Қарағанды облысының ауылдық аудандарында мемлекеттік қолдаудың арқасында жас кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Жеңілдетілген несиелер, гранттар мен субсидиялар өндірісті жолға қойып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде.
Нұра кентінің тұрғыны Әкімбек Зекен құрылыс материалдарын өндірумен айналысады. Кәсіпкер мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несие арқылы қажетті жабдықтарды сатып алып, бүгінде газоблок, суэмульсиялы бояу және грунтовка шығарады. Қазір кәсіпорында үш адам жұмыс істейді, ал өнімдер Нұра және Осакаров аудандарына жеткізіледі. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр.
Ал Нұра ауданындағы кәсіпкер Шыңғыс Қадырбаев шаруашылық сабыны мен кір жуу ұнтағын өндіреді. Оның кәсібінің дамуына облыс әкімінің гранты мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын жеңілдетілген микронесие қолдау көрсеткен. Кәсіпкер алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, жаңа өнім түрлерін шығаруды көздейді.
Кәсіпкерлердің айтуынша, ауылда логистика мен маман тапшылығы сияқты қиындықтар болғанымен, мемлекеттік қолдау өз кәсібін ашып, оны тұрақты дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.














