Мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, ауылшаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін жан-жақты талқылады.
Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ықпалдастыққа назар аударып, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Ильхам Әлиев екіжақты байланыстардың жоғары деңгейіне назар аударды. Президенттерге Орта дәлізді дамыту жобасы таныстырылып, оның тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, сондай-ақ Еуразиядағы транзиттік рөлін нығайтуға бағытталған нақты шаралар және бастамалар туралы айтылды.
Сонымен қатар екі мемлекеттің Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысында көлік, логистика, цифрландыру, отын-энергетика кешені, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Жалпы, Әзербайжан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында энергетика, көлік-логистика, цифрландыру, жасанды интеллект, өнеркәсіп қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, статистика салаларындағы және мәдени-гуманитарлық байланыстар бағытындағы ынтымақтастық жөнінде 15 құжатқа қол қойылды.
Ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, цифрландыру салаларында қос тарап бірлескен кәсіпорындар құруға ниет танытты. Келіссөздерде энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды тақырыптың бірі болды. Бұл бағытта екі елдің де әлеуеті мол.
Сондай-ақ тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқан.