Атырау облысы Исатай ауданы, Қамысқала ауылдық округіне қарасты Жасқайрат ауылындағы жаңа медициналық нысан тұрғындарға алғашқы медициналық-санитариялық көмекті қолжетімді әрі сапалы көрсетуге мүмкіндік береді.
Медициналық пунктте тіркеу бөлімі, дәрігердің қабылдау, ем-шара және физиотерапия кабинеті қарастырылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлап отыр.
Салтанатты рәсімге аудан әкімі Нұрым Мусин, атқарушы билік өкілдері, депутаттар және қоғам белсенділері қатысты. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Құрбанов және Салидат Қайырбеков атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Атырау облыстық департаментінің басшысы Бекет Еркінұлы арнайы келді.
Жиын барысында Жасқайрат медициналық пунктінің медбикесі Қамажай Мәлікқызы мен Қамысқала ауылдық округі амбулаториясының көлік жүргізушісі Ерғали Рысқалиұлы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Медициналық пункт заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 12 арналы электрокардиограф (ЭКГ), дефибриллятор, пульсоксиметр, спирометр, екі дана екі арналы магнитотерапия аппараты, екі дана инфузиялық шприц, екі дана инфузиялық насос, электрлі хирургиялық сорғыш және әрбір кабинетке қажетті медициналық жабдықтар бар.
Қамысқала ауылдық округіне қарасты Жасқайрат елді мекені аудан орталығынан 65 шақырым қашықтықта орналасқан. Жасқайратта бүгінде 37 тұрғын үйде 107 адам тұрақты қоныстанған.















