Кеңес Одағының қабырғасын сөккен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы дүниені дүр сілкіндірген айтулы оқиға болды.
Қазақ жастарының ерлігі тек Қазақ елінің ғана емес, Кеңес Одағы құрамындағы он бес республиканың дербес мемлекет болып тәуелсіздік алуына жол ашты.
Алматы алаңындағы сол оқиғаға біздің ауданнан да 30-ға жуық жерлестеріміз қатысты. Мыңдаған қазақ жастарымен бірге ұрандатып алаңға шықты.
Биыл Желтоқсан оқиғасына 38 жыл толды.
Бүгін аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен ауданымыздағы желтоқсаншылармен кездесу өтті.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов қатысып, жиналғандарды Желтоқсан оқиғасына 38 жыл толуымен және алдағы келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Өз сөзінде Желтоқсан оқиғасының маңыздылығына тоқталып, ақырған аязды күні еліне, жеріне деген адал махаббатын ту етіп, мұз жастанған қайсар жандармен кездесудің, пікірлесудің мәні жоғары екендігін, жас ұрпақтың санасына ар-намыс, бойына қазақстандық патриотизмді сіңіруде ұлт намысы үшін алаңға шыққан желтоқсаншы азаматтардың қайсарлығы мен өршіл рухы кейінгі ұрпаққа өнеге екендігін атап өтті.
Бұдан кейін "AMANAT" партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұратбек Есмұрзаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірсе, Алматы алаңындағы сол бір қырғынды көзімен көріп, оқиғаның ортасында болған желтоқсаншылар атынан аудандық «Желтоқсан-86» ұйымының төрағасы Нұржан Есмаханов сөз сөйлеп, желтоқсан оқиғасын еске алып, шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға аудан әкімінің және "AMANAT" партиясы аудандық филиалының естелік сыйлықтары табысталды.
Желтоқсан оқиғасы орын алған сол бір зұлмат кезеңді бейнелеген көрініспен басталған кездесу әдеби- сазды кешке ұласып, шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындады.