«Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің «AMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» сайты мен «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Түркістан облысында
Осынау маңызды іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған газет басшысы, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы өңір басшыларымен, жергілікті жұртшылықпен жүздесіп, ашық диалог алаңын қалыптастырды.
Түбі түркінің алтын бесігі, еліміздің рухани-мәдени астанасы – Түркістанға табан тіреген экспедиция мүшелерін алдымен облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қабылдады. Келелі кездесуде Президент Жолдауындағы реформаларды іске асыру, ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу сынды өзекті мәселелер өзара талқыға түсті. Өз кезегінде Сәуле Мешітбайқызы республикалық экспедицияның жоспарымен бөлісе келе, ұрпақ тәрбиесіне қоғам болып көңіл бөлу қажеттігін айтып, балаларды мейірімділікке, бауырмалдыққа бағыттаудың маңыздылығын атап өтті және осы бағытта маңызды іс-шаралар ұйымдастыру қажеттігін айтты. Ал Ертай Кенжебекұлы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жобаларға облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Экспедицияның негізгі мақсаттарының бірі – ауылшаруашылығы саласында кездесетін түйткілдерді тауып, оны шешу жолдарын қарастыру, дамуына үлес қосу. Сол себепті Сәуле Мешітбайқызы Түркістан облысы әкімінің ауылшаруашылығы саласына жауапты орынбасары Нұрбол Тұрашбековпен де кездесіп, осы саладағы жетістіктер мен өзекті мәселелерді, сондай-ақ Мемлекет басшысы тапсырмаларының өңірдегі орындалу барысын әңгімеге арқау етті. Түркістан облысы – еліміздегі аграрлық әлеуеті жоғары өңірдің бірі. Осыған орай «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты» жобаларының өңірдегі іске асу мониторингі де қаралды. Аталған жобалар ауыл кәсіпкерлігін қолдау, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, жер ресурстарын әділ бөлу, ауыл инфрақұрылымын дамыту секілді міндеттерді қамтиды. Кездесуге «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев пен партияның Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков қатысты.

Сапар аясында Сәуле Мешітбайқызы Түркістан облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаевпен де жүздесті. Кездесу барысында экономикалық қауіпсіздік, көлеңкелі экономикамен күрес, қоғамдық бақылау институттарын дамыту, сондай-ақ мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету бағыттары талқыланды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген құрылымдық реформалар, цифрлық бақылау тетіктерін жетілдіру, экономикалық қылмыстардың алдын алу механизмдері кеңінен қозғалды. Сәуле Мешітбайқызы ерекше тоқталған мәселенің бірі – «Қарызсыз қоғам» жобасын өңірлерде тиімді жүзеге асыру болды. Бұл бағытта азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, борышкерлермен алдын алу жұмыстары, әлеуметтік түсіндіру тетіктері мен білім беру форматтары сөз болды.

