңге болып, өсім 104,7% деңгейінде сақталды.
Форумда Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» президенті Бану Нұрғазиева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Чинкисбаева, Түркістан облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Жамалбек Шәріпбеков мазмұнды баяндамалар жасап, азаматтық қоғамның даму бағыттары, алдағы мақсаттар мен мүмкіндіктер жайында ой бөлісті.
Пленарлық секциялар барысында «Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы – бірінші кезеңнің қорытындылары және екінші кезеңге ұсыныстар», «Үкіметтік емес ұйымдар туралы және Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар туралы заң жобалары», «Заң және тәртіп – қоғамды шоғырландырудың негізі: ҮЕҰ-ның құқықтық ағартудағы рөлі», «Адал азамат» тұжырымдамасы: азаматтық жауапкершілік пен экономикалық өсім арасындағы байланыс» тақырыптары талқыланды. Жиын соңында елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлес қосып жүрген, мемлекеттік саясатты насихаттау ісінде белсенділік танытқан бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдері арнайы марапаттарға ие болды. Форум аясында Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы, тұжырымдаманың 1-кезеңін іске асыру қорытындылары, оны іске асырудың 2-кезеңіне ұсынымдар әзірлеу», «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» және «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар туралы» Заң жобалары, «Заң және тәртіп – қоғамды шоғырландырудың негізі: ҮЕҰ-ның құқықтық ағартудағы рөлі», «Адал азамат» тұжырымдамасы: Азаматтық жауапкершілік экономикалық өсу факторы» тақырыптарында пленарлық секциялар өтті. Өткір пікірлер мен ұсыныстар айтылды.
Дана ОРМАНОВА,
Түркістан қаласының Құрметті азаматы,
«Qazaqstan dauiri» халықаралық,
қоғамдық-саяси газетінің Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі