АУЫЛ АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ ТАНЫТҚАН ЭКСПЕДИЦИЯ ЕЛ ТІЛЕГІН БИЛІККЕ ЖЕТКІЗДІ

АУЫЛ АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ ТАНЫТҚАН ЭКСПЕДИЦИЯ   ЕЛ ТІЛЕГІН БИЛІККЕ ЖЕТКІЗДІ

«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты дәстүрлі экспедициямыздың қорытынды дөңгелек үстелі Астанада өтті

Ауыл бар жерде қазақ бар. Ауыл – ұлттық болмыстың қайнар көзі. Ауыл – ұлан-байтақ даланың бетіне басылған тарихтың мөрі. Ауыл – ұлы даланың өлшемі. Ауыл – ұлы даланың төсіне қағылған қазық.   Ауыл – қазақ халқының мақтанышы. Ауыл – төрт түліктің мекені. Ауыл – қазақылықтың бет-бейнесі. Олай болса сол ауылдарды сақтап қалу, иен байтақ даланы малға толтыру, елдің ырысы мен дәулетін арттыру – бүгінгі ұрпаққа ұлы міндет. Иә, тәуелсіздік алғалы ауылды сақтап қалуға, ауылды қорғауға түрлі бағдарламалар жасалды. «Дипломмен ауылға», «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Ауылым – алтын бесігім»  т.б.  Бірақ солардың көбінің арты сиырқұйымшақталып кетті. Талан-таражға түскен қаржыда есеп  жоқ.  Құс қанатын талдырған даламыз қаңырап жатыр. Күнкөріс үшін ауылдан қалаға көшкен жұрттың қарасы азаймай тұр. Бос жатқан жер жау шақыратынын білген билік  «Оңтүстіктен солтүстікке көшу» бағдарламасын іске қосты. Бұл да болса дәтке қуат. Көңілге жұбаныш. 

Мемлекет  қолға  алып  жатқан  ауылға қатысты түрлі бағдарламаларды үнемі қолдап келе жатқан бір басылым болса, ол –  «Qazaqstan dauiri».  Қолдап қана қоймай, 20 жылдан бері ауылмен тығыз қарым-қатынас орнатып, ел тұрғындарымен, еңбек адамдарымен, ұстаздармен келелі әңгімелер жүргізіп, ел дамуына үлес қосып жатқан  кәсіпкерлерді басылым арқылы үнемі жарнамалап келеді. «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналы және «Елана» сайтының Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы бастаған журналистер ұжымының елімізде бармаған  ауылы, баспаған тау-тасы жоқ. Қаншама қиындықтармен бетпе-бет келіп, жол азабын тарта жүріп, ауыл халқының аманатын билікке жеткізуге күш салуда.  20 жылдан аса ауыл экспедициясын ұйымдастырып, болашақ ұрпақ ел мен жердің қадіріне жетсе екен деп тынымсыз қызметтерін жалғастыруда. Бүгінгі күн тарих болса, еткен еңбек, төгілген тер, жолсапарда жазылған мақалалар мен очерктер тарих қойнауына еніп жатыр.    

Осы орайда айта кетер тағы бір жайт, көпшілікке танымал, тәуелсіздікпен түйдей құрдас «Qazaqstan dauiri» газетінің «Бабалар рухына тағзым» «Табиғатыңды аяла», «ХХІ ғасырдың ауылы қандай болмақ?», «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты – ел аманаты» дәстүрлі экспедициялары бар. Шежіресі 20 жылға таяған бұл экспедиция AMANAT партиясы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен бірлесіп жүргізіліп келген-тін. Соңғы жылдары экспедиция қатарына Оқу-ағарту министрлігі, «Ардагерлер» республикалық қоғамдық бірлестігі қатарлы ұйымдар қосылды. Алдағы уақытта Денсаулық сақтау министрлігімен экспедиция құрамы толыға түседі деген үмітіміз бар.
20 маусым күні Астана қаласындағы Республикалық «Аманат» саяси партиясының ғимаратында «Qazaqstan dauiri» басылымының дөңгелек үстелі болып өтті. Бұл басқосуға «Qazaqstan dauiri» газетінің журналистері, «Аманат» партиясы өкілдері, Парламенттегі «Ауыл» партиясынан екі депутат (Жиынға «АУЫЛ» партиясы алғаш рет қатысып отыр) келіп қатысты. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен жауапты қызметкер, Денсаулық сақтау мен Мәдениет және ақпарат министрлігінен бір-бір маманнан, Ардагерлер кеңесінен бір ақсақал, шалғайда жатқан Алматы облысы мен сонау Торғай өңірінен бірнеше азаматтар арнайы келді. Сондай-ақ «Ел Ана» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты мен «Мөлдір бұлақ» журналы қызметкерлері, «Айқын» газетінің тілшісі мен «Хабар» арнасынан тілші мен оператор қатысып, бірлескен дәстүрлі экспедицияның «Ауыл аманаты – Ел аманаты» атты 2023 жылғы қорытындысы шығарылды.
Ең өкінішті жері арнайы шақырту алған Оқу-ағарту мен Энергетика министрлігінен бір шенеунік қара көрсетпеді. Бұл министрліктерге ерекше назар аударып отырғанымыз «Ауыл аманаты – Ел аманаты» экспедициясы қарсаңында мұғалімдер мен электр қуатына қатысты ел тұрғындарының сауалдары көп-ақ еді. Аманатқа қиянат болмасын деп, көптің өтініші мен арызын дөңгелек үстел барысында жеткізу көзделген-тұғын. Олай істеуге еш мүмкіндік болмады. Халықтың талап-тілегіне немқұрайлы қараған қос министрлікке не деуге болады? Халықтан алыстаған шенеуніктердің ақыры не болатыны көпке белгілі. Есесіне дөңгелек үстелге алыстан ат арытып Қостанай облысы Торғай өңірінен екі белсенді азамат, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Кемертоған елді мекенінен үш белсенді арнайы келіп, елдегі болып жатқан жағдайларды бүкпесіз ортаға тастап, ел мен билік арасына алтын көпір бола білді. Жиында жыл бойы газет көтерген, көптеген шешімін күтіп отырған проблемалар талқыға түсті. Мысалы «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы Ұлытау, Маңғыстау, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында болса, «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы Ақмола, Көкшетау, Алматы, Жетісу, Қызылорда, Павлодар облыстарын аралағаны белгілі. «Qazaqstan dauiri» газеті Бас редакторының орынбасары Нағашыбай Қабылбек Қостанай облысы мен Арқалық қаласы, Амангелді, Жангелді аудандарын аралап шықты. Ал, Бас директорымыз Сәуле Мешітбайқызы күллі облыста алдына екі мәрте, артына бір мәрте іссапармен аудандарды, ауылдарды көріп, халықпен сөйлесіп, тұрмыс-тіршіліктерін біліп қайтқан болатын. Әр сапарда ауыл адамдарымен, шаруалармен, зиялы жұрт өкілдерімен, оқу орындарымен, ұстаз-шәкірттерімен кездесу басты міндет. Елдің тұрмысы, баққан малы, еккен егіні, мектептердің жай-күйі, ауылдың хал-қадірі де көзден таса қалмайды. Ол туралы жазылған мақала, көтерілген проблемалар газет бетінде сайрап жатыр. Мақсат: төмен мен жоғарыны, билік пен қарапайым халықты жалғастырып ортақ үйлесім табу. Мемлекеттік бағдарламалардың қалай іске асып жатқанын көзбен шолу. Халықтың көңіл күйіне назар салу.
Ерекше айтқымыз келетіні, бұл жолғы дөңгелек үстелге «Аманат» партиясы үлкен маңыз беріп, бас кеңселеріне шақырып, ұйымдастыру шараларына қол ұшын созды. Бұл үшін айтар алғысымыз шексіз.
Данияр Қасқарауов, Анас Баққожаев секілді Парламент Мәжілісінің депутаттары келіп, ортаға түскен мәселені тыңдады, жазып алды, батыл ойларын қосып, «батпандап кірген аурулардың мысқалдап шығуына» атсалысатындарын ашық айтты. Басты көтерілген мәселе ауылдағы ағайынның хал-жағдайы мен ұрпақтың тәрбиесі төңірегінде өрбіді. Ұлттық құндылық, ұлт болашағы басты бағыт болды. Ауылдағы елдің мұңын, су тасқынынан зардап шеккен жұрттың туындап отырған мәселелерін Торғайдан келген екі азамат қатысушылардың қаперіне салды. Тоғыз айдан бері нүктесі қойылмаған Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Кемертоған оқиғасы» үш азамат тарапынан ортаға салынып, жол, су, электр энергиясы, басқару жүйесі мәселелерінен биліктен жауап күтіп отырғандарын айтты.
Ауруханада ауырып жатқанына қарамастан, сұранып шыққан «Qazaqstan dauiri» ЖШС және «Мөлдір бұлақ», «Елана» сайттарының Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы дөңгелек үстелдің шылбыр-тізгінін өзі қолға алып, ойын жинақтап, сөзін шиырып, әр спикерге кезек-кезек сөз беріп, 3 сағатқа созылған модераторлық қызметін жақсы атқарып шықты.
Әр жылы өтетін қорытынды дөңгелек үстелге қатты қызығушылық танытқан депутаттар «Елдің ертеңіне арналған жиналыс мұнан да дабыралы, ауқымды түрде өтуге тиіс. Ол үкіметтік деңгейде, министрлердің қатынасуымен тыңдалу керек. Ел үшін айтылған сөз неге елеусіз қалады?!» деп, өз ризашылықтарын білдіріп те жатты. Дөңгелек үстелге ерекше назар аударған, экспедиция кезінде тұрақты түрде үздіксіз қолдап келген «Аманат» партиясына және ақпараттық қолдаушылық танытқан «Хабар» агенттігіне ризашылығымыз шексіз.
Жиынға қатысқан депутаттар оқылған баяндамаларды өздерімен бірге ала кетті. Алдағы жерде айтылған жағдайлардың нәтижесі қалай болатынын қадағалап отыратындарын жасырмады. Біздің де ұлы мұратымыз – экспедиция барысында газет көтерген мәселе мен елдегі шешімін күтіп отырған сұрақтар оңды реттеліп жатса болғаны да!.. Өкініштісі, газетке жазылмайтын, газет оқуды ұмыта бастаған «оқырман» біздің жайды, бейнетіміздің зейнетін сезіне қояр ма екен?..