Ұлт руханияты ұялаған мекен
Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласы қазіргі кезде қарыштап даму сатысынан өтуде. Түркі әлемінің рухани астанасының құнды рухани дүниелерін һәм шаһардың жаңа келбетін тамашалауға келіп жатқан туристер саны жылдан-жылға арту үстінде. Тарихы құндылықтарға бай Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлымен кездесу барысында «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы бүгінгі таңда қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру маңызды екенін ерекше атап көрсетті. Қала басшысы қозғалған мәселелердің өзектілігін баса айтып, Түркістан жастарының әлеуеті, қаланың даму қарқыны және әлеуметтік бағыттағы жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар ұлт руханиятын нығайту, білім мен тәрбиені үйлестіру, жас буынның сауаттылығын арттыру бағытындағы бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Созақта сүбелі сөз қозғалды
Экспедиция жұмысы Түркістан облысындағы бірнеше ауданда жалғасын тапты. Бірінші бағыт – Созақ ауданы. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековпен арада болған әңгіме барысында кітап оқитын ұлтты қалыптастыру, қоғамда баспасөздің орнықты дамуын қамту, газет-журналдардың ағарту мен білім беру ісіндегі маңызы, жастар тәрбиесі, руханият пен мәдениетті өркендету белестері сөз болды. Аудан басшысы Созақ аймағын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мағлұмат беріп, аудан орталығында заманауи кітапхананың құрылысы жүріп жатқанын, көптеген ауылдарда мәдениет мекемелері қайта жаңғырғанын тілге тиек етті.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Сәуле Мешітбайқызы жергілікті тұрғындармен де кездесті. Еркін мазмұнда өткен жиынға Созақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жамиев, аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, «AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Сейдахметұлы, мектеп директорлары, ұстаздар, аудан тұрғындары қатысты. Жиынды ашып жүргізген Алтын Күнтуқызы Мемлекет басшысының Жолдауында адами капиталды дамытуға ерекше мән берілгенін айтты. Бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудың алғашқы қадамы – сапалы білім екеніне тоқталды. Адами капитал, сондай-ақ ұлттық тәрбие, мәдени мұра, қоғамның құндылық тұғырлары арқылы қалыптасатынын атап өтті.
Сөз тізгінін алған Сәуле Мешітбайқызы дәстүрлі экспедиция мен «Ауыл тағдыры – Ұлт болашағы» жобасының мақсатына, өнеркәсіп саясаты және тәлім-тәрбие мәселелеріне тоқталып, қоғам дамуы үшін аса маңызды бағыттар бойынша өз көзқарасын білдірді. Сонымен қатар ұлттық идеологияның ел тұтастығы мен рухани қауіпсіздік үшін маңызын ерекше атап өтті. «Идеология – мемлекеттің ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ететін тірек. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңа буынды заман талабына сай тәрбиелеу – ұлттың болашақтағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты фактор. Әсіресе қазіргі ақпараттық ағыны қатты заманда жастардың санасына ұлттық тәрбие мен мемлекетшілдік ұстанымды дұрыс сіңіру қажет», – деді Сәуле Мешітбайқызы.
Экспедиция мүшелері, сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасының ел көлеміндегі әлеуметтік-экономикалық дамуға қосып жатқан үлесіне тоқталды. Жоба ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, шаруашылықтарын дамытуға, жаңа табыс көздерін қалыптастыруға зор мүмкіндік беріп отырғанын, ауылдағы шағын кәсіпкерлікті жандандыру – ішкі еңбек нарығын нығайтып қана қоймай, ауыл жастарының ел ішінде тұрақтап, өз кәсібін ашуына жол ашатынын ерекше атап өтті. Еліміздің индустриялық дамуы экономикалық тәуелсіздікке жетудің негізгі тетігі екенін алға тартып, қазіргі өндіріс саласында жаңа технологияларды, автоматтандыру мен цифрлық құралдарды енгізудің маңызын жеткізді. Өнеркәсіптің жаңғыруы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өңірлік экономиканың күшеюіне және экспорттық әлеуеттің артуына мүмкіндік беретініне, әсіресе отандық өнімді көбейту, жергілікті шикізатты тиімді игеру және өңдеу саласын дамыту қажет екенін айтты.
Жиын барысында ұстаздар бірқатар ұсыныстар білдіріп, қоғам қайраткерімен пікір алмасты. Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жамиев мазмұнды жиынның өтуіне ұйытқы болған Сәуле Мешітбайқызына аудан тұрғындары атынан алғысын білдірді.
Бәйдібектегі байыпты кездесу
«Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясы Бәйдібек ауданында жалғасын тапты. Аудан орталығы Шаян ауылындағы жастар ресурстық орталығында Сәуле Мешітбайқызымен өткен кездесуге Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Нұрпейіс Ақбаев, аудандық «AMANAT» партиясының өкілдері, жергілікті ардагерлер кеңесінің белсенді құрамы, білім беру ұйымдарының жетекшілері, мекеме басшылары, жастар ұйымдарының белді өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған Сәуле Мешітбайқызы:
«Бүгінгі өзгерістерге толы кезеңде мемлекет дамуының ең басты шарты – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Экономикалық көрсеткіштер, технологиялық серпіліс немесе инфрақұрылымдық жобалар қанша маңызды болса да, олардың нәтижесі қоғамның көзқарасы мен азаматтардың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей байланысты. Сондықтан Қазақстан үшін жаңа сападағы ұлт қалыптастыру – стратегиялық міндет. Жаһандық технологиялар дамып жатқан кезеңде ұлттың жаңа сапасы – әлемдік стандарттарға сай білім алған, цифрлық сауатты, инновацияны игерген азаматтар арқылы қалыптасады. Бүгінгі мектептегі білім, жоғары оқу орындарындағы жүйе, ұстаздардың біліктілігі – ұлт сапасының құраушы бөліктері», – деп атап өтті. Сондай-ақ жаңа сапа – жаңа ойлау мәдениетімен орнығатыны, бұл қасиет өзгеріске дайын болу, жаңашылдықты тез қабылдау, білімді өмір салтына айналдыру ұғымдарымен тығыз байланысты екеніне назар аударылды. Жаңа ойлау мәдениеті – сыни ойлау, жауапкершілікті болу, еңбекқорлық, өзін-өзі үздіксіз дамыту, заманға сай кәсіби дағдыларды меңгеру қасиеттерін алға шығаратыны сөз болды.

