Бәйтерек ауданы: Берері мол бағдарламаның жемісін көруде

Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде

«Ауыл аманаты – ел аманаты»  атты  «Аманат» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Батыс Қазақстан облысында

 

Газетіміздің басты тақырыбына айналған «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясы аясында Батыс Қазақстан облысына арнайы жұмыс сапарымен келген танымал журналист, ел анасы, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы алдымен 85 жылдық тарихы бар Бәйтерек ауданында болды. Экспедиция сапарын оңтайлы ұйымдастырған «AMANAT» партиясы облыстық филиалын ерекше атап өткен жөн.  

Несібелерін адал жолмен тапқан ауылдықтар

 

Елордалық қонақтарды ауданға бастап барғандардың арасында Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев болды. Бұл делегацияны Бәйтеректе аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұханов, ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер күтіп алды. 

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Лұқпанұлы Тоқжановтың бастамасымен мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде кеңінен қанат жайған. Сол игілікті істерді көру мақсатында ауданда ең бірінші аялдаған елді мекеніміз Байқоныс ауылы болды. Мұнда Талшын Каракузова («Каракузова» жеке кәсіпкерлігі) есімді тұрғын «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өткен жылы 4 миллион несие алып, ауылдастарына кілем жуу қызметін ұсынып отыр екен. Бес жылға 2,5 пайызбен алған несиесіне кілем жууға арналған құрал-жабдық сатып алыпты. 

– Жолдасым екеуміз үш бала тәрбиелеп отырмыз. Кәсіпті бастағанда несие аламыз деген ойымыз болды. Кейін тиімді пайызбен несие ұсынатын «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы естідік. Болашақта ісімізді одан әрі кеңейткіміз келеді. Қосымша үлкен көлік қажет. Жолдасым жұмыс жасайды. Ал өзім бұрын банкте жұмыс жасаған едім. Қазір ол жерден жұмыстан шығып, жеке кәсіппен айналысудамын, – деді байқоныстық кәсіпкер.

Ал Дариян ауылынан «NICA» атты ателье ашқан кәсіпкер Шолпан Шалқар аталмыш бағдарлама арқылы 2023 жылдың соңында 8,5 миллион теңге несие алған. Бұл қаржыға тігін ісіне қажетті жабдықтар алып, мектеп формасын және қорғаныш комбинезондарын, басқа да киім түрлерін тіге бастаған. 

– Қазіргі уақытта ательеде төрт адам жұмыс жасайды. Тігетін киімдеріміздің матасы жақсы, сапасы тұтынушыларымызға ұнайды, бағасы да қолжетімді. Жалға алып отырған орынның құны да қалтамызға қолайлы. «Ауыл аманаты» бағдарламасы кәсіппен айналысамын деген жандарға үлкен мүмкіндік береді. Банктен несие алсаң, оның пайызы көп. Оның сыртында жалға алатын нысаның бар, тігін ісіне қажетті материалдар да қымбат. Өзге адамдарға да осындай мүмкіндіктер бар екенін айтып жүреміз, – деді кәсіпкер. Осы ретте жұмыс күші әлі де қажет екенін жеткізді. Ендігі үміті – аудандық жұмыспен қамту орталығының арнайы шәкіртақы төленетін оқыту курстарын бітірушілерде. Сол жерлестерінің арасынан тігіншілер де табылып қалар деген ойын ірікпеді. Осы ательеде жұмыс жасайтын тігінші Гүлмаржан Тастемірова айына 120 мың жалақы алатынын айтты. «Жұмысымыз жеңіл, өзіме ұнайды» деді ол.  

 

Тұрғындар  өндірістік 

кооперативтерге бірігуде

 

Осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында Дариян ауылындағы «Каверин» жеке кәсіпкерлігіне келіп тоқтадық. Бұл жерге аудандағы ауылдық округ әкімдері мен ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтерінің жетекшілері жиналыпты. 

Бәйтерек ауданындағы ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Лауаз Уәлиев «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бәйтеректіктердің көш бастап тұрғанын жеткізді.

 – «Ауыл аманаты» бағдарламасы біздің ауданымыз үшін ауыз толтырып айтарлықтай нәтижесін берді.  Негізінен етті және сүтті бағыттағы шаруашылықтар жақсы өркендеуде. Бір жылдың ішінде ауданның ірі қарасы 920 бас сүтті малмен толықты. Оның ішінде 394 бас – асылтұқымды. Оларды Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Ақтөбе облыстарынан жеткізіп бердік. Біздің ауданға төрт түрлі асылтұқымды мал кірді. Қазіргі уақытта олар төлдеп, мал басы көбеюде. Сонымен қатар тұрғындар құс, өсімдік шаруашылықтарын қолға алды. Кәсіпкерлеріміз өз өнімдерін облыс орталығында өтетін ауылшаруашылығы жәрмеңкелеріне шығарады. Ауданымызда кәсіпкерлік саласы оңынан дамуда. Кәсіпкерлік саласы бойынша өткен жылы халыққа қызмет көрсететін 24 жоба жұмысын бастады. Нәтижелі жұмыстарын көрсетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен құрылған ауылшаруашылығы кооперативтері де қарқынды жұмыс жасауда, – деді Лауаз Жеңісұлы.