 

ҰСТАЗДАР АМАНАТЫНА ҚҰЛАҚ ТҮР, БИЛІК!

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
«20 жылдан бері еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарды аралап келеміз. Ел Президенттерінің ауыл туралы бағдарламаларына үнемі қолдау білдіріп, жазып, дәстүрлі экспедициямыз аясында ақпараттандырамыз. Жылына екі мәрте бар өңірді, оңтүстік пен солтүстік, шығыс пен батысты шарлап шығамыз. Мақсатымыз айқын, ауылдағы ағайынның хал-ахуалын білу. Тұрмыс-тіршіліктерін саралау. Аманаты мен датын жоғарыға жеткізу.
Өз басым қай ауылға барсам да, алдымен мектебіне бас сұғамын. Себебі мен анамын, мен ұстазбын. Біздің газетіміздің ұраны да «Болашақ үшін бәріміз жауаптымыз!» делінуі бекер емес. Жасыратын несі бар, болашаққа, ертеңге алаңдаймын. Күнделікті өмірде, әлеуметтік желіден көріп жүрген ұлдың намыстан, қыздың ұяттан безуі мені қатты алаңдатады. Жүрегімді ауыртады. Қаншама жылдардан бері білім саласына жол таппап едік, қазір Аллаға шүкір, Оқу-ағарту министрлігімен біргеміз. Министр Ғани Бейсенбаев мырзаға алғысымыз шексіз. Ақпарат құралдарынан оқып жатқан боларсыздар, балалар журналын насихаттау барысында балалар журналы редакторларымен Алматы, Астана, Оңтүстік облыстар – Қызылорда, Шымкент, Түркістан, Жамбыл өңірлерінде оқушылармен, ұстаздармен кең көлемде кездесулер өтті. Сең қозғалды. Күзде жақсы жұмыстар жүргізіледі деп ойлаймын. Бүгінгі дөңгелек үстелге түрлі объективті, субъективті себептермен Оқу-ағарту министрлігінен ешкім келмеді. Дегенмен халықтың, соның ішінде ұстаздар қауымының аманатын арқалап келіп отырмыз. Айтыңыздаршы, біз кім үшін өмір сүріп жатырмыз?
Әрине, болашақ үшін. Білімді ұрпақ өсіру үшін. Газетімізде «Ұлттық құндылық – тәрбиенің қайнар көзі» деген пилоттық жобамен бірнеше облысқа бардық. Оның бәрі тарих болып газетімізде қаттаулы тұр. Оқу-ағарту министрлігінен ешкім келмесе де, педагогтердің аманатын газет арқылы жолдаймыз. Бұл мақаламыз Үкіметтің де назарына ұсынылатынын айта кеткім келеді.
Мектептерде ротация, директорлардың бір жерде жылдап отыруы, мектепті өзінің жекеменшігіндей көруі – түйсінгенге үлкен мәселе! Мұны кезінде А. Аймағамбетов бастап кеткен еді. Әйтсе де ротация әлі күнге толық қолға алынған жоқ деп айтар едім. Аралары 5-3 шақырым ауылдар бар. Оларды ауыстырмайды. 10-15 жыл отырған директорлар бар. Ол жерден қандай тәртіп күтуге болады?
Жекеменшік мектептерге де кейін келеміз, олар қазір бар өңірде көбейді. Олардың басында отырғандар ақшасы барлар. Олар елдің қамын ойлап отырған жоқ. Олардың оқу ақысын төлей алмайтын жұрт не істемек?
Жекеменшік мектептер туралы заң өзгермей, бұл іс көгермейді. Көктемейді. Зияны шаш етектен болмақ. Қазір кей жерлерде көрініс беріп те тұр…
Жалпы ауылдағы білім, медицина саласын вертикальды басқару жүйесі де өзінің көп кедергісін тигізуде. Мысалы Қостанай, Жамбыл облыстарында, (тағы басқа да елді мекендерде) ана шеті мен мына шеті мың шақырым аймақты облыста отырып басқарады. Аудандық білім бөлімдерінде ешқандай билік жоқ. Осы айтылғандай, облыс басқару тізгінін ауданға қайтарса деген ұстаздардың үлкен өтініші бар. Жергілікті билікте пәрмен болмаса, оқу-тәрбиенің, өзге де кез келген саланың төмендеуіне апарып соғады.
Сосын мұғалімдердің педагогтық мәртебені қайта қарау керек деген ұсыныстары бар. Қай облысқа барсақ та бұл сауалдар алдымыздан шығады. Қазіргі таңда ұлттық құндылықтардың төмендеп, тәрбиенің азайып бара жатуына байланысты тәрбие сағаты туралы қайта қарайтын мәселелер көп екені айтылады. Мысалы балаларды жұмсауға болмайды, оқушылар бұрынғыдай өзі отырған партасын сүртіп, еденін жуып кетпейді. Есіктің алдын тазаламайды, сенбілікке қатыспайды. Себебі ата-аналар айқай шығарады. Жапонияда балабақшадан баланы еңбекке баулиды.
Мұғалімдер мектепте жүктеменің көп екенін айтып жылайды. Шындық қой, бізде сырт елдің менталитеті бөлек ұлттардың тәжірибелерін, бағдарламаларын тықпалай беру үрдісі бар. Осыны қоятын уақыт жетті. Тағы бір айтатын мәселе ерте жүктілікке байланысты. Дым білместер «жыныстық қатынас» жайында сабақ өткізу керек дейді. Алайда олар халықпен санаспай отыр. Көп өңірдегі ұстаздардың өтініші, жыныстық сабақ емес, ұлттық құндылық, ата-баба салт-дәстүрі негізінде сабақтар өткізілсе дейді. Бұл да көкейге қонады. Дін сабағы да бізге өте қажет. Бұл пән бастауыш сыныпта оқытылуы тиіс. Бұл келер ұрпақты діни ағымнан қорғау үшін қажет. Психологтардың сағат саны аз. Ал мектептерде суицид құрбандары, құмар ойынға дәніккен балалар көбейіп бара жатыр. Психологтардың сағатын көбейтіп, бала санын 12-ден асырмай топтарға бөлуді қолға алса игі іс болар еді. Бұл – барлық мектептердегі үлкен проблема. Бұл да тез арада шешілмесе, мәселе ушыға түспек. Балалардың психологиялық жағдайы мен мінез-құлқындағы алғашқы проблема мектепке дейін және мектеп жасында анықталады. Сондықтан педагог-психологтар оқушыларға жеке көмек көрсету үшін көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру мәселесін қарастыруы керек.
Оқу-ағарту министрінің №224 бұйрығындағы нормативке сәйкес, психологтардың штат саны мектептегі жалпы сынып бойынша есептелген. Осыған сәйкес, кез келген білім беру мекемесінде психолог штаттары 0,5-тен 2 бірлік арасында қарастырылған. Мысалы, орташа есеппен 1,5 мың бала оқитын мектептерде 60, ал 4,5 мың және одан да көп оқушы бар білім беру ошақтарында 170-тен көп сынып бар. Яғни, 1 психолог 2 мың оқушыға және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қызмет көрсетіп жатыр. Психологтың үлкен жүктемесі болуына байланысты, нақты мұқтаж адамға көмек берілмейді, өкінішке орай.
Еңбек сабағын мектептерден алып тастаған. Не үшін? Баяғыда еңбек сабақтары болатын. Қазір технология сабағы бар. Меніңше, алдағы уақытта еңбек сабағы қайта оқытылса, нұр үстіне нұр. Себебі бала еңбектің қадірін білуі керек.
Бұл айтып жатқанымның бәрі экспедиция барысындағы ұстаздардың айтқан өтініштері. Аманаттары. Алдағы уақытта Оқу-ағарту министріне тағы бір кіріп шықсам ба деймін.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ханымға кіріп, біраз ой бөлісіп, ұсыныс жасадым. Екеуара әңгімеде экспедиция туралы да сөз қозғалды. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып жүргенде ерекше қолдау білдіруші еді. Әлі де сол қалпы екен. Экспедиция жұмысымен таныс болғандықтан, министр ханым бірлесіп жұмыс істейміз деп уәдесін берді. Дөңгелек үстелімізге өкілін жіберіпті, дән ризамыз. Экспедициямызды қолдайтынын білдіргені маған ерекше қанат бітірді. Ауылға көңіл бөле бастағаны қуантты. Алдағы уақытта жақсы жетістіктерге жететінімізге сенім мол».

