Түркістан облысы әкімдігінде ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді зерделеу, талдау қорытындысы талқыланған мәжіліс өтті. Жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға жайылым жерді түгендеу, ветеринария, ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілдерді тарқату жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Мәжілісте Облыстық жер қатынастары, Ветеринария басқармасының, Жер ресурстары департаментінің, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясы басшылығының есептері мен пікірлері тыңдалды. Кемшілікке жол берілген аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтылып, жұмысты ширату жүктелді.
Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасымен жұмыс тобы құрылып, олар аудан, қалаларда ауыл шаруашылығы кешенін, жер, ветеринария, ауыл шаруашығы субсидиясы және шаруашылық жүргізуші азаматтардың салық төлеуге қатысты мәліметтерін 4 бағыт бойынша зерделеген болатын. Атап айтқанда, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Шардара, Келес аудандары мен Арыс қаласы бойынша зерделеу шаралары жүргізілді. Нәтижесінде салықтан жалтару, мал басын дұрыс көрсетпеу, жерді тиімді пайдаланбау деректері жиі тіркелген. Мал басы бойынша ресми статистика мен зерделеу барысында үлкен айырмашылықтар байқалған.
Жиында жауапты басшыларға пайдаланылмай жатқан немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза пайдаланып жатқан ауыл шаруашылығы бағытындағы жер алқаптарын қайтару бағытындағы жұмыстарды күшейту міндеттелді. Ауыл шаруашылығы дерекқор базасы мен ауылдық округі әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеу туралы шаруашылық кітапшасын сәйкестендіру, аудан, қалалардағы ветеринария қызметкерлерінің біліктілігін артыру, жауапкершілігін күшейту, мал басын санауда кемшілікке жол бермеу жөнінде және өзге де тапсырмалар берілді.