«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНЫҢ МАҚСАТЫ – ауылды дамыту

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНЫҢ МАҚСАТЫ – ауылды дамыту

Ауылшаруашылығы – облыс экономикасындағы ең негізгі салалардың бірі. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін әрмен қарай да дамыту, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, туындаған мәселелерді шешу, ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсету өңірімізде күн тәртібінен түскен емес. Нәтижесі де жаман емес. Салада атқарылып жатқан кешенді жұмыстар өңір экомикасының қарқынды өсіп, тұрғындардың әл-ауқатының жақсарып, тұрмысының түзелуіне үлкен ықпалын тигізуде.

Биыл да аграрлық салада ауқымды жұмыстар атқарылып, оң нәтижелерге қол жеткізіледі деп күтілуде. Бұл туралы облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтен сұрап білдік.

Биыл ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында салаға 21,9 миллиард теңге қаржы бөлініп, бүгінге дейін 6,6 миллиард теңгесі шаруаларға субсидия ретінде төленген. Нәтижесінде жыл басынан бері салада 57,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 4,5 миллиард теңгеге артты. Оның ішінде егін шаруашылығында 679 миллион теңгенің, мал шаруашылығында 56,7 миллиард  теңгенің  өнімі өндірілген.

Сондай-ақ ауылшаруашылығының негізгі капиталына 5,7 миллиард теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 179 миллион теңге инвестиция салынған.

Басқарма басшысының айтуынша, жер емген диқандар көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындықпен кірісіп, бел жазбай еңбек етуде. 

– Көктемгі дала жұмыстары 97,5 пайызға орындалды. Бүгінгі күні облыс бойынша 108,4 мың гектар алқап жыртылып, 461,6 мың гектар алқап өңделді. Қажетті 89,8 мың тонна тұқым толығымен қамтамасыз етілді.

216,3 мың гектар жаздық масақты дақылдар, 30,6 мың гектар көпжылдық шөп, 43,1 мың гектар көкөніс, 66,2 мың гектар майлы дақыл, 10,4 мың гектар қант қызылшасы, 16,9 мың гектар бақша, 11,8 мың гектар картоп, 27,9 мың гектар біржылдық шөп және 18,3 мың гектар дәндік жүгері себілді. Жалпы жаздық дақылдар 441,7 мың гектарға егілді. 

Үкімет тарапынан көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облысқа 15,5 мың тонна дизель отыны бөлінсе, оның 14,7 мың тоннасы жеткізілді. 14 мың тонна дизель отыны белгіленген 14 оператор арқылы шаруаларға 204-214 теңге аралығында таратылды. Тарату жұмыстары 95,6 пайызға орындалды.

Дала жұмыстарына 6893 ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылған. Оның 4529-ы трактор, 1071-і соқа, 746-сы дәнсепкіш, 457-сі қопсытқыш және 90-ы тұқым дәрілегіш техникалар.

Биыл 280 мың гектар алқапқа 54,0 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланса, бүгінгі күні шаруашылықтарға 10456 тонна тыңайтқыш жөнелтілді.

Шаруашылықтарды қажетті минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету тұрақты бақылауда.

Биыл көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасына 1 миллиард теңге қарастырылып, бұл қаржыға облыстағы 78 шаруашылық несиелендірілді, – дейді Н.Жігітеков.

Жоғары өнімге қол жеткізудің негізгі факторының бірі – ауылшаруашылығы техникаларының жаңаруы. Сондықтан 2023 жылы техникаларды 12 пайызға жаңарту мақсатында 1508 ауылшаруашылығы техникасын алу жоспарланған. Қазірге дейін 337 техника алынып, жаңару көрсеткіші 2,7 пайызды құрады.

Жалпы облысымызда ауылшаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 42 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Биыл облыстағы мал саны 4,8 миллионды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға артыпты. 

Сондай-ақ биыл ауылшаруашылығында бірқатар жарқын жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. 

– Осы жылы облыста жалпы құны 11 миллиард теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асырып, 225 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жобалардың негізгі бағыты – су үнемдеу технологияларын енгізу, сүт өнімдерін өңдеу, көкөніс сақтау қоймалары, бордақылау алаңдары, сүт тауарлы фермалары, құс және балық шаруашылықтары, – деген Нұрби Рахметханұлы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы аясында қолға алынған жұмыстарды да айтып берді. 

Биыл бұл жобаға 24 миллиард теңге бөлініпті. Ал 2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен 45,5 миллиард теңге бөлу үшін бюджеттік өтінім жолданған. Аталған қаржыға 17 мыңға жуық кәсіпкерге несие беру көзделуде.

