Солтүстік Қазақстан облысының шалғай жатқан Көбенсай ауылында енді Тың игерушілер саябағы бар. Бір гектарға жуық аумақты алып жатқан бұл саябақ елді мекен тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Айналасына жасыл желек отырғызылып, гүлмен көмкерілді, орындықтар қойылды. Жайлы жүргіншілер жолдары, балаларға арналған қауіпсіз ойын алаңы жабдықталды.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, бұл жоба Уәлиханов ауданының құрметті азаматы, меценат Виктор Вовктың қолдауымен жүзеге асып, 64 млн теңгеге салынды.
Виктор Вовк – Көбенсай ауылының тумасы, белгілі дәрігер, Қазақстанның Денсаулық сақтау ісінің үздігі және 50-ден астам ғылыми еңбектің авторы.
Жас кезінде Алматыға қоныс аударғанымен, кіндік қаны тамған ауылын ұмытқан емес. Елді мекеннің көркеюіне өз үлесін қосып келеді. Мәселен соңғы жылдары оның қаржылай қолдауымен мектептің спортзалы жөнделіп, жаңа тақталар орнатылды. Білім ордасының аумағын асфальттап, шағын футбол алаңын салып берді. Тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығына орай ескерткіш тақта орнатып, мектепке, шағын орталыққа және медициналық пунктке жаңа техника, жабдықтар жеткізді, су құбырын тартты. Қазір ауыл тұрғындары тіс емдеу үшін аудан орталығына бармайтын болған, ауылда заманауи стоматологиялық кабинет жұмыс істейді.
Виктор Вовк 1965 жылғы 30 маусымда тың игерушiлер отбасында дүниеге келген. Алматы медициналық университетін «Стоматология» мамандығы бойынша тамамдаған. Жоғары дәрежелі дәрігер, Украина елінің имплантант қауымдастығының құрметті мүшесі.
Ол аудан демеушісі, белгілі меценат, өз туған ауылында жеке қаражаты есебiнен шағын футбол алаңын салды. Аталған футбол алаңында жыл сайын жастар мен оқушылар арасында аудандық жарыстар өткiзiледi. Алғашқы тың игерушiлерiнiң Құрмет Тақтасын жасады.
Уәлиханов аудандық мәслихаты сессиясының 2016 жылғы 8 желтоқсандағы №5-9с шешiмiмен «Уәлиханов ауданының құрметтi азаматы» атағы берiлдi.