Аудан ахуалы – аймақ басшысының назарында

Аудан ахуалы – аймақ  басшысының назарында

Тұрар Рысқұлов ауданы Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік пен туризмді қатар дамытуға мүмкіндігі мол өңірлерінің бірі. Соңғы жылдары ауданда өндіріс пен агросалаға инвестиция тарту, әлеуметтік нысандарды жаңғырту, жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жоба қолға алынды. Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты  ауылдардың әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Аудан экономикасындағы оң өзгерістер инвестициялық көрсеткіштерден де анық байқалады. 

Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы алты айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 8,8 млрд теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 136 пайызды құраған. Осы кезеңде құны 8,8 млрд теңге болатын бес ірі инвестициялық жоба іске асырылып, 98 жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың қатарында тамақтану және қызмет көрсету саласындағы «Ханшатыр» мейрамханасы, білім беру бағытындағы «Дарын» оқыту орталығы, өнеркәсіп саласындағы «Golden Compass Capital» жобасы, «Gakku Qus» ЖШС-нің құс фабрикасы және «Ақтоған» шаруа қожалығының 500 басқа арналған мал бордақылау алаңы бар. 

Одан бөлек, аудан аумағында жалпы құны 40 млрд теңгеге бағаланатын 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар толық іске қосылғанда 560 адам жұмыспен қамтылмақ. Маңызды көрсеткіштер арқылы ауданның экономикалық әлеуеті артып келе жатқанын айқын аңғаруға болады. Әсіресе өндіріс пен ауылшаруашылығына бағытталған жобалардың көбеюі жергілікті жердегі кәсіпкерліктің тынысын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

Яғни, инвестиция көлемінің өсуі тек сандық көрсеткіш күйінде қалмай, тұрғындардың әл-ауқатына әсер ететін нақты нәтижеге ұласуы керек. Бұл ретте ауданның инвестициялық әлеуетін арттыруда жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігімен қатар, жаңа өндірістерге қажетті инфрақұрылымды қалыптастырудың маңызы зор. Өйткені кез келген жобаның өміршеңдігі оның қаржылық мүмкіндігімен ғана емес, инженерлік желілердің, көлік қатынасының, қажетті жер телімінің және білікті кадрдың болуына да байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, ауданда әртүрлі бағыттағы жобалардың қолға алынуы экономиканың біртіндеп жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келе жатқанын аңғартады. Бір жобада қызмет көрсету саласы дамыса, екіншісі ауылшаруашылығы өнімін көбейтуге, үшіншісі өңдеу өнеркәсібін жолға қоюға мүмкіндік береді. Мұның барлығы өз кезегінде жергілікті экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды тетіктер. 

Инвестиция – аудан экономикасының негізгі қозғаушы күші

Осы жұмыстардың барысын бағамдау мақсатында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев тамыз айында Тұрар Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік және экономикалық нысанды аралады. Аймақ басшысының сапары білім беру, спорт, туризм, экология, қауіпсіздік, көлік инфрақұрылымы және ауылшаруашылығы салаларын қамтыды. Малдыбай ауылындағы 120 орындық жаңа мектептің құрылысы  ауыл балалары үшін маңызды жоба. Нысанның құрылыс қарқынымен танысқан облыс әкімі жауапты тұлғаларға мектепті жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беруді, қажетті құжаттарды рәсімдеп, лицензия алу жұмыстарын жеделдетуді және аумақты абаттандыруды тапсырды. Қарақат ауылындағы №2 мектепке жапсарлас салынып жатқан спорт залының да құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Ал Құлан ауылындағы жаңа спорт мектебі ауданның спорттық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды нысан болмақ.

– Тұрар Рысқұлов ауданынан төрт әлем чемпионы шыққан. Бұл – үлкен жетістік. Жаңа спорт мектебі пайдалануға берілсе, халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын жаңа чемпиондар тәрбиеленетініне сенім мол. Ол үшін балаларға заманауи талаптарға сай барлық жағдай жасалуы тиіс, – деді Ербол Қарашөкеев жұмыс сапары барысында.

