Ақтөбе облысы Алға ауданы тұрғындары келер жылы 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда Алға ауданының екі ауылында ауызсу нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Қалған 28 елді мекенге ауызсу түгел жеткізілген.
Алға ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасаған әкім орынбасары Болатбек Кангужиннің айтуынша, Тікқайың және Көктоғай ауылдарындағы ауызсу нысандарының құрылысы басталған. Алайда, құрылысқа жауапты мердігердің салғырттығынан жұмыс аяқталмаған.
– 2022 жылғы рәсімделген келісімшартқа сәйкес, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған еді. Алайда, бүгінгі күнге дейін мердігер тиісті жұмыстарды атқармауы салдарынан, нысан белгіленген мерзімде орындалған жоқ. Сондықтан сотқа мердігерді «жосықсыз» деп тану, айыппұл тағайындау және жұмыстарды толығымен аяқтауға міндеттеу бойынша екі мәрте талап арыз берілді. 2025 жылы жұмыстар толығымен аяқталады деп жоспарлануда, – деді аудан әкімі орынбасары.
Болатбек Кангужиннің айтуынша, алғалықтардың 98%-ы көгілдір отынға қол жеткізген. Жуырда Жерұйық ауылына газ тартылмақ. Бұл мақсатта жобалық-сметалық құжат дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілген.