Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл
Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың қайғылы беттерінің бірі.
1972 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы Ауғанстанға Кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады. 1979 жылы 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасына өтіп, 1989 жылдың 15 ақпанына дейін, 10 жылға жуық соғыс қимылдарын жүргізді.
Шайқас барысында жеңіс пен жеңіліс, ерлік пен орны толмас шығындар да болды. Көптеген жерлестеріміз, сол тұстаға балаң жігіттер, осы соғысқа қатысып, біразы Ауған жерінде қаза тапты.
Бұл соғыстың шарпуы Сарысу ауданына да тиді. Ауған соғысына біздің ауданнан да азаматтар қатысып, әскери борышын өтеді. Біраз сарысулық жауынгерлер Ауған жеріне алғашқылардың бірі болып енді. Солардың бірі Жақыпбеков Жаңатай Байдалыұлы.
Жақыпбеков Жаңатай Байдалыұлы 1960 жылы 21 желтоқсанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңаарық ауылында дүниеге келді. Жаңаарық ауылындағы «Сарысу» орта мектебін 1978 жылы аяқтап, 1 жыл кәсіптік-техникалық училищеде оқиды.
1979 жылы сәуір айында әскер қатарына шақырылады. Алматы қаласындағы №77800-ші әскери бөлімге түсіп 6 ай дайындықта болады. 1979 жылдың 25 желтоқсаны күні арнайы дабыл қағылып, әскерлерді Алматыдан Термезге әкеліп, 5 күннен кейін Ауғанстан жеріне кіреді.
Осы күні Ауған жеріне кірген әскерлердің қатарында Жаңатаймен бірге Төребеков Марат және Сүлейменов Әли деген сарысулық азаматтар болды.
Сол кезде алғаш Ауған жеріне Кеңес әскерлері енгізілгенде қазіргі «Халық қаһарманы», генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев «аға лейтенант» шенінде батальон командирі, ал, ауған соғысының батырының бірі, полковник Байғали Қоқымбаев «аға лейтанат» шенінде Жаңатайдың рота командирі болған еді.
Ауған соғысының батырлары Бақытжан Ертаев, Байғали Қоқымбаев және сарысулық жауынгерлер Төребеков Марат, Жақыпбеков Жаңатай туралы ауған соғысының ардагері, Парламент Мәжілісінің депутаты болған Бақтыбек Смағұловтың «Мен көрген соғыс» атты естелік кітабында кеңінен баяндалады.
Ауған соғысы жайын бүгінде Жаңатай аға былай деп еске алады.
«Алғаш ауған жеріне кірген кезімізде жағдай ауыр әрі қиын еді. Жат жерде, таулы-тасты, ойлы-қырлы, соқпақты ауған жерінде дұшмандардың бекінісінің көзін жою үшін әскери операцияларға жиі шығып отырдық. Тіпті, бір әскери операциясы кезінде бір ротадағы әскердің жартысынан көбі қаза тапты. Қаза тапқандар ұшақпен елге қайтарылып жатты. Ауыр жағдайларды жүрекпен өткізіп, көзбен көрдік. Қаза болған жігіттердің денесі салынған табытпен бірге ұшуға тура келді. Әскерде танысып, жақын араласқан қаруласым, қызылордалық Серік Баймаханов деген жігіт қаза тапқанда, командирдің шешімімен жауынгердің сүйегін туған жері Қызылордаға бірге апарысып, жерлеуіне қатыстым. Бұндай жағдайлар жанымызды ауыртып, жүрегімізді сыздатты. Ондай күндер келмеске кетсін. Жат жерде жүргенде өз еліңнің қадірі қатты білінеді», - дейді ардагер өткен жылдарды еске алып.