Аймақ басшысы айтқан сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Өйткені ауылдағы спорт нысаны қарапайым ғимарат емес, жас ұрпақтың болашағына салынған инвестиция. Бүгінгі жаттығу залында ертең ел намысын қорғайтын спортшы тәрбиеленуі әбден мүмкін. Сондықтан мұндай нысандардың сапалы салынуы ғана емес, кейін оның толыққанды жұмыс істеуі де маңызды. 

Әлеуметтік нысандар мен туризмге жаңа серпін 

Ауданның географиялық орналасуы да кәсіпкерлік пен туризмді дамытуға қолайлы. Халықаралық Батыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізі бойында салынып жатқан сервистік қызмет көрсету кешені осы мүмкіндікті тиімді пайдаланудың бір мысалы. Аудандағы «Бауырсақ» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның құны 1 млрд теңгеден асады. Мұнда жолаушылар мен жүк көліктеріне қызмет көрсету орталығы, кафе, мейрамхана, қонақ үй, автошеберхана, автотұрақ және санитарлық-гигиеналық аймақ қарастырылған. Құрылыс кезінде 45 адам жұмыспен қамтылса, кешен іске қосылғаннан кейін 30 тұрақты жұмыс орны ашылады. Ол ары қарай да аудандағы жұмыссыздық көрсеткіші бәсеңдеп, өсіп-өркендеу қарқыны артады деген сөз. Қазіргі таңда жұмыстың 80 пайызы орындалған.

Алдағы уақытта ауданның туристік әлеуетін «Nazar Eco-Ferma» жобасы да толықтыра түспек. Экотуризм мен этноауылды дамытуға бағытталған жоба аясында демалушыларға форель шаруашылығы ұйымдастырылып, бір мезгілде 60 адамды қабылдауға мүмкіндік жасалады. Бұдан бөлек, газ құю станциясы мен жол бойындағы қонақ үй кешені, тау бөктеріндегі этнотуристік демалыс кешені секілді жобалар да жоспарланған. Мұндай бастамалардың аудан үшін мәні ерекше. Себебі туризм тек демалыс орындарын көбейту емес, жергілікті өнімді өткізуге, шағын кәсіпкерлікті дамытуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретін сала. Егер бұл жобалар өз деңгейінде жүзеге асса, ауданның табиғи және тарихи ерекшеліктері экономикалық әлеуетке айналмақ.  Туризмнің дамуы ауылдық жерлердегі шағын және орта кәсіпкерліктің өрісін кеңейтуге де серпін бермек. Қонақ үй, қоғамдық тамақтану, сауда, көлік қызметі, ұлттық қолөнер мен жергілікті өнімдерді өткізу секілді бағыттардың барлығы туристік ағымның артуымен бірге дамиды. Әсіресе, ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көздерін қалыптастырып, туған жердің табиғи және мәдени ерекшеліктерін кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Сондықтан ауданның туристік жобаларына тек демалыс орындарын салу тұрғысынан емес, тұтас экономикалық тізбекті қалыптастыратын бастама ретінде қараған жөн.

Ауданның дамуы тек ірі жобалармен өлшенбейді. Тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін ауызсу, абаттандыру, жол, экология мәселелері де назардан тыс қалмауы тиіс. Құлан ауылындағы Дендро саябағының жағдайын зерделеу барысында оның едәуір бөлігі тозғаны анықталған. Осыған байланысты көгалдандыру, суару жүйесін реттеу және абаттандыру жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Ол – ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін қоғамдық кеңістікті қайта жаңғыртуға бағытталған қадам. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының толу деңгейінің 90 пайызға жетуі де өзекті мәселе. Жаңа полигонға жер телімі белгіленген. Облыс әкімі оны қараша айына дейін пайдалануға беруді, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіріп, экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Луговой ауылындағы «Түрксіб» теміржол вокзалының құрылысы да бақылауда. Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Нысанның уақытында әрі сапалы аяқталуы жолаушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары барсында облыс әкімінің тұрғындармен тікелей кездесуі де түйткілді мәселелердің жылдам шешілуіне жол ашады. Мәселен, Ербол Шырақпайұлының бұл жолғы жұмыс сапарындағы тұрғындармен кездесу барысында «Арай» тұрғын алқабының №9 көше тұрғындары ауызсу мәселесін көтерді. Аймақ басшысы аудан әкімдігіне мәселені жедел шешуді тапсырды. Бұл өңірді дамытуда халықтың нақты сұранысы мен ұсынысы басты назарда екенін көрсетеді. Сонымен қатар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің тозығы жеткен көмір қазандығын газға ауыстыру және нысанға апаратын жолды жөндеу жөнінде тапсырма берілді. Мұндай мәселелердің дер кезінде шешілуі әлеуметтік нысандардың тұрақты жұмыс істеуіне тікелей әсер етеді.