Жиынға қатысушылар ұлттық құндылықтар жүйесі жөнінде ой бөлісіп, жаңа сапаның басты талабы – заманға бейімделу, бірақ ұлттық тамырдан ажырамау екенін алға тартты. Рухани құндылықсыз қоғамның болашағы жоқ деген пікірлер білдіріліп, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, ана тілі, мәдениет – ұлттың рухани иммунитетін күшейтетін факторлар деп бағаланды. Жаңа сапаға ие ұлт жаңалыққа ашық, бірақ құндылыққа берік, саналы әрі тәрбиелі болуы тиіс деген тұжырымдар айтылды.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрпейіс Ақбаев жаңа сападағы ұлт дегеніміз – өз елінің дамуына бейжай қарамайтын азаматтар екенін айта отырып, әр адамның жеке жауапкершілігі қоғам мәдениетін қалыптастыратынын жеткізді. Қоғам мәдениеті заңға құрмет, қоғамдық тәртіпке мән беру, қоғам үшін әрекет ету, әділдік пен ашықтыққа ұмтылу секілді қасиеттерде көрініс табатынына тоқталды. Сондай-ақ ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру отбасыдан басталатыны, тәрбие көрген, мәдениеті қалыптасқан, сыйластыққа үйренген бала ертең елдің тірегіне айналатыны айтылып, мектеп, ата-ана, қоғамдық орта санатындағы үштаған біріксе ғана ұлттық сапа күшейетініне баса мән берілді.
Сайрам – достық пен бірліктің қара шаңырағы

Дәл осындай ойлы кездесу Сайрам ауданында да ұйымдастырылып, экспедиция өкілдерін аудан әкімі Мадияр Оразалиев қабылдады. Аудан басшысымен кездесу барысында Сәуле Мешітбайқызы ауыл – ұлттың рухани тірегі, құндылықтардың қайнар көзі, ұлттық идеологияның табиғи ортасы екенін айтты. «Қазіргі кезеңде ауыл мәселесін тек инфрақұрылым немесе тұрмыс деңгейі тұрғысынан қарастыру жеткіліксіз. Жаңа идеологиялық бағыт – ауылдан басталуы тиіс. Мемлекет басшысының Жолдауында цифрлы трансформацияның маңыздылығы кеңінен қозғалып, ол ұлттық идея деңгейіне шығарылды. Жасанды интеллект идеологияны алмастыратын құрал емес, керісінше, ұлттық идеологияны жаңа деңгейге көтеретін, елдің болашақ бағытын нығайтатын стратегиялық мүмкіндік. Экспедицияның биылғы жұмыс сапарында ауылдың рухани әлеуетін көтеру, жастардың дүниетанымын кеңейту, қоғамның өзгеріске дайындығын ілгерілету мәселелері бойынша халықпен кездесу өткізетін боламыз», – деді Сәуле Мешітбайқызы.

Жергілікті тұрғындармен өткен жүздесуді аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев жүргізді. Еліміздің барлық өңірлерінде өтіп жатқан экспедицияның мән-маңызына тоқталған Сәуле Мешітбайқызы Мемлекет басшысының басты саяси ұстанымы – халыққа жақын болу, мәселені ортақ талқылау арқылы шешу, қоғамды жаңаша ойлауға ынталандыру екенін атап өтті.

«Біз ауылдардың болашағы жастардың қолында деп білеміз. Сондықтан жаңа буынның ұлттық сана, білім және өзгеріске бейімділік тұрғысынан қалыптасуын басты міндет деп санауымыз қажет. Сансыз баптар мекені Сайрам ежелден бірлік пен достықтың қасиетті қара шаңырағы болған өлке. Мұнда тұратын әрбір азамат маңдай терімен, адал еңбегімен елдің ырыс-несібесін арттырып отыр. Сайрамдағы тынымсыз тіршілік – «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» бастамасының басты мақсатының орындалып жатқанын дәлелдейді. Ауыл – ұлттың жүрегі, елдің ажары. Оның болашағының жарқын болуы жаңа ойлау, жаңа мәдениет, жаңа көзқарас қалыптастыруға байланысты», – деді қоғам қайраткері.

Жалпы, Түркістан өңіріндегі кездесулер барысында көтерілген сұрақтар тек тұрмыстық сипатта емес, елдің рухани кеңістігіне қатысты мәселелерді де алға шығарды. Тұрғындармен пікір алмасу барысында жастар тәрбиесі, ұлттық болмысты сақтау, ауылдың интеллектуалды әлеуетін күшейту, білім мен руханиятты дамытудың жаңа жолдары талқыланды. Сондықтан өңірде өткен экспедиция жұмысы өз мақсатына жетті деп айтуға әбден болады.
Шымкентте «Алан» деген мектеп бар...
Экспедиция барысында Сәуле Мешітбайқызы Шымкентке де ат басын бұрып, мегаполистегі айтулы мектептердің бірі – «Алан» атты білім ұясына арнайы барды. Өйткені қазіргі таңда жекеменшік мектептердің жұмысына қатысты бірқатар түйткілді мәселелер бой көтеруде. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу негізгі мақсаттың бірі болатын. Мектеп ұжымымен кездесіп, пікір алмасқан Сәуле Мешітбайқызы өз ойын төмендегіше жеткізді.
«Іссапар барысында Шымкент қаласындағы «Алан» Халықаралық мектебінің тыныс-тіршілігімен танысып қайтуды ұйғардым. Бұған себеп – соңғы уақытта жекеменшік мектептер туралы сын-пікірдің жиі айтылуы. Ал мен осы өңірдегі ең үздік деп танылып жүрген осы білім ордасының жұмысын өз көзіммен көргім келді.

