Аудан көрсеткіштері межеден асып түсті

Аудан көрсеткіштері межеден асып түсті

Ауылшаруашылығы – ақ дастарқанды азық-түлікке толтыратын сала ғана емес, халықтың тұрмыс сапасына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін негізгі тіректердің бірі. Бұл тұрғыда соңғы жылдары Жамбыл ауданы аграрлық сала бойынша тұрақты өсімді көрсетіп келеді. Бұл – нақты көрсеткіштерден де, іске асырылып жатқан жобалардан да айқын аңғарылады. 

Өткен жылы аудан диқандары мен шаруалары 67,7 млрд теңгенің ауылшаруашылығы өнімін өндірген. Оның ішінде егін шаруашылығының үлесі 47,3 млрд теңге болса, мал шаруашылығында 20,2 млрд теңгенің өнімі алынған. Жыл қорытындысында 10,8 мың тонна ет (тірідей салмақта), 27,5 мың тонна сүт және 54,3 млн дана жұмыртқа өндіріліп, жоспарланған межелер толық орындалды. Биылғы жылдың болжамы одан да жоғары. Жалпы өнім көлемі 73,63 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Соның ішінде егін шаруашылығында 49,5 млрд теңгенің өнімі алынбақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға артық. Мал шаруашылығында да өсім бар. Меже 24,1 млрд теңгеге жетіп, көрсеткіш 5,4 пайызға көбейеді деп жоспарлануда.

Серпінді дамудың сындарлы көрсеткіші агросекторға тартылған инвестиция көлемінен де анық байқалады. 2025 жылдың екінші тоқсанында ауданға 456,3 млн теңге қаржы құйылып, бұл жоспарланған 438,7 млн теңгеден асып түсті. Қаражат бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Атап айтқанда «AzNur Agro» кооперативіне – 91 млн теңге, «Ақжол» сүт фермасына – 120 млн теңге, Гродеково ауылындағы балық шаруашылықтарына – 75 және 95 млн теңге, ал Тастөбедегі агрожобаға – 75,3 млн теңге бөлінді. Айрықша атап өтерлігі, тамақ өнеркәсібіне қарастырылған қаражат толық игеріліп қана қоймай, жоспардан асыра орындалды. Белгіленген 555,2 млн теңгенің орнына 555,3 млн теңге жұмсалған. Бұл қаржыны тиімді игеру мәдениетінің қалыптасқанын көрсетеді.

Аудан диқандарының еңбегі егіс пен орақ науқандарында да айқын көрініс тапты. Биылғы егіс көлемі 52 428 гектарды құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш сәл азайғанымен, бұл жердің бір бөлігі Тараз қаласының аумағына өткеніне байланысты. Егіс құрылымында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 17,5 мың гектарды, майлы дақылдар 2,5 мың гектарды, қант қызылшасы 720 гектарды, көкөніс пен бақша өнімдері 6,5 мың гектарды (оның ішінде картоп 304 гектар) қамтиды. Ал малазықтық дақылдар 24,8 мың гектар жерге егілген. Көктемгі егіс науқаны белгіленген мерзімде толық аяқталса, қазір орақ жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 7105 гектардың 5055 гектарынан өнім толық жиналды. Орташа түсім гектарына 7,2 центнерден айналуда. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан төмен болғанымен, шаруалар мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті арттыруға күш салып отыр. Науқанға барлығы 34 комбайн тартылған, оның 17-сі жалға алынған техника.

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов биылғы науқанды сәтті жыл деп бағалап: «Мемлекеттік қолдау мен диқандардың тынымсыз еңбегі арқасында жаңа технологиялар енгізіліп, өнімділік артып келеді. Басты мақсатымыз – тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өніммен қамту», – дейді. Шын мәнінде, аграрлық саладағы тұрақты өсім мен инвестициялық белсенділік Жамбыл ауданын облыстың ғана емес, елдің агросекторындағы ілгері дамып келе жатқан өңірлердің қатарына қосты.

Жамбыл ауданында ауылшаруашылығы бүгінгі таңда экономиканың басты қозғаушы күші болып отыр. Инвестиция көлемінің артуы, өндірістің ұлғаюы, агротехникалық базаның жаңаруы – бәрі де аграрлық саланың болашағы берік екенінен хабар береді. Бұл бағыттағы қажырлы еңбек пен жүйелі саясат ауданды азық-түлік қауіпсіздігінің сенімді тірегіне айналдырып, ауылшаруашылығын дамытудың жаңа белестеріне бастайтыны анық.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,

Жамбыл облысы

 

04.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17686
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17531
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32717
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31290
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34960