 

 

ЭКСПЕДИЦИЯНЫҢ МАҚСАТЫ – АУЫЛДЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСУ

Ертай Айғалиұлы, «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы:
«Ассалаумағалейкүм, елім, жерім деп еміренген, «Ауылым – алтын бесігім, тебіренген, бүгінгі алқалы жиынға алтын уақыттарын қиып, елдің, жердің, ауылдың жай-күйін, жағдайын, мәртебесін көтеруге, күрмеуі қиын өмір түйіндерін шешуге шын жүрегімен келген бауырларым, жанашырларым!
Шынында да сонау Алматыдан, Астананың ылғи қарбаласқа толы кабинеттің қамауларынан қол үзіп неге жиналып отырмыз? Осы алқалы жиынды ұйымдастырған ұжым басшысы, ауруханада ем алып жатса да шыр-шыр етіп, жасына, денсаулығына қарамай жан-жағына, іні-сіңлілеріне сауын айтып «Айналайындарым, келіңдер! Ұлтымыздың қаймағы мен аймағы орналасқан Алтын бесік ауылымыздың жағдайын күйттейік, жөндейік, соған қал-қадарымызша үлес қосайық!» деп қазақтың Еланасы Сәуле Мешітбайқызы неге мұнша жанықты? Абырой, атақ, бедел жинау үшін бе? Жо-жоқ, бұл кісі жыл сайын ерінбей, жалықпай, шаршамай, талмай бүкіл елді, ауылдарды бір аралап келеді. Ауылдың қарапайым адамдарымен жүздеседі, олардың уайымын, мұң-мұқтаждарын тыңдайды, олардың проблемаларын көңіліне қат-қаттап жинайды. Бұл қордаланып жиналған проблемалар, көкейтесті мәселелер Еланамызға маза бермейді, уәде бердім ғой халқыма. Қалай да шешілуі керек қой. Бірақ қалай шешіледі? Міне, алқалы жиынды ұйымдастырып жатқанымыздың басты себебі осы, ағайын!
Рас, қордаланған проблемалар, көкейтесті мәселелер шаш етектен. Әлбетте, «бәрі құрып бітті» деп ауызды құрғап шөппен сүртуге болмас. «Мемлекет тарапынан ауылға, ауылшаруашылығына қолдаулар ұшан-теңіз. Өркендеп, өз ауыздарына өз қолдары жетіп, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып аста-төк өмір сүрмесе де, жақсы тұрмыс кешіп, әлеуметтік жағдайларын түзеп алған ауылдар баршылық. Бірақ ондай ауылдар аз.
Бүгін дөңгелек үстел басына біраз әріптестеріміз жиналып отыр. Бұл журналистер ауыл жағдайын жетік білетін, оны қопарып жазып жүрген қазақ баспасөзінің баһадүрлері. Айтайын дегенім, біздің журналистердің өзіндік ортақ мұңымыз бар.
Басты мұң осы тәуелсіздігіміз кезінде біздің жазғанымыз, сынағанымыз, көтерген проблемаларымыз, көкейтесті мәселелерімізді, кемшіліктер, жанайқайларды билік қаперіне алмайды, көңіл аудармайды, қараусыз қалдырады. Кеңес өкіметі кезінде газет-журналдарда қылт етіп шыққан, жарияланған үлкенді-кішілі сындарды тиісті орындар қатаң назарына алып, кінәлі шенеуніктерді жазалайтын, тез арада мәселені әділ түрде шешуге кірісетін. Тәуелсіздік алғалы бұл тамаша дәстүр ұшты-күйлі жоғалды. «Төртінші билік» деген атақ-даңқы бар БАҚ-тың бағы тайды, бедел- абыройдан жұрдай болды деуге болады. Меніңше, бұл нағыз қорлық дер едім.
Елімізде қазір жемқорлықтың дес бермей өршіп тұрғанының бір себебі осы. Басқа-басқа «Ауыл – ел бесігі» экспедициясын құрғанымызға 20 жылдай уақыт болды. Осы экспедициямен бірге «Бабаларға тағзым», «Табиғат-анаңды аяла!» деген экспедицияларды қатар жүргіздік. Мұндай бүкіл республиканы жыл сайын аралайтын газет-журналдардың ешбірінде мұндай экспедиция жоқ. Қиын болса да, әлі де табанды түрде жүргізіп келеміз. Оның үстіне басшымыз Сәуле Мешітбайқызының жүргізіп жатқан тағы да бірнеше жобасы барын айта кеткен жөн. Біздің айтайын дегеніміз, осы 20 жылда экспедициямызбен барлық ауылдарда, аудандарда болдық десек, қателеспейміз. Осы жылда жүздеген проблемаларды Үкімет алдына қойдық. Орындалғандары бар, бірақ әлі де сол көкейтесті мәселелер бүгінгі күн тәртібінен түспей келеді. Президент Қ.Тоқаев ең бірінші кезекте ауыл тұрғындарының мүддесі қорғалуы керек деп атап өткенін сіздер жақсы білесіздер. «Жалпы «бармақ басты, көз қысты» дегенді мүлдем доғару қажет. Өзара ымыраласқан, астыртын шешім қабылдауға болмайды. Жекелеген шаруашылықтардың емес, ауыл тұрғындарының мүддесі бірінші орында тұруға тиіс. Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оны көре алмай отыр», – деді Мемлекет басшысы. Біле білгенге осы сөздерде барлығы айтылған. «Ауылды өркендетудің мүлдем тың әдістері керек» деді Президентіміз. Бірақ осы мәселе қанша айтылғанмен жүзеге аспай келеді.
Өткен жылы да бірлескен дәстүрлі экспедициямыз біраз жерді аралады. Жергілікті тұрғындар айтқан кемшіліктер, проблемалар жетерлік».

