БАЛАНЫ МЕКТЕПКЕ АПАРУДЫҢ МЕХНАТЫ МЕН ШЫҒЫНЫ

БАЛАНЫ МЕКТЕПКЕ АПАРУДЫҢ МЕХНАТЫ МЕН ШЫҒЫНЫ

1 қыркүйек – білім күні. Бұл күні барша қазақстандық ата-аналар балаларын оқуға дайындайды. Киіндіреді. Оқу құралдарын әпереді. Әбігерге түседі. Қайтсе де қатарынан қалдырмауға тырысады. Қарызданады. Қауғаланады. 

Ең қызығы, баладан бұрын мектепке ата-аналар қызу дайындалады. Арзан киім, құрал-жабдық іздеп, жер-жерде өтіп жатқан жәрмеңкелерді жағалап шаршап жығылады. 

 

Бір-екі баласы барлар қиналып жатқанда, көпбалалы отбасылар туралы айтудың өзі қиын.  Ал сауда дүкендері мен ашық базарларда бала киімдері күйіп тұр. Сеніңіз, сенбеңіз, бір баланы мектепке дайындауға жүз мың теңге аздық етпек. Айлығы ергежейлі бала құсап өспей тұрған, азық-түлікпен қоса киімдердің бағасы күйіп тұрған уақытта адамдарды Құдай аясын дейсің. Басқа қолдан не келеді?  Бұл туралы арыз айтқан көпшіліктің зары мен мұңы жоғарыға жетпей жатыр.

 Биыл 360 мыңнан аса бүлдіршін мектеп табалдырығын аттапты. Елімізде 115 мың оқушыға арналған 83 жаңа мектеп есігін ашыпты. Ғимараттардың жартысынан астамы «Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында салынған. Жалпы соңғы уақытта елімізде 400-ден астам жаңа мектеп пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы жүзге жуық мектеп ашылады деп күтілуде. Білім министрлігінің мәліметінше, үш ауысымды оқыту мәселесі іс жүзінде шешімін тауып келеді. Шүкір дейік! Жақсы сөз жарым ырыс қой!

Білім ордалары жаңа оқу жылына дайын ба? Үш ауысымды мектептердің тағдыры не болды? Мектеп формасының жыры қайталана ма? Оқушылардың кітабы жайлы айтылған орынды пікір-пайымдар ескерілді ме? Көп қой проблема. Біз мұның бәрінен «аттап өтіп», оқушылардың мектепке дайындығына кететін қаржы туралы ғана айтпақпыз.

Тамыз айының соңғы күндері ата-аналар үшін сабылыс. Улаған-шулаған халық.  Жайма базарлар мен сауда дүкендерінің іші де кептеліс. Арзандау сатылған кей орындарда кезек күткен ел.  Себебі мектепке баратын балаларын киіндіру керек. Қатарынан қалдырмау керек.   Ата-аналардың сөзіне құлақ түрсек, биыл балаға мектепке қажетті заттарды дайындау шығыны өткен жылмен салыстырғанда 40-50 пайызға артқан. «Бір балаға кем дегенде 150 мың теңге қажет. Тек мектеп киімі шамамен 75 мың теңгеге түседі. Ал кеңсе тауарлары мен аяқ киімге тағы осынша қаражат жұмсалады», – дейді қиналған ана.

Соған қарамастан, мектеп формасының сапасы көңіл көншітпейді. Бүгінгі нарықтағы форманың 90 пайызы Қытайдан әкелінсе, тағы 15 пайызы Қырғызстаннан келеді екен. Бағасы арзан болғанымен, матасы мен дизайнына қатысты наразылық көп. 

Жазда мектеп формасының міндеттілігі төңірегінде қызу пікірталас өрбіді. Кейбір ата-аналар оны алып тастауды талап еткен петициялар ұйымдастырды. Ал бірыңғай үлгіні жақтаушылар оның әлеуметтік маңызы бар екенін еске салады. Себебі Қазақстанда оқушылардың шамамен 20 пайызы аз қамтылған отбасында өсіп жатыр. Бірыңғай стандарт киімге байланысты алалаушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Қалай десек те, сұрақтың нүктесі биыл тағы қойылмады. 

Осы мақаланы жазып отырған автор да мектепке бірінші сыныпқа қызын апарды. Сауда дүкендері мен базарларды, ең арзан деген жәрмеңкелерді аралап көрді. Содан көңілге түйгені мынау:  ең арзан бағадағы қыз баланың жейдесі 8000 теңге тұрады. Ал белдемшенің құны 8500 теңгеден басталады. Аяқкиім – 9500 теңге, пиджагы – 12 мың теңге. Ал сөмкенің бағасы – 10 мың теңге. Жәрмеңкедегі спорттық киімдердің ең арзаны – 16 500 теңге. Спорттық аяқкиім 9500 теңге.

