Байзақта форум өтті

Байзақта форум өтті

Жамбыл облысы Байзақ ауданының Түймекент ауылында жастар арасында есірткінің алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында облыстық “Есірткісіз болашақ” форумы өтті. Бұл туралы Жамбыл облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Байзақ ауданындағы Түймекент орта мектебінде жастар арасында есірткінің алдын алу мәселесіне арналған кең ауқымды форум ұйымдастырылды. Мазмұны бөлек басқосуға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім және денсаулық сақтау саласының мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ мектеп оқушылары мен жастар қатысты.

Форумға қатысушылар есірткінің заңсыз айналымы және оның қатерлерін талқылап, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдарын ортаға салды. Сонымен қатар жастардың бойында зиянды әдеттерге қарсы берік ұстаным қалыптастыруда отбасының, білім беру ұйымдарының және қоғамның жауапкершілігі жан-жақты сөз болды.

Кездесуде мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өзара үйлесімді жұмысының маңыздылығы ерекше атап өтілді. Сарапшылар жастар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, олардың құқықтық сауатын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы бірлескен жұмыстың нәтижелі болатынын айтты.

Форум аясында қатысушыларға арнайы баяндамалар ұсынылып, сала мамандарымен ашық пікір алмасу өтті. Сондай-ақ жастардың құқықтық мәдениетін көтеруге, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау қағидаларын нығайтуға бағытталған профилактикалық кездесулер ұйымдастырылды.

Іс-шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Байзақ аудандық полиция бөлімі, аудан әкімдігінің ішкі саясат және білім бөлімдері, аудандық емхана жанындағы Жастар денсаулығы орталығы мен Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрамындағы «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.

Өз тарапымыздан тәрбиелік маңызы зор мұндай кездесулердің көбірек болғанын қалар едік. Себебі жасөспірімдер есірткінің адам өміріне, денсаулығына және болашағына тигізетін зардабын нақты мысалдар арқылы түсінеді. Осы тектес ашық пікірталастар жастардың құқықтық санасын қалыптастырып қана қоймай, өмірлік дұрыс таңдау жасауына ықпал етеді. Сонымен бірге ата-ана, мұғалім және құқық қорғау органдары арасындағы сенімді байланыс нығайып, қоғамның ортақ жауапкершілігі арта түседі.

Күллі дүние тап болған сын-қатерлердің арасында есірткі мәселесі шығып тұрған тақырыптардың бірі. Әлем елдері күрестің сан алан түрін қолданып жатыр. Солардың арасында Исландияның мысалы көңілге қонатындай. Олар жастар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді пайдалануға назар аударып отыр. Спорт, өнер және шығармашылық үйірмелерге мемлекеттік қолдау күшейтілгеннен кейін жасөспірімдер арасындағы зиянды әдеттердің деңгейі айтарлықтай төмендеген. Ал Сингапурда мектеп, отбасы және полицияның бірлескен алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізіліп, заң талаптарын қатаң сақтау мәдениеті қалыптастырылған.

Қазақстанда да азаматтардың есірткіге қарсы күреске белсенділігін арттыру үшін тұтас қоғам болып ұйыса бастағаны қуантады. Қазір күштік құрлым өкілдерінен бөлек, еріктілер де бұл салаға көңіл бөле бастады. Жалпы есірткімен күрес саласы ешқашан назардан тыс қалмасы анық.

Ерқазы Сейтқали

 

30.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26654
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26087
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43479
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39258
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43883