БАЛАЛАР КҮТКЕН МЕРЕКЕ

БАЛАЛАР КҮТКЕН МЕРЕКЕ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі Ақтөбеде ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Еңбектеген бала үшін де қызықты байқаулар ұйымдастырылды. 6 айдан 1 жасқа дейінгі сәбилер еңбектеп жарысса, 1-2 жастағы балалардың ата-аналары қоларбаны сәндеу арқылы шығармашылықтарын көрсетті, одан ересек балалар жүгіру марафонына қатысса, енді бірі батпырауық ойнап, караоке алаңында ән шырқады. 

 

«Ертегілер әлемі – балалық шақ» деп аталған мерекенің басты салтанатына қатысқан Ақтөбе облысы басшысы Асхат Шахаров балалар мен ата-аналарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.

– Жаздың алғашқы күнінде ең маңызды мерекелердің бірі – Балаларды қорғау күнін атап өтеміз. Әр ата-ана үшін ең үлкен бақыт – баласының адал, еңбекқор, саналы азамат болып өскенін көру. Ал мемлекет алдындағы басты міндет – еліміздің ертеңі болатын білімді, дені сау әрі отаншыл ұрпақты тәрбиелеуге барлық жағдай жасау. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, шығармашылық пен спорттық әлеуетін дамытуға бағытталған ауқымды бастама – «Қазақстан  балалары» атты кешенді бағдарлама жүзеге асып жатыр.  Бүгінде өңірімізде 300 мыңнан астам бала бар. Жазғы демалыс кезінде балалардың тиімді әрі қауіпсіз демалуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінгі балалар – ертеңгі ел тірегі. Әр бала мейірім мен махаббатқа, қамқорлыққа бөленсін, – деді облыс әкімі.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшысы Гаухар Нұрахметова да кішкентай ақтөбеліктер мен ата-аналарды балалар күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Мереке аясында оқушылардың ғылыми жобалары көрмеге қойылып, көпшілікке таныстырылды. Сонымен бірге  облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өнер орталығының алдында авариялық-құтқару техникасы мен құрал-жабдықтарының көрмесін ұйымдастырды. Мереке иелері көркемсурет лицейі жас қылқалам иелерінің жұмыстарын да тамашалады. Ақтөбе қалалық жас натуралистер стансасы көрмесінің қасында балалар көбірек аялдады. Станса қызметкерлері суда, құмда жүретін тасбақаларды, теңіз шошқаларын, ақ көгершіндер алып келіпті. Триатлон саябағында өткен марафонда ерекше қажеттілігі бар балалар бірінші болып жүгіріп, арнайы сыйлықтарға ие болды. 

Қаламыздағы музыка мектептерінің оқушылары сахнада ән-жырдан шашу шашып, хореография студияларының өнерлі балалары мың бұрала биледі.

Балаларға арналған іс-шаралар облыс аудандарында Ақтөбе қаласындағы түрлі мекемелердің ұйымдастыруымен де өткізілді. Мәселен, Ақтөбедегі «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығында Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен балаларға арналған әдемі мереке өткізіліп, әртүрлі ойын-сауық және шығармашылық алаңдар жұмыс істеді. Ал облыстық «Жедел жәрдем» бекетінде Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Менің ата-анам – қамқоршы», «Менің ата-анам – адам жанының арашасы» деген тақырыпта байқау ұйымдастырылды. Бұл байқау жедел жәрдем қызметінде еңбек етіп жүрген фельдшерлер, жүргізушілер мен диспетчерлердің еңбегін дәріптеуге және олардың балаларының шығармашылығына қолдау көрсетуге бағытталды. 

Байқауға қала мен ауданнан 100-ден астам бала қатысып, 16 балаға спорттық велосипед табысталды.  

Облыстық білім басқармасы берген дерек бойынша өңірде Халықаралық балаларды қорғау күні аясында қаладағы бес түрлі алаңда бір мезетте мерекелік іс-шаралар өткізіліп, барлығы 10 мыңнан астам бала қатысқан.

М.ТАБЫН, 

Ақтөбе облысы

 

08.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13945
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13896
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29028
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27687
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31201