Закариянова Бағила Тұрсынқызы, психолог:
-Бағила ханым, соңғы жылдары суицидтік мінез-құлықтың жиілеуі – қоғам мен отбасы үшін үлкен дабыл. Әрбір бала – өмірдің үміті, ал оның ішкі әлеміндегі күйзеліс, жалғыздық сезімі мен үмітсіздікке бой алдыруы — тек жеке мәселе емес, әлеуметтік құбылыс. Психолог ретінде сіздер бұл жағдайда не істей аласыздар?
- Дұрыс айтасыз, қазіргі қоғамда балалар мен жасөспірімдер арасындағы психикалық денсаулық мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Психолог ретінде біздің басты міндетіміз - бұл мәселенің алдын алу, яғни баланың ішкі жан дүниесін түсіну, ерте белгілерді байқау және уақтылы психологиялық көмек көрсету. Эрих Фромм айтқандай: «Адамның ең терең қажеттілігі — басқалармен бірігу, сүйіспеншілік пен байланыс сезімін табу». Яғни, егер бала өз орнын қоғамда таппаса, өзін түсінетін адамды көрмесе, оның ішкі күйі суицидтік ойларға әкелуі мүмкін. Суицидтің алдын алу — тек психологтың емес, бүкіл қоғамның міндеті. Бірақ мектеп психологының рөлі бұл жерде ерекше.
Психолог маманның міндеті:
- Баланың эмоционалдық жағдайын жүйелі бақылап отыруы керек;
- Сенім арнасы мен «қауіпсіз орта» құруы қажет;
- Оқушылармен ашық әңгіме, тренинг, арт-терапия, рефлексиялық сабақтар жүргізуі тиіс;
- Мұғалімдер мен ата-аналарға психологиялық кеңес беріп, қауіпті мінез белгілерін тануға үйретуі керек.
Карл Роджерс айтқандай: «Адамды өзгерту үшін оны ең алдымен түсіну қажет». Сондықтан баламен жұмыс істеуде басты қағида – тыңдау және түсіну. Психолог әрбір баланың ішкі әлеміне еніп, оған сенім ұялата білуі тиіс.
-Ал бұл жерде отбасы мен мектептің атқарар рөлі қандай болмақ?
-Отбасы – баланың алғашқы психологиялық ортасы. Үйде естілмеген жылы сөз, қабылдамау мен сын — баланың рухани күйін әлсіретеді. Сондықтан ата-аналар баланы тыңдауға, қолдауға, мейірім көрсетуге үйренуі керек. Мектеп пен отбасы арасындағы байланыс та маңызды. Иә, осы жерде мектеп психологының рөлі ерекше. Психолог ата-аналармен тығыз байланыста болып, баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді уақытылы талдауы қажет.
Суицидтің алдын алу – жүйелі және үздіксіз процесс. Мұнда әрбір педагог, ата-ана және қоғам мүшесі жауапты. Психологтың міндеті – баланың жанына үміт отын жағу, оның өмірге деген сенімін қайта ояту. Виктор Франкл өз еңбегінде былай дейді: «Өмірдің мәні бар жерде үміт бар, ал үміт бар жерде адам өмір сүргісі келеді». Сондықтан біз, психологтар, әр баланың жүрегіне сол үміт ұшқынын сыйлауымыз керек. Себебі әр өмір — қымбат, әр бала — болашақ.
-Бағила ханым, балалар мен жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсетудің негізгі бағыттары қандай, атап өтсеңіз?
-Балалар мен жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсетудің негізгі бағыттары мынадай:
1. Жеке кеңес беру – баланың ішкі сезімін, ойларын ашуға мүмкіндік береді;
2. Топтық терапия және тренингтер – қарым-қатынас пен өзара қолдау сезімін дамытады;
3. Арт-терапия, құм терапиясы, рөлдік ойындар – баланың эмоциясын сөзбен емес, әрекет арқылы шығаруына көмектеседі;
4. Когнитивті-бихевиоралды тәсіл – теріс ойларды өзгерту арқылы өзін-өзі бағалауды көтеру.
-Сұхбат бергеніңізге көптен-көп рақмет!
Сұхбаттасқан-Шаргүл Қасымханқызы
.















