Ауданның аграрлық әлеуеті артып келеді

Ауданның аграрлық әлеуеті артып келеді

Жамбыл облысының оңтүстігінде орналасқан Т.Рысқұлов ауданы биылғы он бір айдың қорытындысы бойынша тұрақты өсім көрсетіп отыр. Негізгі экономикалық бағыты ауылшаруашылығына негізделген ауданның жалпы өндірілген өнім көлемі жыл соңына дейін 81,9 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Оның ішінде ауылшаруашылығы саласы 46,8 млрд теңге көлемінде өнім өндіріп, аудан экономикасының негізгі тірегіне айналды.

Дегенмен биылғы қуаңшылық егін шаруашылығына айтарлықтай әсер етті. Аудандағы 100 761 гектар масақты дақылдың 20 076 гектары өнім бермей қалғаны белгілі болды. Орылған 80 685 гектардан бар болғаны 48 411 тонна астық жиналып, орташа түсім 6 центнерден аспады. Соған қарамастан, өзге ауылшаруашылығы дақылдары бойынша түсім көңіл қуантады: 528 гектар пияздан 24 552 тонна, 502 гектар картоптан 11 022 тонна, 2 501 гектар сафлордан 1 376 тонна және 103 гектар жүгеріден 618 тонна өнім алынған. Қант қызылшасы бойынша жинау жұмыстары жалғасуда, 215 гектар алқаптағы өнімді қазу ісін жеті шаруашылық жүргізіп жатыр.

Күзгі дала жұмыстары да жоспарға сай іске асырылуда. Биыл 60 560 гектарға күздік бидай себу жоспарланса, оның 33 200 гектары немесе 54,2 пайызы орындалған. Дала жұмыстарын атқаруға 162 техника жұмылдырылған. Жалпы ауданда 1 137 ауылшаруашылығы техникасы бар, ал жыл ішінде 490,5 млн теңгеге 67 жаңа техника сатып алынып, техника паркін жаңарту толығымен жүзеге асырылды. Сонымен бірге шаруалар 16 519 тонна тыңайтқышқа өтінім беріп, оның 16 485 тоннасын алған. 10 296 тонна жеңілдетілген дизель отыны толық игеріліп, шаруаларға литрі 254 теңгеден жеткізілді.

Мемлекеттік қолдау шаралары да ауданның аграрлық секторын дамытуға айтарлықтай ықпал етіп отыр. «Кең дала» бағдарламасы аясында 43 шаруашылық 1 344,5 млн теңге несие алған. Тауарлы несие беру жоспары да толық орындалды: алты азаматқа 662 бас қой берілді. Жыл соңына дейін жоспардың толық орындалатыны күтілуде. Сонымен қатар «Ауыл Аманаты» жобасы бес ауылдық округте жүзеге асып, 2 663 аула қамтылды. Жоба аясында 4,4 млрд теңге несие беріліп, 847 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелді, 863 адам жұмыспен қамтылды, 32 289 мал басы және 33 дана ауылшаруашылығы техникасы сатып алынды. Алты жаңа кәсіпкерлік нысан ашылып, қосымша жұмыс орындары құрылды. Келесі жылы жоба жалғасын тауып, 82 азаматқа 624,2 млн теңге несие берілуде.

Ауданның жалпы экономикасы да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Өнеркәсіп саласындағы өнім көлемі 17,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 102,5 пайызға орындалды. Құрылыс жұмыстары 10 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,7 пайызды көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,3 млрд теңгеге жетіп, 154,9 пайыз деңгейінде орындалған. Бөлшек сауда көлемі 7,2 млрд теңгені құрап, 109,6 пайыз өсім көрсетті. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 12 880 шаршы метр болып, жоспар 103,7 пайызға жеткен.

Мал шаруашылығында қысқы дайындық басты назарда тұр. Бүгінде ауданда 238 мың тонна пішен, 53,1 мың тонна сабан және 37 мың тонна құнарлы жем толық дайындалған. Бұған қоса, өткен жылдан қалған 100 мың тонна шөп қоры бар. Бұл көрсеткіштер ауданның мал қыстату науқанына толық дайын екенін аңғартады.

Қорытындылай айтқанда, Т.Рысқұлов ауданы қуаңшылық сияқты қиындықтарға қарамастан, аграрлық саланы дамытуда тұрақты қарқын көрсетуде. Мемлекеттік бағдарламалар тиімді жүзеге асып, шаруалардың еңбегі нәтижесінде аудан экономикасы алға басып келеді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы
11.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21187
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20968
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 36150
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34589
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38514