 

 

«АMANAT» «ЕЛ АМАНАТЫНА» АДАЛ

Жандос Қалтаев, «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының Ұйымдастыру және аймақтық жұмыс департаментінің директорының орынбасары:

«Бүгінгі жиында ең өзекті мәселелер қозғалып отыр. Сәуле апаймен жеке өз басым он жылдан бері таныспын. Содан бері қоян-қолтық жұмыс атқарып келеміз. Сәуле апай мен Ертай аға көтерген мәселелер маған таныс. Бір уақытта бұл кісілердің ауыл, ел жайлы көтерген проблемаларын қолдап, кеңінен танылуына, қолында билігі бар азаматтарға жетуіне қолғабыс та жасадық. Бәрі де ұлттық мүддеге сай болғандықтан. Енді бүгінгі жиынның ұйымдастырылуына байланысты бір ауыз айта кетейін. Келер жолы экспедиция қорытындысын орталық аппаратта ұйымдастыру керек шығар. Ұйымдастырудағы кейбір кемшіліктерді солай дұрыстап жолға қоя алсақ – өзіміздің де еңсеміз биік, сөзіміз өтімді болары сөзсіз деп ойлаймын. Қанша дегенмен ауыл проблемасы, мектеп проблемасы, елдегі шаруалар мен кәсіпкерлердің, қарапайым халықтың проблемасы «АMANAT» партиясы көтеріп отырған саясатпен тамырлас. Өзектес.
Мемлекеттік қызметкерлердің басшыларын осындай жиынға келтіру керек. Ел мен жерден асқан қандай маңызды мәселе болуы мүмкін? Халықтың аманатына адалдық керек емес пе! Сіздер қаншама терлеріңізді төгіп, ел аралап, халықпен жүздесіп, олардың өтініштері мен талаптарын дөңгелек үстелге алып келіп отырсыздар, сондықтан халықтың сөзін бірінші басшылар естуі керек. Оған біз атсалысуға күш саламыз. Өздеріңіз білетіндей, «АMANAT» партиясының фракциясында 62 Мәжіліс депутаты бар. Біздің назарымыздан бірде-бір елді мекен тыс қалмайды. Депутаттар демалыс уақытында халықпен жүздеседі. Мысалы Ертай аға жасаған баяндаманы депутаттар баратын елді мекендерге егжей-тегжейлі бөліп, әр депутатқа нақты осы мәселелерді шешуді тапсырамыз. Және кейін мәселенің анық-қанығын өздеріңізге жеткіземіз. Себебі әрбір мәселе – халықтың аманаты. Жасыратыны жоқ, проблемасыз ауыл болмайды. Проблема бұрында болған. Бірақ ауылда істеліп жатқан жұмыстар да көп. Соның бірі – жерді қайтару. Осы төңіректе үш мыңнан аса өтініш қаралды. Өтініштердің 90 пайызы жайылымдық және шабындық аумақтары. 10 пайызы жер пайларын рәсімдеу бойынша. Үш мың өтініштің 80 пайызы оң шешімін тапты. Алдағы уақытта 2 миллион гектар жерді халыққа қайтару жоспарымызда бар. Осы орайда «АMANAT» партиясы қолға алған «Ауыл аманаты» жобасын да айта кеткім келеді. Былтырдан бері біз 8 облыста жұмысымызды жүргіздік. 8000-нан аса жұмыс орны ашылды. 18 мың шағын несие беру жоспарымен 100 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде соның 88 миллиарды игерілді. Яғни 14 мыңға жуық шағын несие беріліп, 14,7 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Бұл ауылда тікелей орындалып жатқан жұмыстар десек, қателеспейміз. Халықтың көңілінен шығып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасы. Себебі берілген қаржыны үнемді пайдалану игілікті іс болмақ».

 

 

БІЗДЕГІ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ТҰРАҚТЫЛЫҚ ЖОҚ

Анас Баққожаев, Мәжіліс депутаты:
«Ертай Айғалиұлының баяндамасы дайын тұрған нұсқаулық екен. Алда жаздық демалыста депутаттар өңірлерді аралауға шығамыз. Мен Ақтөбе, Маңғыстау, БҚО, Атырау облыстарына баруды жоспарлап отырмын. Баяндамада көтерілген мәселелерді назарда ұстап, сол жерлерге барғанда нақты жағдайын біліп, шешімін тапты ма, жоқ па, бір жағына шығарайық. Аталған аймақтардағы көтерілген мәселелер бойынша өзім айналысамын. Оны «Qazaqstan dauiri» газетінің аманаты деп орындайық. Мен мұны сіздерге уәде етемін! Екіншіден, алдағы уақытта күзгі сессия кезінде бүкіл мәселелерді газет бетінде көтерейік, яғни бір рубрика дайындау керек болса, біз дайындап отырайық. Тағы бір мәселе, сіздердің әлеуметтік желідегі парақшаларыңызға немесе газетке тікелей шығып, түрлі жағдайларды аңыс еткен адамдар болса, біз қоғамдық қабылдау ретінде жауап беріп отыруға дайынбыз! Біз оны тұрақты өткізіп отыруға тырысайық. Себебі Мәжіліс депутатының статусы бар, жазылған хаттары да басқаша қаралады дегендей…
Баяндаманы мұқият тыңдадым. Мен осында аталған мәселелердің ішінде ауылшаруашылығы тақырыбына тоқтала кетуді жөн көріп отырмын», – деп сөз бастаған Анас Баққожаев мырза ары қарай мемлекетке қайтарылған 10 млн гектар жер және оның ары қарай игерілу мәселесі, қоғамдық бақылауды күшейту туралы құнды пікірлерін ортаға салды. Бұдан ары қарай шаруаларға бағытталған субсидия бөлу тәртібінде сақталып отырған кемшіліктерді атап, ұсынған заң жобалары туралы айтып берді.
Ауыл мен ауыл шаруашылығы – егіз ұғым. Біздің шенеуніктер осыны шатастырады. Ауылдық жерлерде өнеркәсіп ешқашан дамымайды. Өнеркәсіп халық саны көп, технологиясы мен ғылымы дамыған үлкен қалаларда дамиды. Ауылдарда шағын кәсіпкерлік пен ауылшаруашылығы ғана дамиды. Бірақ біздегі ауылшаруашылығында тұрақтылық жоқ. Ауыл шаруашылығына жаңа министр келсе болды, жаңа саясат, жаңа бағдарлама шығарады. Бұны заңдық тұрғыдан доғару керек. Екіншіден, бізде деферансация жоқ. Әрбір аймақтың өзіндік ерекшелігі ескерілмеген. Мысалы солтүстік облыстардағы шаруалар оңтүстіктегі шаруалармен бірдей субсидия алады.
Келесі бір мәселе ауылдарды сақтап қалу дейтін үлкен проблемаға байланысты. Қазір ауылдардан қалаға көшу бәсеңдеген жоқ. Барлығы да жан бағу, кәсіп көзін қуып қалаға қарай ағылып жатыр. Қаладағы бизнес пен ауылдағы бизнес екі түрлі. Қаладағы бизнестің табысы ауылдағыдан әлдеқайда көп. Мысалы қалада дөнер сатып отырған бір адамның жылдық табысы ауылда 100 гектар жері бар шаруадан бірнеше есе көп болуы мүмкін. Мен өз басым саудагерлерді кәсіпкер деп есептемеймін. Дайын өнімді алады да, үстіне баға қосып сата береді. Қалада дайын өнімдерді саудалап ақша табу мүмкіншілігі бар кезде ауылға ешкім де барғысы келмейді. Ауылшаруашылығына адамдар жақсы кірісі үшін, ақша тауып баю үшін баруы керек. Сонда ғана ауылдарды ұстап тұра аламыз. Ауылдарды ұстап тұрудың маңызы зор. Бұл жерде азық-түлік қауіпсіздігі дейтін маңызды мәселеге барып тіреледі. Біз «Ауыл» партиясы «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» заңның жобасын дайындап шықтық. Осы туралы депутаттық сауал жолдадым. Ауыл шаруашылығы министрі қолдаған жоқ. Бірақ Үкімет басшысына талап қойдық. Әлі де қайталай қарап, осы заңды ретке келтіру керек. Мысалға шегірткесі бар, киігі бар дегендей… Қазір азық-түлік өнімдерінің көлемі шамадан тыс азайып, бағасы қымбаттап кетті. Мұндайда неге біз төтенше жағдай деп мемлекеттік органдардың соңынан жүгіруіміз керек. Төтенше жағдай көрсеткіштерге байланысты заңның шеңберінде жариялануы керек».

