Өткен жылы өңірімізде 18 елдімекендегі 22 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізген. Есепті кезеңде облыс аумағында 19,8 миллиард теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары іске қосылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Мұздыбеков айтты.
- Өңір тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде ауылдық елді мекендердің 285-і орталықтандырылған ауыз суға қосылды. Бұл көрсеткіш 77,7 пайызды құрайды. Атап өтерлігі, өткен жылы өңірімізде 18 елдімекендегі 22 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Осы мақсатта есепті кезеңде облыс аумағында 19,8 миллиард теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары жүзеге асырылды, - деді Руслан Орынбекұлы.
Жалпы, облыс бойынша 5 627,2 шақырым су құбыры, 549,1 шақырым су бұру желілері бар. Ал олардың тозу деңгейі жыл санап төмендеп келеді. Айталық, су құбырының тозуы 2,8, су бұру желілері 38,1 пайызды құрап отыр.