«АҚТӨБЕ – ТАРЫНЫҢ АСТАНАСЫ»: ұлттық тағам, қолөнер және дәстүрлердің бай мұрасымен таныстырған гастрофестиваль

«АҚТӨБЕ – ТАРЫНЫҢ АСТАНАСЫ»:   ұлттық тағам, қолөнер және дәстүрлердің бай мұрасымен таныстырған гастрофестиваль

Ұлттық мұраны ұлықтаған фестиваль

Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары тары өсіруден әлемдік рекорд орнатқан қарапайым қазақ диқаншысы Шығанақ Берсиевтің ерлігін қайталаған әлемде әлі ешкім жоқ. Ақтөбе облысының Ойыл жерінде өмірге келген, сол Ойыл жерінде тары өсіріп, әлемге әйгілі болған Шығанақтың есімі мен еңбектегі ерлігі халық жадында. Содан бері Ақтөбе – тарының астанасы атанып келеді, тары – өңірдің ұлттық брендіне айналғалы қашан. Ақтөбе облысының мәдениеті мен асханасында ерекше орын алатын дәстүрлі өнім – тары өнімі ежелден өңір тұрғындарының тұрмысында кеңінен қолданылып келеді.

Осыған орай жылда Ақтөбеде тары тағамын насихаттауға бағытталған фестиваль ұйымдастырылып келеді.

Биылғы фестиваль облыс орталығында ұйымдастырылды. «Астана» саябағына киіз үйлер тігіліп, көрме қатарлары қойылды. Қазақ халқының тарихында, мәдениетінде және ұлттық тағамдарында ерекше орын алатын тары дақылын өсіру дәстүрін сақтау мен дәріптеуге арналған гастрофестивальге қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды.

Іс-шараға облыс әкімі Асхат Шахаров қатысып, көрме алаңдарын аралап, қатысушылармен және қонақтармен жүздесті. Сондай-ақ ұлттық дәстүрлерді сақтау мен өңірде гастрономиялық туризмді дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Фестиваль қонақтарының тарыдан дайындалған қуырылған қызыл тары, ақталған тары, тары жармасы, тарыдан дайындалған көже, сары майлы тары, тары құрт, жент, қаймақты тары, тары сорпа, тары бөртпе, жылқы майы қосылған жент, ашымық көже, боза, майсөк, тарыдан жасалған кондитерлік өнімдер, қазы қосылған тары, мейізді және ірімшікті жент, талқан сынды елуге жуық тағам түрі ұсынылған көрме-жәрмеңке ерекше қызығушылығын тудырды. Оның қатарында дәстүрлі тағам түрлерімен қатар заманауи авторлық интерпретациялар да болды.

Қатысушылар ұлттық тағамдардың алуан түрімен танысып, шоколадты жент әзірлеу бойынша шеберлік сабағына қатысып, дәстүрлі бауырсақ пен самаурыннан құйылған шайдан дәм татты. Жиналған жұрт әсіресе Ойыл ауданынан әкелінген тары-талқан өнімдеріне ерекше қызығушылық танытты.

– Ойыл өңірі ежелден тарысымен танымал. Бүгінде көпшілікке кеңінен белгілісі – қуырып дайындалатын қызыл тары. Бұл өнім ауданның брендіне айналып, ел мақтанышына айналып отыр. Ал әйгілі диқан Шығанақ Берсиев өсірген ақ тарының ерекшелігі бөлек. Мамандардың айтуынша, ақ тары қуыруға келмейді. Қазіргі таңда Шығанақтың ақ тарысы Ойылда қайта егіліп, оның қасиетін жаңғырту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, Ойыл топырағында өсірілген тарының дәмі ерекше. Мұның сыры тек өнімнің өзінде ғана емес, оны дайындау технологиясында жатыр. Ойылдың аналары мен әжелері тары пісірудің өзіндік тәсілдерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Бірі оған қойдың құйрық майын қосса, енді бірі өз тәжірибесінен туған әдістерді қолданады. Әр шаңырақтың тары дайындаудағы өзіндік құпиясы бар. Қазақстанның әр өңірінде дайындалатын тарының дәмін татып көрген жандардың өзі Ойыл тарысының орны бөлек екенін айтады. Оның жұпар иісі мен ерекше дәмі дастарқанның сәнін келтіріп, шайдың да шырайын аша түседі. Сондықтан Ойыл тарысы – жай ғана тағам емес, өңірдің мәдениеті мен дәстүрін, еңбек пен берекесін танытатын ұлттық құндылық, – дейді Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі директоры Дулат Бітімбайұлы.