«Алан» Халықаралық мектебінің табалдырығын аттаған сәтте-ақ айрықша бір жылылық пен ұқыптылықты байқадым. Оқушылардың ана тілімізде жылы амандасып, жол беріп, ізет көрсетуі – жүрегімді ерекше қуантты. Ұлттық тәрбиенің тірегі – осындай қарапайым, бірақ терең мағынасы бар әдептен басталады. Мен барған күн «Мамандықтар күні» екен. Барлық оқушылар арманындағы мамандық иесіне сай киініп келіпті. Бірі – дәрігер, бірі – инженер, бірі – ғалым, бірі ұстаз бейнесінде мәз-мейрам. Соларға қарап отырып, ертеңге деген сенімім күшейді. Бала – арманы асқақ болса ғана биікке ұмтылады. Ал мектеп сол арманды әлдилей алса, демек ол мектептің болашағы да, бүгінгі еңбегі де шынайы.
Мені қуантқан тағы бір жайт – ұстаздар құрамының сапасы. Педагогтермен кездесу барысында байқағаным, олардың 85 пайызы – жалынды жастар, заманауи білімді меңгерген, үш тілді еркін білетін, өмірге өзгеше қырынан қарайтын жаңа толқын. Олар әлемнің озық оқу орындарын бітіріп, сыртта қалмай, туған еліне оралып, баланың болашағы жолында еңбек етіп жүрген нағыз патриоттар.

Мектептің оқу бағдарламасы да көңілге қонымды. Мемлекеттік білім стандартымен қатар IB бағдарламасын меңгеруі – бұл оқу орнының халықаралық талаптарға сай жұмыс істейтінін көрсетеді. Баланың тек білім емес, кең ойлау, сараптама жасау, сыни пікір білдіру дағдыларын қалыптастыруы болашаққа берілетін ең үлкен қазына емес пе? Материалдық-техникалық база «Жайлы мектеп» стандарттары бойынша жабдықталыпты. Жарық сыныптар, заманауи зертханалар, шығармашылық бөлмелер, спорт инфрақұрылымы – бәрі заман талабына сай екен.

Кітапхана қоры – менің ұдайы назарда ұстайтын дүнием. Бұл мектепте 28 мыңнан астам кітап қоры, түрлі бағыттағы оқу материалдары бар. Сонымен қатар қосымша 5000 кітап қоры бар «Қазақ мұра» цифрлық кітапханасы жұмыс істейді екен. Кітап бар жерде – тәрбие, парасат, білім бар емес пе?

Ұжымдағы ұйымшылдық, жүйелілік пен үйлесімдіктің салтанат құруы – басшылықтың біліктілігі, парасаты мен тәжірибесіне тікелей байланысты. Мектеп директоры, ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, білім саласының үздігі, 38 жылдан астам уақытын білім саласына арнаған Тажиева Жанат Арысбекқызының кәсіби білікті басшы екенін білім ұясындағы жетістіктер айқындап тұр.

Жалпы алғанда, «Алан» Халықаралық мектебінен алған әсерім жүрегіме жылу сыйлады. Жастардың білімге деген ұмтылысы, ұстаздардың кәсібилігі, басшылықтың парасаты, оқушылардың мәдениеті – бәрі бір-бірімен әдемі үйлесім тауыпты. Жекеменшік мектептер дәл осындай бағытта ашылып, болашаққа шын жанашырлықпен қарап, еліне адал қызмет ететін жоғары мәдениетті жастарды тәрбиелейтін шеберханаға айналса екен деген ой түйдім».

Иә, бұл – Шымкенттегі жұмысы жолға қойылған бір мектепті көргендегі айтылған ой-пікір. Экспедиция Шымкенттегі сапарын алдағы уақытта да жалғастырып, өзге де салалардың тыныс-тіршілігін арнайы көретін болады. Қазіргі күйіп тұрған мәселе – жекеменшік мектептер жайы. Алдағы уақытта өзге де жекеменшік мектептерді аралап олар туралы сараптама мақалалар беріп отырамыз. Ол жайында газетіміздің кезекті сандарынан оқи аласыздар.
Шадияр Молдабек