Сондай-ақ, өзінің командирі, қазіргі уақытта отставкадағы полковник Байғали Қоқымбаевқа көбірек тоқталды. «Командирміз Байғали Қоқымбаевты қаруластары мен солдаттары «Кока» деп атап кеткен. Ол керемет әскери маман, тактик, тәжірибелі командир болды. Оның осы білімділігі мен тәжірибесі, әскери тактикасы өзінің қарамағындағы жауынгерлердің өмірін көп жерде сақтап қалды. Ол жаңадан әскерге алынған, соғыс көрмеген, жат жерге соғысқа барған біз сияқты балаң жігіттерді әскери ұрысқа тәрбиелеп, үйретті. Күндіз-түні солдаттарды дайындап, дұрыс жүгіру, еңбектеп жүру, қоян-қолтық ұрыстың әдістері, оны дұрыс қолдана білуді мәжбүрлеп үйретті. Солдаттарды нағыз мұздай құрсанған жауынгерлерге айналдырды. Байғали Қоқымбаев әскери шеберлігі, командирлік білімділігі және офицерге тән тактикасымен өз ротасын жау қоршауынан және өзге де қауіпті жағдайлардан алып шығып отырды»-дейді ауған соғысының сарбазы өз командирі жөнінде.
Ауған жерінде Кабул, Жалалабад қалалары, Мазар Шариф, Құндыз провинциясы, өзге де жат жердің аймақтарында болып, ұрыс қимылдарына қатысқан Жаңатай Жақыпбеков 1981 жылы маусым айында елге аман-есен оралады. Елге келгеннен кейін Жаңатас қаласындағы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешеніне жұмысқа орналасып, зейнетке шыққанға дейін 40 жылдан аса машинист болып еңбек етті. 2023 жылдың желтоқсан айынан бері зейнет демалысында.
Жаңатай Жақыпбеков ауған соғысының жауынгері әрі ардагері ретінде «70 лет ВС СССР», «Войну-интернационалисту», «От блогодарного афганского народа», «15 лет вывода СВ из ДРА», «За воевые заслуги», «20 лет вывода СВ из ДРА» «25 лет вывода СВ из ДРА», «30 лет вывода СВ из ДРА» медальдармен, «За сомоотверженный ратный труд в ТУРКВО», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
Бұдан бөлек, еңбек еткен жылдарында салалық марапаттармен, Алғыс хаттармен марапатталған.
Қазіргі таңда Жаңатай аға ауған соғысы ардагерлері ұйымының мүшесі ретінде аудандағы қоғамдық шараларға, жастарға патриоттық тәрбие беру жұмыстарына белсене араласып келеді.
Жаңатай ағамыздың жұбайы Есенбаева Зура Жақашқызы зейнеткер әрі ұзақ жылдан бері аудан кәсіпкерлігін дамытуға үлес қосып келе жатқан жеке кәсіпкер. Ардагер аға жұбайымен бірге отбасында 3 ұл тәрбиелеп өсіріп, 7 немере сүйіп отырған ардақты ата мен әже.
Тәрбиелі отбасыдан шыққан Жаңатай ағаның үлкен ұлы Еркебұлан аудандық полиция бөлімінде қызмет атқарған, полиция капитаны, ішкі істер саласының ардагері. Ортаншы ұлы Аслан полиция подполковнигі, аудандық полиция бөліміндегі жергілікті полиция бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады. Кіші ұлы Али Алматы қаласындағы медицина университетінің магистратурасын бітіріп, осы сала бойынша жұмыс атқаруда. Келіндері Айгерім Тараз қаласында денсаулық сақтау саласында, ал Дана Жаңатас қаласында ветеринария саласында қызмет атқаруда.
...Уақыт өткен сайын Ауғанстандағы он жылға жуық созылған соғыс тарих бедерінде біртіндеп алыстай түсуде. Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің қай-қайсысы да азаматтық борыштарына адалдық танытып, қайсарлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті.
Ауған соғысы және оған қатысқан жауынгер ағаларымыз туралы айта отырып, біз өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезім қалыптастырып, Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, шыңдай түсетінімізге сенім мол.