Көрмеге Ақтөбе қаласымен қатар аудандардан келген делегациялар да белсенді қатысты. Ақтөбе өңірінде ұлттық тағамдар мен этно-өнімдерді насихаттап жүрген бірқатар кәсіпкер де өз өнімдерін көрмеге әкелді. Олардың қатарында бүгінде тары өнімдерінен түрлі тағамдар әзірлейтін «Ваниль» кондитерлік желісі де бар. Аталған компания бүгінде 1000 гектардан астам егістік алқабында тары өсіріп, егістен бастап дайын өнімге дейінгі жұмысты толық өздері жүргізеді екен. Компанияның бас директоры Зәуреш Еңсегенқызының айтуынша, тары өнімі – Қазақстанның заманауи гастрономиясын дамытудағы үлкен мүмкіндік.

– Өйткені тары – өте пайдалы әрі ерекше өнім. Оның құрамында В тобының дәрумендері, темір, жасұнық, күрделі көмірсулар, микроэлементтер, өсімдік ақуызы мол, тары дала мәдениетіндегі ең табиғи әрі экологиялық таза өнімдердің бірі. Ата-бабамыз тарыны құнарлылығы, ұзақ сақталуы және ауыр жағдайда күш-қуат беретін қасиеті үшін жоғары бағалаған. Ал бүгінде әлемде табиғи өнімдерге, ұлттық асханаға қызығушылық артып отырған кезде, тарыдан тек дәстүрлі емес, сонымен қатар заманауи, сәнді әрі сұранысқа ие болатын өнімдер жасау керек. Тары мен талқан негізінде жент, торт, бәліш, печенье, тоқаш, кәмпит, шоколад плиткалары мен пайдалы тіскебасарлар өндіреміз. Компаниямыздың ерекше мақтанышының бірі — патенттелген шоколадты жент өнімі. Бұл – ұлттық дәм мен заманауи өндіріс технологиясын үйлестірген бірегей өнім. Біз Қазақстанның ұлттық өнімдерін ел ішінде ғана емес, халықаралық нарықта дамытуға да үлкен мүмкіндік бар екеніне сенеміз, – дейді «Ваниль» компаниясының бас директоры Зәуреш Еңсегенқызы.

Гастрофестиваль аясында әжелер дәнді дақылды дәстүрлі тәсілмен дайындау әдісін көрсетті. Оның ішінде Ойыл өңіріндегі тары шаруашылығы, ақ тары мен қызыл тарының ерекшеліктері, оны өсіру, ору, өңдеу және дайындау дәстүрлері жан-жақты көрсетілді. Әсіресе, тарыны қол еңбегімен өңдеу процесі – орақпен ору, келі-келсаппен түю, талқан жасау сияқты көне әдістер ұсынылды. 70-тен астам келі-келсап түйіліп, 25-тен астам қол диірмен тартылды. Арнайы орнатылған 25 қазанда тары қуыру әдісі көпшілікке көрсетіліп, қонақтар ұлттық тағам дайындаудың дәстүрлі тәсілдерімен танысты. Бұл көріністер фестивальдің этнографиялық мазмұнын байытып, ұлттық мұраның маңызын айшықтай түсті.

Фестиваль аумағында халық шеберлерінің қолөнер бұйымдары көрмесі де ұйымдастырылды. Қонақтар теріден, киізден, ағаштан және жүннен жасалған авторлық жұмыстарды тамашалап, зергерлік өнер туындыларымен танысты және қолөнершілер өткізген шеберлік сабақтарына қатысты.

Көрмеге қойылған тері бұйымдары, оның ішінде түйе, жылқы, серке және сиыр терісінен жасалған тайжүзген саба, мес, көнек, түйе мойнақ, торсық, тері шелек сынды көне тұрмыстық бұйымдар, шыбыртқы, дойыр қамшы, ат қамшы секілді қамшы түрлері, ұлттық бас киімдер, жүннен жасалған бұйымдар мен қолөнер туындылары келушілердің қызығушылығын туғызды.

Қазақтың дәстүрлі қолөнерін дәріптеген шеберлер қатарында Нұрлан Жақыбаев, Тәрбия Овсерқызы, Ләйлә Байғанова, Төлебике Құлтаева, Гаухар Утегенова, Хазнабай Хавзай, Бернара Сәндібекқызы, Регина Пашбекова, Калимаш Керімбердиева және Гүлнұр Асқарова, Гүлзия Қарағұловалар болды.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, көрменің негізгі мақсаты – ұлттық қолөнерді кеңінен таныстырып, халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеу, сондай-ақ жас ұрпақтың ұлттық салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттыру.

Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі тары өсіру және өңдеу тарихына арналған экспонаттарды ұсынды. Келушілер атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің Қазақстан ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі туралы кеңірек мәлімет алып, осы дақылға қатысты ұлттық дәстүрлердің ерекшеліктерімен танысты.

– Көрме Шығанақ Берсиевтің өмірі мен еңбек жолына, оның тары шаруашылығын дамытудағы тарихи еңбегіне арналады. Көрмеде Шығанақ Берсиевке қатысты түпнұсқа құжаттар, тарыдан әлемдік рекорд жасаған кезеңіне қатысты деректер мен фотоматериалдар, сирек фотосуреттер, тарышы туралы жазылған Бертольд Брехттің, Ғабиден Мұстафиннің, тағы да басқа авторлардың әдеби шығармалары, зерттеу материалдары бар. Сонымен бірге ақ тарының, қызыл тарының масағы, шалғы орақ, қол орақ, кетпен секілді құралдар да бар.

Мақсатымыз – Шығанақ Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейі қорында сақталған құнды жәдігерлерді кеңінен таныстыру, насихаттау және оларды жаңа форматта халыққа жеткізу. Көрме Шығанақ Берсиев тұлғасын танытумен ғана емес, жалпы тары мәдениетін кеңінен насихаттауға бағытталды, – дейді аталған музейдің директоры Дулат Бітімбайұлы.

Гастрофестиваль ұлттық тағамдарды насихаттайтын мерекелік шара ғана емес, мәдени мұраны дәріптеуге, дәстүрлі өнімдерге деген қызығушылықты арттыруға және тарихи жадыны сақтауға бағытталған маңызды алаңға айналды. Іс-шара қазақ халқының тарихы мен мәдениетіндегі тарының ерекше орнын тағы бір мәрте айқындап, Ақтөбе облысының осы бірегей дақылды дамытудағы маңызды орталықтардың бірі екенін көрсетті.

Шығанақ салған сара жол

Биыл Қазақ халқының даңқты диқаншысы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Шығанақ Берсиев туғанына 145 жыл толды. Гастрофестиваль аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі ауылшаруашылығы саласының мамандарын, агрономдарды, қоғам өкілдерін және сарапшыларды біріктірген «Ақтөбе – тарының астанасы» атты дөңгелек үстел болды. Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінде өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, ауылшаруашылығы саласының мамандары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен студент жастар қатысты.

Кездесу барысында тары өсіру дәстүрін жаңғырту, оның пайдалы қасиеттері, сондай-ақ өңірдің аграрлық және гастрономиялық әлеуетін дамыту перспективалары талқыланды.

ҚР журналистика ардагері, Шығанақ Берсиевтің және Махмуд Шығанақұлының күнделік жазбаларының кітап нұсқасының авторы Идош Асқар әйгілі тарышының өмірі мен еңбегіне тоқталды:

– ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайлар мен дәстүрлі шаруашылық өрісінің тарылуы кезеңінде, жасы алпысқа таяған Шығанақ Берсиев қиын-қыстау кезеңде қолда бар аз ғана мүмкіндіктерді жұмылдырып, егістіктен мол өнім алу арқылы жұртшылықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және аштықтан құтқару мақсатында белсене егіс салуға шықты. Оның негізгі мақсаты рекорд қуу болған жоқ. 1943 жылы Ойыл ауданының «Қарасу» алқабында тары дақылынан гектарынан 201 центнерден өнім алып, әлемдік ауылшаруашылығы тарихында теңдессіз көрсеткіш орнатты. Арнайы жоғары білімі болмаса да, ол селекция, генетика және агротехника тәсілдерін өзінің зейін қуатымен терең игерген. Егін баптауда күн мен айдың жарығын, өңірлік климаттық ерекшеліктерді дәл есепке алып отырған. Нәтижелі селекциялық ізденістері арқылы бір келдегісінен 5 мыңнан астам дән шығатын, халық арасында «Ақбикеш» атауымен танымал болған «Шығанақтың ақ тарысы» атты жаңа сортты өндіріп шығарды. Америкалық ғылыми басылымдар Шығанақтың еңбегін жоғары бағалап, оны «Тары докторы» деп атады. Атақты неміс ақыны әрі драматургі Бертольд Брехт Германияда жүріп «Тары» деген дастан жазса, ресейлік жазушы Геннадий Фиш «Болмайтынды болдырған адам» атты очерк арнады. Шығанақ Берсиев сол уақыттағы ең жоғарғы награда – Ленин орденімен марапатталып, КСРО-да «Берсиевшілер қозғалысы» қалыптасты. 1949 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде (ВДНХ) Қазақстан павильоны алдына Жамбыл Жабаев пен Шығанақ Берсиевтің монументалды мүсіндері қатар қойылды, – деді ол.