 

Ауылшаруашылығы мен инфрақұрылым – басты назарда

Тұрар Рысқұлов ауданындағы инвестициялық жобалардың басым бөлігі нақты экономикалық нәтиже беруге бағытталған. Құс фабрикасы, сүт тауарлы фермасы, мал бордақылау алаңдары, суару машиналарын құрастыру цехы, автокөлік тіркемелерін шығару өндірісі секілді жобалар жергілікті экономиканың жаңа бағыттарын қалыптастырады. Әсіресе құны 20 млрд теңгеге бағаланатын «КазПромЛит» ЖШС жобасының әлеуеті жоғары. Кварцит өндірісінің байыту фабрикасын, сондай-ақ кварцты тақтайша, фарфор және керамика өндірістерін жолға қою жоспарланып отыр. Жоба іске асқан жағдайда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. 

Аталған жобалардың тағы бір маңызды қыры – аудан экономикасын бір ғана салаға тәуелді етпей, әртараптандыруға мүмкіндік беруі. Ауылшаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету мен туризм қатар дамыған жағдайда жергілікті бюджетке түсім артып, халықты жұмыспен қамту мүмкіндігі де кеңейеді.

Ауылшаруашылығына бағытталған жобалардың да салмағы бөлек. Өйткені ауданның негізгі экономикалық тіректерінің бірі – жер мен еңбекке негізделген агросала. Мал бордақылау алаңдарының, сүт өндірісінің, құс шаруашылығының дамуы ауылдағы өндірістік әлеуетті күшейтіп қана қоймай, жергілікті жерде өнім өндіру мен оны өңдеу мүмкіндігін арттырады. Ал суару технологияларын жетілдіру егіншілік тиімділігін көтеруге жол ашады. Яғни жаңа жобалардың әрқайсысы ауданның экономикалық құрылымына өзіндік үлес қосып, қосымша құн қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Инвестициялық жобалардың нәтижелі жүзеге асуы үшін ең алдымен жоспарланған жұмыстардың сапасы мен мерзімі сақталуы қажет. Бұл жерде жауапты мекемелердің ғана емес, жобаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлердің де жауапкершілігі маңызды. Өйткені тұрғындар үшін жаңа нысанның қашан салынып біткені ғана емес, оның кейін қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні де маңызды. Тұрақты жұмыс орны ашылып, қызмет сапасы жақсарып, жергілікті өнімнің көлемі артқан кезде ғана инвестицияның нақты нәтижесі көрінеді. Аймақ басшысының жұмыс сапары аудан диқандарымен кездесумен қорытындыланды. Ербол Қарашөкеев ауылшаруашылығына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтіп, егін орағын жоғары қарқынмен жүргізуді, өнімді қысқа мерзімде әрі ысырапсыз жинауды және техникалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Тұрар Рысқұлов ауданындағы бүгінгі өзгерістерге қарасақ, өңірдің даму бағыты айқын көрінеді. Мәселен, мектеп, спорт залы, саябақ, вокзал секілді әлеуметтік нысандар жаңаруда. Сонымен бірге өндіріс, ауылшаруашылығы, қызмет көрсету мен туризмге инвестиция тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Ең бастысы, бұл жобалардың барлығы аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс. Өйткені өңірдің шынайы дамуы миллиардтаған инвестиция көлемімен ғана емес, сол қаржының елді мекендерге, адамдардың өміріне әкелген нақты өзгерісімен өлшенеді. Бүгінде Тұрар Рысқұлов ауданында қолға алынған жобалар осы үдеден шығуға бағытталған. Ендігі міндет – басталған істі соңына жеткізіп, әр жобаның сапасы мен тиімділігін қамтамасыз ету. Сонда инвестиция да, жаңа нысандар да, экономикалық өсім де ең басты құндылық  халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етпек.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,

Жамбыл облысы

Тұрар Рысқұлов ауданы

 

20.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27072
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26540
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43871
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39663
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44222