Балаларымыз қатігез болса, болашағымыздан не күтеміз?

Балаларымыз  қатігез болса, болашағымыздан не күтеміз?

Мінеки, сағына күткен Қасиетті Рамазан айы да өтіп барады. Бүгін соңғы күн. Ертең Айт мерекесі. Биыл, тағы да қайталап айтамыз, Рамазан айы төл жаңа жылымыз – Наурызбен қол ұстасып келді. Мұны біз жақсылыққа жорып, болашағымыз жарқын болады деп ырымдап отырмыз. Барлық жақсылық та, жамандық та бір Алладан ғой. Бір ай бойы ораза ұстап, тарауих намазын оқып, Жаратқан иемізге құлшылық еттік. Халқымызға, отбасымызға жақсылықтар тіледік. Енді міне, жақсы, жомарт, имани қонағымыз – Рамазан айымен қимай қоштасамыз. «Қош бол, Рамазан, келесі кездескенше!» деген игі тілектің үстінде  отырмыз. Көріскенше күн жақсы болғай, Рамазан айы!

Осы айда қаншама жылы кездесулер мен жүздесулер болды десеңші! Қазір адамдар бір-біріне салқын тартып, қатігезденіп бара жатқандай көрінеді. Араласуға, құраласуға уақыт тапшы. Таңертең тұрасың, күйбең тірлікпен жүргенде кеш болады. Жұма да тез келеді. Ай да сылаң қағып лезде өте шығады. Жылдан-жылға секіріп, бұл ғасырдың да ширегін өткізіп тастауға жақынбыз. Әр жылдан үміт күтесің. Бірақ үмітіміз ақталмай, әділетсіздіктерге ренжіп жатамыз. Жақсылыққа асығамыз. Сабырымыз мүжіліп, алдағы күндерге күмәніміз көбейіп тұрғаны рас. Қазақ әрқашанда шыдамды, төзімді халық. Биліктен болсын, басқадан болсын үмітін үзбей, оларға уақыт беріп, кешіріммен қарап, алдауларына көніп, әбден күтеді. Шыдам да жұқарады, ширығу басталады, наразылығы күшейеді, содан соң қазақ «бомба» болып жарылады. Өздеріңіз білесіздер, қазақ Желтоқсан болып үдере көтеріліп, Қаңтар болып қатайып, жалын күдірейтіп шамырқанып алаңға атойлап шықты. Қазақ ақкөңіл. Оны алдама! Мейлі Президент бол, мейлі басқа бол, шыныңды айт, ақиқатты қара қылды қақ жарып айт! НӘН 30 жыл алдады, небір қитұрқылықтар жасады, халқын тонады. Қазақ бәріне көнді. Енді алдауға көне ала ма? Көнбейді. Себебі алдындағы сыбағасын біреулер тартып ала берсе, қалай көнеді? Сондықтан билік мына қасиетті Рамазан айынан кейін бір әрекет жасамаса... қайдам?..

Елді қатігездік бұлты торлап тұр. Басқа-басқа, балаларымыздың бір-біріне қатігездік жасауы қатты шошытады. Мектепте, әскерде, басқа қоғамдық орындарда бірін-бірі аямай сабап, тепкілеп, тіптен өлтіруі масқара, сұмдық, нағыз зұлымдық емес пе?! Неге, неге бұлай? Біздіңше, тәртіп мәселесі әлсіреп тұр. Мектептердегі әлімжеттікті, яғни шындықты жаба тоқып отырмыз. Баламыздан айырылып, ажырап барамыз. Ажыратушы ғаламтор ма? Ажыратушы ата-аналарымыздың, мұғалімдеріміздің енжарлығы ма? Жемқорлық дендеген қоғам кінәлі ме? Қалай оны тоқтата аламыз? Неге осындай шарасыз халге түстік?

Қоғамға шұғыл бетбұрыс керек. Оны жасайтын өзіміз, тек қана өзіміз! Қай жерде қателіктер жіберіп жатырмыз? Соны жөндейтін уақыт келді. Осындай былыққа толы қоғамды жасағандар жауап берсін! Оларды жазаға тартпай, қоғам түзелмейді, әділетті Қазақстан орнамайды. Кәнеки, осыған жұмылайық, талап етейік, онсыз бәрі бекер.

 

ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ
21.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 96
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 616
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 734
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 646
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 655

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8790
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8190
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11418
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9172
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10403