Міне, байқағанымыздай, мемлекет тарапынан салаға серпін беру мақсатында барлық жағдай жасалуда. Қолдау қомақты. Тиісінше қайтарымы да көңіл қуантарлықтай.

 

ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

Еліміздегі халық санының басым бөлігі ауылдық елді мекенде тұратыны белгілі. Олардың тыныс-тіршілігі, негізгі кәсібі, табыс көзі мал шаруашылығымен тікелей байланысты. Қалалықтардың қызылсырағанда ауыл қазағының қолына қарайтынын ескерсек, қолында 5-10 тұяғы бар қатардағы ауыл қазағының да, мыңғыртып мал айдағандардың да мәртебесін осы төрт түлік асырып отыр. Ал сол төрт түліктен алынатын ет пен сүттің, тері-терсек пен жүн-жұрқаның сапалы болуы малдың жай-күйіне байланысты. Демек, ауру-сырқаудан ада малдан адал ас, сапалы өнім алынады.

Ауылшаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылықты  өркендетуде  ветеринария саласының маңызы айрықша екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында айрықша атап өткен еді. Мемлекет басшысы аталған Жолдауда: «Ветеринария саласын да жетілдіру қажет. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді», – деген болатын.

Аталған сала бойынша өңірде қандай ілкімді істер тындырылды, Жолдау жүктеген міндет орындалды ма? Біз осы мәселеге назар аударған едік.

Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаевтың айтуынша, бүгінде Тараз қаласы мен облыстың он ауданындағы ветеринария ұйымдары мемлекеттік тапсырыс бойынша жануарлардың аса қауіпті эпизоотиялық және энзоотиялық ауруларына қарсы профилактикалық-диагностикалық іс-шараларды уақытылы жүргізуде.

Сонымен қатар шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мемлекеттік тізілімге енбеген хирургиялық көмек, паразитарлық және жұқпалы емес, инвазиялық ауруларды емдеу, дезинфекция, дератизация жұмыстарын ұйымдастыруда халыққа ақылы қызмет көрсетіп келеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша осы жылға бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралары төрт айлық жоспарға сәйкес өз деңгейінде орындалыпты. 

– Аса қауіпті аурулардың алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Соның нәтижесінде Шу мен Т.Рысқұлов ауданында құтыру ауруының бір-бір ошағы анықталды. Бұл бойынша карантин шаралары қолданылып, бүгінгі күнге аурудың көзін жою және сауықтыру жұмыстары толық жүргізілді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың тіркелуі 2 есеге төмендеді.

Қазіргі уақытта ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізіліп, бірдейлендірудің деректер қорына енгізілуде. Облыс бойынша 4 айда ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру дерекқорында барлығы 4,5 миллион ауылшаруашылық жануарлары енгізілді.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Бұған қарсы осы жылы облыс аумағында эндемиялық аймаққа енгізілген 33 елді мекенде 2,9 миллион  шаршы метр аулалар мен қора жайлар және барлығы 407 мың ауылшаруашылық жануарларына 1-кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

Дезинфекциялық дәрі-дәрмектерге берілген өтінімге сәйкес облыстық бюджеттен тікелей аудандарға барлығы 83 млн 842 мың теңге қаражат бөлініп, оған акарацидтік препараттар сатып алынды.

2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» №97-VII Заңы аясында қабылданған нормативтік құқықтық актілерге сәйкес облыс аумағында жануарларды есепке алу ісі «Таңба» ақпараттық жүйесі бойынша атқарылуда, – дейді Нұржас Нұржанұлы.

Жыл басынан бері «Jambyl 109» диспетчерлік орталығына түскен иесіз жануарларды аулау бойынша өтініштер негізінде барлығы 12 524 қаңғыбас ит және 56 мысық талаптарға сай ауланыпты. Оның ішінде Тараз қаласына тиесілі иттің саны – 5920. Жануарлар иелерінен түскен өтінішке сәйкес жануарларға электронды паспорт ашылып, ақпараттық жүйемен есепке алу және тұрғындар иелігіндегі 276 ит-мысыққа профилактикалық іс-шаралар жүргізілген.

Сонымен қоса «019-Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі қызметтер бағдарламасы» бойынша 2022-2023 жылдары «Ауыл аманаты» жобасына енгізілген 24 елді мекенде жеке қосалқы шаруашылықтар иелігіндегі мүйізді ірі қараның ішінде сиырларды қолдан ұрықтандыру жоспарланған екен. Бұл бойынша да татымды тірлік тындырылыпты.