 

 

КЕМЕРТОҒАН АУЫЛЫНЫҢ ПРОБЛЕМАСЫН ПАРЛАМЕНТТЕ БӘРІ БІЛІП ОТЫР

Данияр Қасқарауов, Мәжіліс депутаты: «Дөңгелек үстелде ауыл туралы өте жақсы пікірлер айтылып, қыруар мәселені көтеріп жатырсыздар. «Ауыл – ел бесігі» деген атпен 15 жылдан бері тынбай еңбек етіп келе жатқан ұжымға алғыс айтамыз!
Жоғарыда баяндама жасаған азаматтар көптеген мәселелерді қамтып өтті. Иә, ауыл туралы көп айтуға болады. Проблемалар бітпейді, тек сонымен жұмыс істеуден жалықпауымыз керек. Қазір ғана осы жерге келерден бұрын аграрлық сала бойынша үлкен жиынға қатысып келіп отырмын. Серік Рахметолла бастаған біраз депутаттар, Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі келіп қатысты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды көтеру, дамыту туралы маңызды тапсырмалар беріп, үлкен міндеттер жүктеп отыр. Өкінішке қарай, «Ауыл аманаты» Бағдарламасы бекітілгенімен, қазірге дейін қажетті қаражаттар бөлінбепті. Енді ғана шілде айында бөлінетіндігін білдік. Біздің әріптестеріміз ауылдардағы сақталып отырған проблемаларды айтып, жақсы пікірлерін ортаға салды. «Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға қолдау ретінде бөлінетін қаражатты алу үшін бес жылдық бизнес жоспарын көрсету» деген тармағын бір жылға қысқарту туралы ұсыныстар айтылды. Бұл жерде бөлінетін қаражат та көп емес. 800 000 теңгеден 5 миллионға дейін екен. Әрі «бұл қаражатты игерген адамдар жыл сайын сақтандыру сомасын төлеп отыруы керек» делініпті. Біз бұларды өзгертуге ұсыныс айттық. Проблемалар көп, мен Алматы облысынан бір мандатты сайлау арқылы сайланған депутатпын. Сондықтан өз өңірімдегі ауылдардағы сақталып отырған мәселелердің барлығын білемін. Әрі тиісті орындарға сауалдар жолдап, қордаланған мәселелердің оң шешім табуына әрекет етіп жүрмін. Соның бірі – Кемертоған ауылындағы жағдай. Өткенде ғана барып, құйып тұрған жаңбырдың астында барлығын аралап көріп қайттық. Алматының іргесіндегі ауылдың жағдайы мынадай болғанда, шалғайдағы ауылдардың жағдайы қандай екен деген ой барлығымызды мазалайды. Қазір Парламентте Кемертоғанды барлығы біледі. Ауылдың мәселесінің баспасөз бетінде көтеріліп келе жатқанына жылға жуық уақыт өтті. Өкінішке қарай, ауыл әкімі де, облыс басшылары да ештеңе істеп отырған жоқ. Ешқандай қозғалыс та, өзгеріс те жоқ. Кеше ғана облыс әкімі келіп, Президенттің алдында есеп беріп кетті. Бірақ бірде-бір өзгерісті көріп отырған жоқпыз. Алдағы уақытта ауылдарға тағы барамыз. Бүкіл ел бойынша біздің Алматы облысында мектептер жетіспеушілігі жағынан алдыңғы орында тұр. Кемертоған – қалаға тиіп тұрған ауыл. Халықтың саны күн санап өсуде. Осындай ауылда су, газ, жол жоқ. Күнде көтеріліс, күнде айқай… Маған 24 сағат бойы болып жатқан ахуалдан хабарлар келіп тұр. Қолымнан келетіні ауылдастарға басу айтып, сабырға шақыру болып тұр. Премьер-министрге, министрге сауал жолдадық. Бас Прокуратураға хат жаздық. Барлығына айтып жатырмыз. Халық та кімге сенерін білмей әбден шаршап кетті. Шешімі жоқ, «Күлтөбенің басындағы күнде жиыннан» барлығымыз да шаршадық… «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді халқымыз. Сіз болып, біз болып бірлесе жұмыс істеп, өзімізді-өзіміз көтермесек, бізді сырттан келіп біреу құтқармайды ғой».

 

 

БІЗ ӘКІМДЕРДІҢ САЛҒЫРТТЫҒЫНАН ШАРШАДЫҚ

Сырым Бабашев, ауыл тұрғыны:
«Мен Алматы облысы Қарасай ауданы Кемертоған ауылынан келіп отырмын. Ауылдағы 17 кварталдың тұрғынымын. Жалпы өзіміздің ауылдың проблемаларын халықтың атынан сіздерге айтып берейін. Ең әуелі дөңгелек үстелді ұйымдастырып отырған газет ұжымына, басшыларына кемертоғандықтар атынан айрықша алғысымды айтамын! 10 айдан бері Кемертоғанның нақты жағдайларын газет бетіне жариялап, ақпараттық қолдау көрсетіп келе жатырсыздар. Нәтижесі жоқ демейміз, бір ғана 17-кварталдың қаншама проблемалары жазылды. Біздің ауылдағы жер, су, электр жарығы ешқандай заңға сәйкес емес. Осы саланы «шеңгеліне ұстаған» жеке кәсіпкер Калелова 3 жылдан аса білгенін жасап келе жатыр. Ешқандай заңды құжаттары жоқ. Халық қалаулылары Данияр Қасқарауов, Анас Баққожаев, Бақытжан Базарбек қатарлы азаматтар келіп араласқаннан кейін аздап сең қозғалғандай болды.
Біздегі электр жарығы, су секілді аса қажетті дүниелерге жеке кәсіпкерлер ойына келген тарифті қойып отыр. Қыс-жаз демейді, кез келген уақытта үзіп тастайды. Судың сапасы өте нашар, құрамында амииак бар болғандықтан, денсаулыққа әсерін тигізіп жатыр. Электр жарығы тұрақсыз болғандықтан, тұрмыстық техникалардың бұзылуына әкеліп соғып отыр. Бізге не түбіртегі жоқ, не заңды негізі жоқ, әртүрлі қолайсыз келісімшарттарды ұсынумен келеді. Менің қолымда осының барлығының дәлелдері, бейнежазбалары бар. Қазір депутаттардың араласуымен жеке кәсіпкердің қоқан-лоқысынан, су мен электр жарығын үзуден мамыр айынан бастап құтылғандай болдық. Бірақ 2024 жылы қаңтар айынан бастап су мен электр жарығына төлем жасаған жоқпыз. Себебі халық заңды түбіртекпен төлем жасауды талап етеді. Жазған өтініштерімізге Алматы облысы мен Қарасай ауданының әкімшілігі құлақ аспай, ЖК Калелованың заңсыз әрекеттеріне қарамастан, осы уақытқа дейін оның сөзін сөйлеп, заңсыздықтарына шара қолданбай отыр. Құзырлы мекемелерге жазып жатқан қыруар арыздан ешқандай нәтиже жоқ. Мен осы жерде тағы да халықтың аманатын жеткізгім келеді. Қазір Кемертоған ауылының 5, 6, 12 кварталдарының тұрғындары, «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жаздың аптап ыстығында судан қиналып отыр. Кеше түнде халық жанайқайын жеткізіп алаңға шықты. Ауылда, ауданда, облыста еститін құлақ жоқ. Жақында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Президенттің алдында «аймақтағы ахуалдың барлығы жақсы» деп есеп беріп қайтты. Біздің жағдайды келіп көрген болса, бәлкім бұлай айтпас па еді… Жалпы әкімдеріміз жалған есеп беруден алдына жан салмай отыр. Сонда бұлар Мемлекет басшысының саясатына қарсы ма? Қарасай ауданының «Мемлекеттің ішіндегі мемлекет» екенін жұрттың барлығы біледі. Біз әкімдердің салғырттығынан шаршадық!».