Жиынға қатысушылар Шығанақ Берсиевтің ескерткішіне гүлшоғын қойып, рухына тағзым етті. Бұдан соң Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының дәнді дақылдар селекциясы және бастапқы тұқым шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Владимир Цыганков конференция қатысушыларына Ш.Берсиевтің методикасымен тары егу әдісін көрсетті.

Ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, тары селекционері Ақсырға Бұқтыбаева тары өнімінің ерекшелігіне тоқталды:

– Тары – суды аз қажет ететін әрі қолайлы агротехника жағдайында жоғары өнім беретін маңызды ауылшаруашылығы дақылы. Ол халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мал шаруашылығын құнарлы жем-шөппен қамтуға және өңдеу өнеркәсібінде кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Тары адамзат өсірген ең көне дақылдардың бірі саналады. Ғалымдардың дерегінше, оның тарихы шамамен жеті мың жыл бұрын Солтүстік Қытайдан бастау алады. Қарапайым өсірілуі мен қоректік қасиетінің жоғары болуы арқасында ол ежелден көшпелі халықтардың негізгі азықтарының бірі болған.

Бұл дақылдың басты артықшылықтары – ыстық пен қуаңшылыққа төзімділігі, сортаң және құнарлығы төмен топырақтарда да өсе алуы, сондай-ақ су мен химиялық заттарды аз қажет етуі. Сондықтан климаттың өзгеруі жағдайында тары стратегиялық маңызы бар дақылдардың қатарына еніп отыр.

Батыс Қазақстан мен Ақтөбе өңірінде тары өсірудің бай тарихы қалыптасқан. Кезінде бұл өңірде тары егісі жүздеген мың гектарды қамтыған болса, бүгінде оның көлемі азайған. Дегенмен, аты аңызға айналған тарышы Шығанақ Берсиевтің мұрасын жалғастырып, ісін қайта жаңғырту – уақыт талабы болып отыр, – деді ол.

Колледждің арнаулы пән оқытушысы Нұрболат Құлшаровтың айтуынша, бүгінде оқу орнының өндірістік алаңында білім алушыларға практикалық білім беру мақсатында қызыл тары егіледі екен: «Колледждің негізгі бағыты – ғылыммен айналысу емес, оқушыларға тәжірибелік білім беру. Сондықтан біз әзірге қызыл тары егумен шектеліп отырмыз», – дейді ол.

Конференцияға арнайы келген Шығанақ Берсиевтің немересі Мұхамбетқали Ешмұқан мектеп оқулықтарына Шығанақ туралы әдеби шығармалардан үзінділер көбірек енгізу керек деген пікірін білдірді.

Іс-шара барысында қатысушылар колледждегі Шығанақ Берсиев музейін аралап, тарыдан жасалған өнімдердің көрмесін тамашалады.

P.S. «Ақтөбе – тарының астанасы» гастрофестивалі ұлттық тағамдарды насихаттайтын алаң ғана емес, қазақ халқының бай мәдени мұрасын, дәстүрлі кәсібі мен қолөнерін дәріптейтін маңызды мәдени платформа ретінде өз маңызын айқындады. Шара барысында тарының тағамдық құндылығымен қатар тарихи, рухани және әлеуметтік маңызы кеңінен көрсетіліп, оны өңірлік бренд ретінде дамыту бағытында нақты қадамдар жасалды.

 

М.ТАБЫН, 

Ақтөбе облысы

03.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

122 МЛН КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ
Нұрсайын ШӘРІП, Солтүстік Қазақстан облысы - 04.06.2026 32
Орташа   жөндеу жұмыстары жоспарлануда
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Тараз қаласы - 04.06.2026 35
Жазғы лагерь   маусымы басталды
А. ХАМИТТЕГІ - 04.06.2026 34

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25610
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25073
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42493
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38341
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42862