– Бұл халықтың қарапайым мүйізді ірі қара малын асылдандыруына жол ашатын мәнді мәселе. Жобаға енгізілген барлық елді мекендердің тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, осы елді мекендерге малды қолдан ұрықтандыратын ветеринар мамандары бекітілді. Соның арқасында 317 бас аналық мүйізді ірі қара малы бағдарлама аясында қолдан ұрықтандырылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады.

Бұдан бөлек ветеринар мамандарының мәртебесін айқындау және ветеринария саласын цифрландыру бағытында қолданыстағы заңнамалар аясында оларды азаматтық қызметшілер қатарына қосу арқылы бекітілген айлық жалақысын анықтап, І-ІІ патогенді аурулармен  жұмыс  атқаратын мал дәрігерлерінің жалақысы 35-50 пайыз аралығында көтерілді. Олардың жұмысын оңтайландыру және уақытын үнемдеу үшін «VETmobile» ақпараттық жүйесі енгізілген заманауи планшеттермен қамтамасыз ету, биылғы жылдың соңына дейін қала мен аудандық ветстансаларды қосымша тағы 11 «УАЗ» автокөлігімен қамту сияқты жұмыстар жоспарланып, өз кезегімен жүргізілуде. Қазіргі уақытта облыс аумағында эпизоотиялық ахуал тұрақты және күнделікті бақылауда, – деді аталған басқарма басшысы.

Ауру малдарды сою, өлекселерді жою жұмысының да өзіндік тәртібі бар. Бұл бағытта жұмыс қай деңгейде жүріп жатқанын аталған басқарманың эпизоотияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Олжас Асембектен сұрадық. Ол өңірдегі аудандарда ауылшаруашылық жануарларының өлекселері мен олардың қалдықтарын тастау арқылы залалсыздандыруға арналған арнайы 40 биотермиялық «Беккер» шұңқырлары орналасқанын сөз етті.

– Аталған нысандар ветеринариялық-санитариялық қағидаларды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы №7-1/587 бұйрығында көрсетілген биотермиялық шұңқырларға қойылатын талаптарға сәйкестендірілген. Жануарлар арасында аса қауіпті ауру бойынша күдік туғанда қажетті сынама алу жұмыстарынан кейін немесе механикалық зақымданудан лажсыз өлген жануарлар кездессе, қоршаған ортаны ластанудан сақтау мақсатында мал өлексесі жергілікті ветеринар мамандардың қатысуымен ережелерге сәйкес акт толтырылып, биотермиялық шұңқырға биоқалдық ретінде тасталады. Облысымызда 1958-2001 жылдар аралығында барлығы 189 сібір жарасы ошағы тіркелген. Олардың барлығы санитариялық талаптарға сай бетондалып қоршалған. Ондай орынға «Сібір жарасы, қауіпті аймақ» деген ескертпе жазуы бар тақтайшалар орнатылған. Жоспарға сәйкес көмінділердің маңынан топырақ сынамалары жылына бір рет бактериологиялық тәсілмен тексеріледі. Ең бастысы нәтиже біздің пайдамызға сай болып тұр. 

Сонымен қатар еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы №2 санитариялық қағидаларын бекіту туралы «Адамның тіршілік ету ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғау аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» атты бұйрығына сәйкес сібір жарасының санитариялық-қорғаныш аймағына (ошақтан 1000 метр қашықтық) жататын аумақта нысандар құрылысына жол берілмейді. Бұл бағытта қандай да бір субъекті тарапынан құрылыс немесе басқа жұмыстар жүргізу бойынша сұраныс хаттар түскен жағдайда, ошақтар көмінділерінің орналасу координаттары міндетті түрде «Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» арқылы анықталады, – деді О.Асембек.

Облыстың ветеринария саласында атқарылып жатқан жұмыстардың реті осындай. Жалпы бұл туралы Нұржас Нұржанұлы егжей-тегжейлі баяндаған болатын. Ол жерде де ветеринария саласында еңсерілген жұмыстардың агроөнеркәсіп кешенінің алға басуына өз септігін тигізіп жатқаны баса айтылды.

Бастысы Жолдаудан туындаған міндеттердің салада жүзеге асырылуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы көңіл көншітерлік деңгейде. Уақыт өткен сайын ветеринарлық қызмет көрсету сапасы да жақсарып келеді. Төрт түліктің амандығы бағытында жұмыс атқарып жатқан ветеринар мамандар да жеткілікті.

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы
29.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 106
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 102
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 96
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 85
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 982
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1021
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 996

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5986
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5429
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8613
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6420
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7628