Облыс орталығынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан Шаған өзенінің бойындағы Макаров ауылдық округінде өткен жылы ашылған «Аманат – 2022» кооперативі белсенді жұмыс жасауда. Округ әкімі Еркін Әбілкакимов кооператив ауылдағы көптеген игілікті істерге ұйытқы болып отырғанын жеткізді. 

– Ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын сатып алған кооператив мал, өсімдік және құс шаруашылықтарын дамытуға ден қойды. Ауылдықтардан сүт жинап, Орал қаласындағы «Жастық» ЖШС-ға күніне 930 литрдей сүт тапсырады. Ауылымыздағы көкөніс өсірумен айналысатын тұрғындар өз өнімдерін кооператив арқылы көтерме бағамен тапсыруда. Кооператив 52 миллионға жұмыртқа бағытындағы 10 мың бас тауыққа арналған құрылғы сатып алды. Құс фабрикасы тұрғызылып, тоқсан пайыз жұмысы аяқтала келді, – деді Еркін Рустамұлы.

Көшім ауылдық округіндегі «Колесово» ауылшаруашылығы кооперативі бес адаммен өз жұмысын бастаған. Сүтті бағыттағы асылтұқымды мал өсіру ісіне басымдық берген кооператив «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алған. Округ әкімі Ауған Альмурзин: 

– Әрине, басында түсініспеушіліктер, түрлі қиындықтар болды. Ең алдымен ауылшаруашылық техникасы мен оған қажетті құрал-жабдықтарды түгендедік. Мал өсіру, мал азығы және сүт бағытындағы АШК-терін бір кооперативке біріктірдік. Көктемде кооператив құрамындағы ауыл тұрғындарына күл-қоқыстарын шығаруға, шөп шабуға төмен бағамен қызмет көрсетіледі. Нәтижесінде мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай мүмкіндікті пайдалануға өзгелердің де қызығушылығы туындады. Кейін тұрғындардың сенімі пайда болды.  Қазіргі таңда кооператив мүшелерінің саны 139-ға жетті. Ауылдық округте бір АШК-ның жұмыс жасауы бізге де тиімді. Осы кооператив құрылғалы 24 бас асылтұқымды, 216 бас тауарлы мал кіргіздік. Көшім ауылы облыс орталығынан 40 шақырым қашықтықта. Бізде бау-бақша өнімдерін өсіру жақсы дамыған. Енді сондай кәсіппен айналысатын қожалық иелерін де кооператив құрамына қосу ойда бар, – дейді.

Өзге ауылдық округ әкімдері де осындай жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Ал Зеленый ауылдық округіндегі «Зеленов сүт» ауылшаруашылық кооперативі 2022 жылы жұмысын бастаған. Тұрғындарды сүтпен қамтамасыз ететін кооператив төрайымы Мәдина Байсариеваның айтуынша, осы уақыт аралығында «Каверин» ЖК-не 205 тонна сүт тапсырыпты.  Бастапқыда 24 адаммен жұмысын бастаған кооперативтің құрамы қазір 70-тен асқан.

Сүтті қайта өңдеу және ірімшік пен чечил өндірісін қолға алған «Каверин» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Сергей Каверин «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында қабылданатын сүт мөлшері көбейгенін жасырмады.  

Өз кезегінде «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы ауыл мәселесі қашан да өзекті екенін атап өтті. Әсіресе, «болашағы жоқ» деген желеумен құрдымға кететін ауылдың ахуалына алаңдайтынын жеткізді. Сол ауылдың тағдырымен ұштасатын газетіміздің және «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының «AMANAT» партиясымен және бірнеше құзырлы министрліктермен бірге жүзеге асырылатын «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясы бар екенін тілге тиек етті. 

Өзге аудандарға үлгі болған бәйтеректіктер «Ауыл аманаты» бағдарламасын осылайша сәтті жүзеге асыруда. 62 мыңнан астам халық қоныстанған Бәйтерек ауданында 68 елді мекен бар. Әрине, еш нәрсе оңайлықпен келмесі анық. Мүмкіндігі мол «Ауыл аманаты» бағдарламасын ауылдықтарға түсіндіру, құрылған ауылшаруашылығы кооперативтерінің жұмысын жандандыру, тұрғындардың сенімін ұялату, табысқа қол жеткізу – барлығы уақыттың еншісіндегі іс-әрекеттер. Жалпы Батыс Қазақстанда 37 ауылда «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында жұмыссыздық жойылған. Аталмыш бағдарламамен қалған аудандарда тындырылған шаруаларды газетіміздің алдағы нөмірлерінде ретімен баяндайтын боламыз.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы
15.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 27
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 566
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 680
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 593
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 603

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8740
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8140
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11369
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9122
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10354