 

 

АУЫЛДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ МЕКТЕПТЕ 5700 БАЛА ОҚЫП ЖАТЫР

Раушан Жұматаева, адвокат, ауыл тұрғыны:
«Біздің Кемертоған ауылының көзге ұрып тұрған бірнеше мәселесін айта кетейін. Ең әуелі 160 трансформатор иесі заңсыз, бірде-бір құжатсыз қымбат бағада жарықты сатып отыр. Екінші мәселе – жер телімдерінің талан-таражға түсуі. Кезінде жер қалай бөлінгенін ешкім түсіндіріп бере алмай отыр. Біздің ауылда кейбір көшелердің өзі жекеменшіктің қолында… Үшінші мәселе – былтыр 583 млн теңге 4 бюджет көзінен бөлінген екен. Оның 80%-ын жоғары бюджет алып қойып отырған. Осы уақытқа дейін бюджеттен бөлінген ақша «жұмсалады», бірақ ешнәрсе істелмейді. Не мектеп, не емхана, не көше жөнделмейді. Тротуар да жоқ… Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Президентке «бәрі жақсы» деп жалған ақпарат береді. Бәрі жақсы болса, халық жолды жауып наразылық білдірмес еді ғой… Біз барлық құзырлы органдарға жаздық, соңғы рет Президент аппаратына жаздық. Ведомствоаралық тексеріс ашу, барлық заңсыздықтарды тексеріп, бюджет қаражаттарының қалай жұмсалып жатқандығына нақты тексерулер жүргізсін! Жер пайдалану мақсаттарындағы өзгерістердің заңдылығын тексеруін талап еткенбіз, өйткені көшелер де сатылып кеткен… Мұнда мәселе күннен-күнге ушығып бара жатыр. Өйткені кейбір кварталдар сусыз отыр. Жеке кәсіпкерлер олардың төлеген ақшаларын жоққа шығарып, халықты зарлатып отыр! Біздің әкімшіліктен кері байланыс жоқ, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді.
Ауылда бір ғана мектеп бар, онда 5700 бала оқиды, жаңа мектеп салынса да, бала саны азаймайды ғой, сабақтары 30-35 минуттан өтеді, мұндай оқу орнында қандай білім сапасы болады?

 

 

ҚЫТАЙДЫҢ ЖАМАНЫНАН ЖИРЕНЕЙІК, ЖАҚСЫСЫНАН ҮЙРЕНЕЙІК!

БАУЫРЖАН ШАҚАРБЕКҰЛЫ, «ҰЛТ БІРЛІГІ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
«Біздегі көптеген ауылдар жыл өткен сайын тозып, күйреп барады. Бұл үрдіс Абай облысы, Шығыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында қатты байқалып отыр. Себебі де белгілі. Бағанадан айтылып жатқан жағдайлар барлық ауылға ортақ деуге болады. Егер жол, ауызсу, электр жарығы, ұялы байланыс сынды аса қажетті дүниелер бар болса, адамдар туған жерінен кетпес еді. Мына заманда бұларсыз өмір сүрудің өзі қиын. Бұл ауқымды мәселелер мемлекет тарапынан қолдаулар болғанда, жергілікті әкімшілік тарапынан жанашырлықпен жауапкершілік болғанда ғана жүзеге асады деп ойлаймын. Себебі бюджеттің қаржысын талан-таражға салудан, мемлекеттің ақшасын жең ұшынан жалғасып қылғытудан әлемдік деңгейде екеніміз жасырын емес…
Қазір ауылдарды дамытуға, шағын кәсіпкерлікті сүйемелдеуге бағытталған түрлі бағдарламалар, жеңілдікпен берілетін несиелер бар. Дегенмен олардың өзінде көптеген кемшіліктер сақталып отыр. Осы жерде шығыстағы көршіміз Қытай елінің ауылшаруашылығы саласын қолдаудағы ішінара саясатынан үлгі алуға болар еді деген ұсынысты айтар едім. Оларда Ауыл шаруашылығы банкі бар. Өсімі де айтарлықтай төмен. Сол банктің бөлімшелері жергілікті әкімшіліктің кепілдігіне сүйене отырып, қысқа мерзімді қомақты қаржыны диқандарға үлестіріп отырады. Яғни көктемгі егіс науқаны басталмас бұрын береді де, күзгі жиын-терім әбден аяқталған соң несиені қайтарады. Бұл жерде егістікті, мал мен құсты сақтандыру жүйесінің кемелді түрде жұмыс істейтіндігі тағы бар».

 

ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕРГЕ СУБСИДИЯ ҚАРАСТЫРЫЛУДА

ҚАЙНАР АХМЕТОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ БАҚ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
«Ауылдың мәселесі барлығымызды толғандырады. Осындағы әлеуметтік, экономикалық сұрақтардың барлығы міндетті түрде ағартушылық, ақпараттық мәселелерге әсерін тигізбей қоймайды. Біз осы салаға мүдделі мекеме болғандықтан, барлығының кешенді түрде дамуына назар аударып отырамыз. Күні кеше Мемлекет басшысы Массмедиа туралы заңға қол қойды. Бүгінгі дөңгелек үстелдің тақырыбына байланысты, жаңа заңның ішіндегі ауылдарға қатысы бар тұстарына тоқтала кетуді жөн көріп отырмын. Ең бірінші шекаралық аймақтарға хабар таратушы мекемелерге субсидия берілетін болады. Мұнда тарелкаларды пайдаланып хабар тарату сынды жағдайлар бар екенін білесіздер. Бұл ең алдымен еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретіндігін айта кету керек. Осы келеңсіздіктерді болдырмау үшін отандық өнімдерге субсидия қарастырылып отыр. Бұл оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз. Екіншіден, заң шеңберінде тарелкаларды тарататын ұйымдарға айыппұл салынатын болады. Үшіншіден, балалар басылымдары мен өңірлік басылымдарға ерекше мән берілетін болады. Яғни қаржылық қолдау көзделген.
Жаңа пікір білдірген бір азамат ауылдардағы блогерлердің қудалауға ұшырайтындығы туралы айтып кетті. Біріншіден, кез келген әлеуметтік желі қолданушы жалған ақпарат таратпаса, біреуді бопсаламаса, ешкімнің оған тыйым салуға қақысы жоқ! Біздің мемлекет конституциялық деңгейде цензураға тыйым салған, ақпаратты еркін алу құқығына кепілдік берген ел».

 

 

 

СУ ТАСҚЫНЫ БАР ҮМІТІМІЗДІ СУДАЙ ШАЙЫП КЕТТІ

СЕРІК ТУЛЕКБАЕВ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ, АРҚАЛЫҚ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

«Негізгі көтеретін мәселе – су тасқынындағы биліктің әлсіздігі. Су тасқынында қазақ халқының бірлігіне таңғалдым өз басым. Оған себеп Торғай өңіріне жіберілген халықтың көмегі ұшан-теңіз. Маңайында 40 шақырымға дейінгі аумақта таситын өзен-көлі жоқ Арқалық қаласының суға кетуі, жергілікті биліктің қар тазалау жұмыстарын дұрыс атқармауынан болды деп есептеймін. Соның салдарынан 500-дің үстіндегі үйлер суға кетіп, мемлекеттен төлем ақы алғаны шындық. Арқалық қаласы бойынша нақты екі азамат тасқынның құрбаны болды, бірақ бұл ақпарат көп айтылмайды. Қала билігінің салғырттығы мен Төтенше жағдай министрінің немқұрайлылығы кесірінен, Екідің ауылы жартылай, Қызылжұлдыз ауылы толықтай суға кетіп, тұрғындарды тікұшақ пен құтқаруға тура келді. Әр жыл сайын тасқын судан зардап шегетін Қызылжұлдыз ауылы көшіп кетуге дайын болған, бірақ билік «бәрі бақылауда, бізден хабар күтіңдер» деп уақыт өткізіп алғаны айтылды. Егер дер кезінде дабыл қағылғанда мал-мүлікті аман алып қалатын мүмкіндік бар еді деп халық айтып жүр.
Арқалық қаласы бойынша Екідіңнен 26, Қызылжұлдыздан 38 үй қалаға көшірілді. Жұмыссыздығы шектен шығып, жастарымыз Астана мен вахталық жұмыста жүрген Арқалық қаласына осыншама отбасын көшіріп әкелу экономикалық дұрыс шешім болмады, бұның зардабын алдағы жылы көретін болмыз. Биліктің қателігі тасқыннан зардап шеккен азаматтарға пәтер алу құқығын шектегені болды. Олар тек Арқалықтан ғана пәтер алу керек деген шектеу болды. Тасқынға дейін қаламызда 500-дей пәтер сатылымда болғаны туралы айтылды, 1 бөлмелі пәтердің орташа бағасы 3,5 миллион, ал үш бөлмелі пәтердің орташа бағасы 9 миллион болды. Биліктің араласуының салдарынан соң пәтер бағасы екі есеге негізсіз өсіп кетті деп санаймын. Егер жергілікті билік мемлекеттен бөлінген қаржыны зардап шеккендерге қолдарына бергенде, пәтер бағасы көтерілмес еді.
Қызылжұлдыз ауылында бес-бестен балалары бар Сыздықов Жасаудан, Илибаев Дастан хабарласып, балаларымен ауылда қалғанын хабарлауда. Оларға пәтер алып бермеу себептері «үйлері жөндеуге жарамды» деген сарапшының қорытындысы екен. Құлап қалған ауылда он баласы бар екі отбасы қалай тіршілік етеміз деп алаңдаулы. Су тасқынына, суға кеткен малдарға төленетін төлем көңілге қонымды, бірақ сол төлемді алу оңай емес, бірінші кезекте құжаты бар және өлексесі табылған малдарға төлем жасалды, өзен жағалап өлексеге таласқан жағдайлар болды, екінші кезекте құжаты бар өлексесі суға ағып кеткен малдарды төлеу қиындап тұр, ол үшін малдың ағып кеткенін растайтын үш куә болу керек, жалғыз үй болып далада мал баққан шаруалар амалсыз жалған куәлік беруде. А/Ш министрінің ақпараты бойынша тасқында өлген малдың жалпы саны 9,8 мың деген ақпарат берді, бұл өтірік. Тек Аманкелді ауданында малдарына өтемақы талап еткендердің арызы бойынша 11 мың бас мал шығыны бар. Оның сыртында Торғай өзенінің бойында мал бағып отырған 36 ш/қ үй мен қораларын су шайып кетті. Ең қызығы мал қораларға төлем мүлдем төленбейтін болды, малшы қауым үшін ең бірінші қора жәй дұрыс болуы керек. Аманкелді ауданы бойынша 6 шаруашылықтың үйлері өтемақы алмайтын болды, себеп үй мен қоралардың салынған жерлері ауылшаруашылығына арналған деген сылтау болып тұр. Менің «Дария» ш/қ алдағы қыста тасқыннан аман қалған 1,2 мың басты қайда қыстатамын деген бас ауруға айналды. 5 гектар жекеменшік құқығы бар жерге 3 малшылар үйі әрқайсысы 150 кв метрден, 3 мал қорасы 700 кв метрден және қосалқы монша гараждар, бәрін тасқын талқан етті. Ең қызығы, үйлердің де, қораның да заңды құжаттары бар бола тұра төлемақы төлемеуі түсініксіз болып тұр. Шөп шабатын уақытта енді соттың табалдырығын тоздырып жүрміз. Жалпы егін ексең, киігі мен шегірткесінен қорқасың, мал бақсаң, тасқын суынан зәрезап болдық. 2014 жылдан бастап табысты еңбек етіп келе жатқан шаруашылықтың инфрақұрылымы жермен-жексен болып далада қалдық. Шаруашылықтың 200 миллион несиесін қалай төлейміз деген уайым басым. Тасқыннан аман қалған малды сатып несиені жауып, жұмысты тоқтатамыз ба? Әлде малды сатып, қора мен үй саламыз ба деген таңдау тұр алдымызда. Соңғы үмітіміз сотта, сот өтемақы төлетуге шешім шығарса, жұмыс жалғасады, болмаса малды сатып, несие жабамыз. 10 жылғы ерен еңбектің бір тасқын талқанын шығарды. Президент Тоқаевтың сөзіне сеніп жүріп уақыт өткізіп алдық, бәрі төленеді дегені жәй сөз болып қала ма деп қорқамын. «Көппен көрген – ұлы той», бұл тасқыннан аман қалу да бір бақыт деп, шүкіріміз бен тобамызды айтып отырмыз».

 

«АУЫЛ АМАНАТЫНА» АДАЛДЫҚ ТАНЫТТЫҚ

ДӘУЛЕТБЕК БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «МӨЛДІР БҰЛАҚ» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

«Ауыл аманаты – Ел аманаты» экспедициясы – 20 жылдан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі жоба. 2022-2023 жылғы экспедиция құрамында екі жыл бірге болдым. Ұлытау, Маңғыстау, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында басшымыз Сәуле Мешітбайқызының қасында болып, шалғай өлкедегі шаруаларды, ауыл еңбеккерлерін, мектепті, жоғары оқу орындарын көрдік, араладық. Кездесулер өткізіп, пікірлестік. Экспедиция барысында түйген ойларым, жетістіктер мен проблемалық мәселелер газеттің Бас редакторы Ертай Айғалиұлының баяндамасына қосылды. Мен сол сапардан туған бір өлеңімді оқып жіберейін.
Ұлытау, маңғаз Маңғыстау,
Атырау одан алыстау.
Бірде көк, бірде жер үсті,
Көлігім желмен жарысты-ау.
Қызылжар қайың, кең дала,
Қателік болар таныспау.
Өскемен, Абай шығыста,
Алтайым, заңғар таныс Тау.
Бұйыртса Алла аттанам,
Мүмкін емес қой тағы ұшпау.
Батысым Орал, Ақжайық,
Шығысым Ертіс қамыс-бау.
Отаным оқшау жерұйық,
Біздегі мақсат – Шам ұстау!…

 

 

ТОРҒАЙ ДАЛАСЫ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛЫП ОТЫР

Бекбосын Ербол Ерланұлы, блогер:
«1. Әр қазақтың баласы тағзым етіп баруға тиіс қасиетті орынның бірі Торғай даласы болар. Ахаң мен Жахаңның туған жері. Бірақ ол жаққа жету қиямет-қайым, жол азабы, байланыс жоқ, инфрақұрылым жоқ. Келер жылы Жахаңның 140 жылдық мерейтойы. Жетім қыздың тойындай қылмай, жақсылап тойлау керек. Ол үшін бірінші жол салынуы керек.
2. Су тасқыны кезінде зардап шеккен ауылдардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы және Ақкөл, Қарғалы, Тентексай ауылдарында 3 айға жуық жарық жоқ. Күнде ертеңмен әлі отыр зарығып.
3. Су тасқыннан 23 шаруа қожалығы зардап шекті, оларға әлі нақты көмек көрсетілген жоқ.
4. Торғай даласы биліктің көңілінен тыс қалып отыр. Себебі Торғай даласында Жангелдин ауданында 2 млн га, Амангелді ауданы 1,7 млн га пайдаланылмай бос жатыр. Мал шаруашылығына қолайлы жер. Оңтүстікте мал бағу үшін жерге таласып жатқан ағайынды біздің елге шақырыңыздаршы».

