Ауылшаруашылығы алға басып, инвестиция көлемі артып келеді

Ауылшаруашылығы алға басып,  инвестиция көлемі артып келеді

Жуалы ауданы – Жамбыл өңіріндегі экономикалық әлеуеті жоғары, ауылшаруашылығына басымдық берген аудандардың бірі. Ауданның даму динамикасы жыл өткен сайын ілгерілеп келеді. Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң нәтижелер көрсетуде. 

Бес айдың қорытындысы бойынша аудан экономикасында 19,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 пайызға өскен. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында 7,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Нақты көлем индексі 97,4 пайызды құрап отыр. Ал алғашқы жартыжылдықтың қорытындысында бұл көрсеткіш 8 миллиард теңгеге жетіп, 100 пайыздық межені орындауы күтілуде.

Ауданда өнеркәсіптік өндіріс негізінен тау-кен және өңдеу өнеркәсіптерімен байланысты. Бұл бағытта «Қалнұр» және «ЖамбылДормоСтрой Сервис» серіктестіктері кен және құрылыс материалдарын өндірумен айналысуда. Өңдеу өнеркәсібінде «Бурный сүт зауыты» негізгі кәсіпорын ретінде қызмет көрсетеді. Аталған зауыт сүтті қайта өңдеумен айналысып, ірімшік пен сарымай өндіреді. Дегенмен, биылғы жылдың алғашқы айларында зауытта өндірілген майлы өнімдер көлемі аздау болды. Бұл жағдай сүт құрамындағы майлылық көрсеткіштерінің төмен болуымен түсіндіріледі. Әкімнің айтуынша, енді жайылымдар ашылып, сүттің сапасы артқан сайын, зауыттың да өнім көлемі тұрақталып, баға мәселесі де шешімін табады.

Сүт өндіру саласы бойынша ауданда бірқатар шаруашылықтар мен кәсіпорындар жұмыс істейді. Олардың қатарында «Ақмол 2025», «СМТС», «LF Company», «Алико сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Олжа» жеке кәсіпкерлігі, «Бурный ірімшік зауыты», сондай-ақ «Бақдаулет» және «Алатау сүт өнімдері» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтері бар.

Ауылшаруашылығы саласы – аудан экономикасының негізі. Өткен бес айда бұл салада өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 101,5 пайызды құраған. Жалпы 7,7 миллиард теңгеден астам ауылшаруашылығы өнімі өндірілген. Оның ішінде мал шаруашылығына 7,6 миллиард теңге, ал өсімдік шаруашылығына 69,9 миллион теңге тиесілі. Жартыжылдықтың қорытындысымен ауылшаруашылығы саласындағы табыс көлемі 10,3 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,6 пайызды құрайды деген болжам бар.

Аудан бойынша қазіргі таңда мүйізді ірі қара мал саны 51 264 басқа жеткен, оның ішінде 19 701-і сауынды сиыр. Сонымен қатар, 245 760 қой мен ешкі, 20 595 жылқы және 95 581 құс тіркелген. Бұл көрсеткіштер ауданның мал шаруашылығындағы әлеуетінің жоғары екенін айқын көрсетеді.

Жуалы ауданында инвестиция тарту бағытында да оң серпін байқалады. 2024 жылдың алғашқы бес айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2,6 миллиард теңгеден асып, жоспар 110,3 пайызға орындалған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 3,5 миллиард теңгеге жетіп, 100 пайыздық жоспарды толық орындайтыны күтілуде.

Сауда-саттық саласында да өсім бар. Сауда айналымы 4,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға артқан. Оның ішінде бөлшек сауда – 2,3 миллиард теңге, көтерме сауда – 2,3 миллиард теңгені құрады. Нақты көлем индекстері де жоғары: бөлшек саудада – 2161,6 млн теңге, көтерме саудада – 2330,1 млн теңге.

Құрылыс саласы бойынша да айтарлықтай жетістіктер бар. Биылғы қаңтар-мамыр айларында 1,4 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары орындалып, нақты көлем индексі 143,3 пайызға жеткен. Сонымен қатар, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 7608 шаршы метрді құрап, бұл көрсеткіш 102,9 пайызға орындалды.

Жалпы алғанда, Жуалы ауданының экономикалық дамуы тұрақты сипат алып келеді. Ауылшаруашылығы өнімінің көлемі ұлғайып, өнеркәсіп өндірісінің бағыты кеңейіп, құрылыс пен инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Бұл көрсеткіштердің барлығы аудан халқының әл-ауқатын арттыруға және өңірдің даму қарқынын күшейтуге бағытталған.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,

Жамбыл облысы, 

Жуалы ауданы

 

11.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15961
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15831
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30982
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29625
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33192