Ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы мәні мен маңызы өте жоғары.
Мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың нәтижесінде біздің ауданда ауылшаруашылығын дамыту жүйелі түрде іске асырылып келеді.
Сарысу аудандық мәдениет үйінде ауылшаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні кәсіби мерекесі аталып өтті.
Мерекелік шараға қатысқан аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев ауылшаруашылығы өнімдерін көрмесін тамашалап, салтанатты шарада құттықтау сөз сөйледі.
— Ауданда ауылшаруашылығы саласы бойынша көңілге қонымды көрсеткіш баршылық. Биылғы жылы дала еңбеккерлері қамбаға ойдағыдай өнім жинады. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде мал шаруашылығы да дамуда. Төрт түлік малдың басы артты. Өндірілген ет пен сүт өнімдерінің көлемі ұлғайды.
Ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор деп білемін. Сондықтан, біз одан әрі еңбектеніп, бұл саланы дамыта беретін боламыз. Ауданымыздың дамуы жолындағы еңбектеріңіз абыройлы болсын! Сіздердің еңбектеріңіз қашан да құрметке лайық! – деген аудан басшысы, ауданның ауылшаруашылығы саласының қызметкерлерін, ауыл еңбеккерлерін, сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Ауданның ауылшаруашылығы саласына өзіндік үлес қосып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген бір топ шаруашылық жетекшілері, жеке кәсіпкерлер төсбелгілермен, облыс әкімінің, аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен және заттай бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты шарадан кейін жиналғандар аудандық мәдениет үйі дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.