 

 

ЖИЫНДА КӨТЕРІЛГЕН ПРОБЛЕМАЛАР ШЕШІМІН ТАПСА ЕКЕН

Көпболсын Бекмағанбет, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының орынбасары:
«Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар, республикалық ардагерлер ұйымы «Qazaqstan dauiri» газеті ұжымымен ынтымақтастықта жұмыстар атқарып келеді. Атап айтқанда, жыл сайынғы «Ауыл – ел бесігі» экспедициясының жұмысына өңір ардагерлері белсенді түрде қатысуда.
Мен республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің өкілі ретінде бұған дейін де 3 рет, осы форматтағы Сәуле Мешітбайқызы басшылығымен өткен дәстүрлі үстелдерге қатынасқан едім. Бәрінде де келелі ауыл мәселелері қаралып, оң шешімдер табылып жататын.
Бүгін де дәстүрлі экспедиция анықтаған еліміздегі шешуін таппай келе жатқан ауылдың жағдайы, ондағы әлеуметтік мәселелер, оқу-білімнің жайы, жастар тәрбиесіндегі олқылықтар кеңінен қозғалып отыр. Әдеттегідей «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы 20 минуттық баяндамасында экспедиция барысында анықталған, бүгінде әлі шешімі табылмай жатқан мәселелер мен жәйттерді нақты да әсерлі жеткізді.
Дөңгелек үстелге қатысып отырған, Торғай даласынан келген 2 азамат (Серік Тулекбаев пен Ербол Бекбосынов) және Алматы облысы Кемертоған елді мекенінен келген Жұматаева Раушан мен Башаров Сырымның жанайқайлары жүрекке жетіп жатты.
Бүгінгі отырыстың маған ұнамаған жері: бұрынғыдай, шақырылған мемлекеттік салалардың бірінші басшыларының қатыспай, тек өкілдерін жібергені.
Жақсы жағын атар болсам: Ел Парламенті Мәжілісінің депутаттары Баққожа Анас, Қасқарауов Даниярлардың, «АMANAT» партиясынан Қалтаев Жандостың осы іс-шараға қатысып қана емес, бүгінгі ауыл проблемаларын біліп қана қоймай, оларды шешуде өз ой-пікірлері, соған бағытталған іс-қимылдары бар екені.
Қорыта айтқанда, бүгінгі отырыс нәтижесінде қозғалған мәселелер, оның шешілуіне іс атқарар барлық сала басшыларына, тиісті орындарға жетіп, оң нәтижелер болар деген сенім бар.
Келесі «Ауыл – ел бесігі» экспедиция жұмысына өңірлердегі ардагерлер қауымы белсене атсалысатын болады.
Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар, бүгінгі отырыс келелі мәселелердің шешілуіне ұйтқы болар деген сенімдімін.
Істеріңізге сәттілік болсын!».

 

 

ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ КӨТЕРІЛГЕН МЕКТЕП ПРОБЛЕМАЛАРЫ

Мектеп, ұрпағымыздың тәрбиесі, ұлттық құндылықтарымыздың ескерілмеуі Ауылдың рухани жағынан құлдырауына әкелді.

1. Ауыл шаруашылығымен қатар болашақ ұрпағымыздың тәрбиесі де ерекше алаңдаушылық тудырады. Осыған байланысты экспедицияға Оқу-ағарту министрлігін де қостық. Себебі мектеп мұғалімдері Түркістан облысы, Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының, Жамбыл облысының оқушылары арасында суицидтен алдыңғы қатарда болуы – ұлттық құндылықтың әлсіреуі. Балалардың жан дүниесіне жол табар психологтардың сағатын көбейтіп, бала санын азайту керек дейді мұғалімдер. Атырау облысында 500 балаға дейін қарайтынын айтады. Бұған сіз қандай ой қосасыз?
2. Педагогтың мәртебесі туралы заңды қайта қарау керек дейді. Балаларды еңбекке баулу жөнінде де талас мәселелер туындап жатыр. Яғни тәрбие сағатына сағат бөлінсін деген Атырау, Ақтаудың мұғалімдерінің тілегіне не айтар едіңіз? Дінтану сабағы, ұлттық құндылықтар туралы пәндер енгізілсе деген ой айтады.
3. Бізді алаңдатын зор мәселе – мектепте ерте жүктілік, суицид, лудомания көбейіп барады. Тиісті министрлік бұл мәселелерге шара қолданып жатыр ма?
4. Оқырмандар баспасөзге жазылады, бірақ оны таратудың қиындап бара жатқаны баршамызға белгілі. «Қазпоштаның» жұмысын қалай жандандыруға болады? Баспасөзді оқырманға дер уақтында қалай жеткіземіз?
5. «Жазылуға мәжбүрлемейік» дегенді айтқан бұрынғы министрдің кезіндегі тоңды жібітіп, қазіргі Оқу-ағарту министрлігі сеңді қозғады. Бірақ бұған өңір, аудан, ауыл әкімшіліктері аса оң қарамай отыр. Осы маңызды идеологиялық мәселені жандандырудың қандай жолдары бар?
6. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселесін шешудің нақты бір жолы – инфрақұрылымды жасау, жақсарту. Оны қалай жақсартуға болады? Облыс әкімдеріне инфрақұрылымды дамытудың жол картасын дайындап беру қаншалықты пайдалы?
7. Мектепте бозбалалардың топтасып қаршадай баланы зорлайтыны, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетілмейтіні, жап-жас қыздардың бірін-бірі шаштан сүйреп, нәзіктіктен жұрдай болатыны, тепсе темір үзетін жігіттердің ұрлыққа түсіп, бір отбасын түгел қырып кететіні, өз тілін менсінбей, өзге тілде сайрайтыны ненің салдары деп ойлайсыз?
8. Алтын ұя мектебіміз, ондағы ұстаздар мен оқушылар экспериментке айналғанына не деуге болады? Мұғалімдердің беделі түсіп, оқушылар «қожайынға» айналған. Бұл мәселеге не дейсіз?
9. Жеке меншік мектептер жыры бір атанға жүк болатындай халде тұр. Оның мәселесі қалай шешіліп жатыр?
10. Ахметжан Аятжан шырылдап жүрген Ұлттық лицейге мемлекет неге көңіл бөлмей отыр?
11. Латын жазуына негізделген қазақ сөздерін сауатты жазып, оқып дағдылана қоймаған балаға ағылшын тілін үйретуге болмайды. Басқа пәндердің тағдырын да осы тілге байлау дұрыс па?
12. Мемлекет ауруханалар мен мектептерді өз қамқорлығына алса, дәрі-дәрмек пен оқуды тегін қылса, ауылға зор көмек болар еді. Жалпы, ауылдағы медицина саласының ақсап жатқанына не дейсіз?
13. Оқу-ағарту министрлігіне кадр тапшылығын төмендету бойынша нендей жұмыстар жүргізу керек? Облыс әкімдеріне мұғалімдердің біліктілігін арттыруға қаражат бөлу, мектептердің материалдық-техникалық базасы бойынша мәселені шешу, ұйым басшысы етіп тиісті біліктілігі, дағдысы бар, ұжыммен және балалармен жұмыс істей алатын, даярланған мамандарды тағайындау мәселелері неге қолға алынбай отыр?
14. Неге қазақ баласы өз ана тілінде білім алмайды? Неге олардың ата-анасы қазақ мектебінебаласын бермей отыр? Орыс, аралас мектептерді қаракөз қазақ балалары толтырып отыр. Жекеменшік мектептердің көбеюі де халықты әбден алалап бітті. Оларды мүлде қысқартып, мемлекет ұлттық лицейлерге басымдық берсе, ұрпағымыздың ұлттық рухы оянып, халықтың да еңсесі тіктеліп, дүр сілкінер күн туар еді-ау. Сіз бұл маңызды мәселені қалай шешер едіңіз?
15. Ауыл мен қала мектептеріндегі теңсіздік барған сайын ұлғайып барады. Мұның себептері терең білімді мұғалімнің аздығы, балалардың сабаққа қатыспауы, интернеттің нашарлығы материалдық базасының жұтаңдығы т.б. Жалпы осы теңсіздікті тоқтату үшін не істеу керек?
16. Мектепте қағазбастылық әлі де дендеп тұр. Мұғалімдер шағымы көбеймесе азаятын емес. Республикадағы 7000 мектептің 5700-і, яғни 70 пайызы ауылда орналасқан. Бұл мектептерге білімді мұғалімдер бара бермейді. Әсіресе ешкімнің директор болғысы келмейді. Неге?
(Жалғасы бар)

Нағашыбай Қабылбек, Ерқазы Сейтқали

27.06.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 1590
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 1131
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 2527
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 2127
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 3326