Бұған қоса мектепке қажетті құрал-жабдықтар бар. Оған үнемдеп жұмсағанның өзінде 40-50 мың теңге қажет. Яғни, бір қыз баланы мектепке дайындау үшін кемінде 100 мың теңге керек. Ұл балаға жұмсалатын қаржы да осыған шамалас. Тіпті одан да көп болуы мүмкін. Себебі жәрмеңкедегі бір костюм шалбардың бағасы 25-30 мың теңге тұрады.

Ескерте кетейік, біз сіздерге арнайы жәрмеңкедегі ең арзан тұратын мектеп киімі мен құрал-жабдықтардың бағасын көрсеттік.

Жалпы базардағы киімдер Қытай, Бішкек, Түркия, Ресейден тасымалданған деп бөлінеді. Соған қарай бағасы мен сапасы да әрқилы. Кітап, қалам, қарындаш… Базар сөрелерінде көздің жауын алатын кітап, қаламдар толып тұр. Қытайдікі керек пе, қырғыздікі керек пе, Ресейдікі керек пе, шамаңа қарап ала бересің. Әрине, жұрттың көпшілігі сапасына мән беретіні анық. Сапалы заттың бағасы да қымбат келетіні белгілі. Оқу құралдарын базардан басқа да арнайы канцелиярлық дүкендерден сатып алуға болады. Бағалары да шығарылған фирмаларына байланысты сан түрлі. Тек қалтаңда қомақты ақшаң болсын. Ата-аналар да оқу құралдарын шамаларына қарап таңдап алып жатыр. Осындай қарбаласта жүрген екі-үш ата-анамен пікірлесіп те үлгерген едік. 

«1 қыркүйек жақындап қалды. Науқан кезінде бағалар көтеріліп кете ме деп биыл ертерек қамдандым. Елдің бәрі баласын жетектеп, мектепке дайындықты бастап кеткен. Екі баланы киіндіру 150 мың теңгенің үстіне шығады. Оқу құралдарын бөлек сатып аламын ғой. Қазіргі балалар біз секілді бірінікін-бірі кимейді. Барлығын жаңадан алу керек. Өзім де балаларыма қатарынан қалмасын деп қалағанын әпергім келіп тұрады», – дейді Асыл Орынбекқызы.

«Мен оқу құралдарын базардан гөрі арнайы кітап-қалам сататын дүкендерден алғанды жөн санаймын. Өйткені, дүкендегі тауарлардың сапасы жақсы әрі онда таңдау мүмкіндігі жоғары. Үш немерем мектепке барады. Қажетті құрал-жабдықтарының бәрін сатып алып жатырмын. Үшеуінің тек дәптер-қаламдарына ғана 70 мың теңге кетті. Сабақ басталған соң тағы да кем-кетік кітаптары мен қосымша дәптерлерін сатып әперу керек. Оған да аз ақша кетпейді», – дейді Cалтанат Бөрібаева апай. 

 Назым атты көпбалалы ана: 

«Мектеп формасының матасы бүлінбес үшін көп жумаймын. Қанша ұзақ шыдасын деп талпынғанмен, бәрібір жылда жаңасын алуға тура келеді: сапасы нашарлайды немесе сыймай қалады. Үлкенінен қалған киімді кішісі киетін отбасыларға қызығамын. Ол отбасылық бюджетті үнемдеуге көмектеседі. Ал менің ұлдарым екі түрлі: үлкенім бойы ұзын, арық болса, кішім томпақ, бойы кішкентай. Сол себепті екеуіне екі бөлек алып беруге тура келеді. Оның үстіне ұлдарым жоғары сыныпқа көшкен сайын мектепке қажет керек-жарақ та көбейе береді», – дейді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мектепке баратын бір балаға кемінде 100 мың теңге қажет. Ал бір үйден бірнеше баланы киіндіру керек болса, шығынын өзіңіз есептей беріңіз. Ал балаңызға сапалы киім сатып алатын мүмкіндігіңіз болса, кемі 250 мың теңгеңізді жұмсайсыз. Бәлкім одан да көп.

Биыл қымбатшылық қалтаны қысып тұр. Азық-түлікпен қатар, күннен-күнге оқу құралдары мен мектеп формасының бағасы өсіп жатыр. Мәселен, бір жыл ішінде кеңсе тауарлары 9,9 пайызға, мектеп формасы 25-30 пайызға қымбаттаған. 

Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанда төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 500 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары бар немесе 23 жасқа дейін күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға отбасы табысына қарамастан төмендегі көлемде жәрдемақы 2025 жылға тағайындалған:

төрт балаға – 63 030 теңге;

бес балаға – 78 798 теңге;

алты балаға – 94 565 теңге;

жеті балаға – 110 332 теңге;

сегіз және одан көп балаға – 15 728 теңге қосымша 4 АЕК бойынша жеті баладан кейінгі әрбір үшін.

Қазір білім сапасы, оқу құралдарының қымбаттауы ең өзекті мәселе болып тұр. Себебі көпбалалы отбасы үшін әжептәуір салмақ. 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

 

05.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17201
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17050
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32230
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30821
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34466