Балаңыз мектепке дайын ба?

Балаңыз мектепке дайын ба?

Тамыз айы келісімен әрбір ата-ана үйдегі оқушыларды қалай киіндірем деп сары уайымға түседі. Базар бағасына қарасаң, жылдан-жылға бәрі қымбаттап жатыр. Бала үшін аянбайын десең де, алған заттарыңның құны қалтаға әжептәуір салмақ салады. Сөйтіп, жаздай жиған-тергеніміздің бәрі  баланы киіндірумен кетеді. Олар да көріп, қызыққандарын сұрайды, – дейді ата-ана. Әсіресе, мектепке алғаш қадам басқалы отырған бүлдіршіндер мен олардың  ата-аналары үшін бұл кезең – ерекше жауапты әрі толқу сәті.

Міне, жаңа оқу жылының басталуына санаулы апталар ғана қалды. Тиісінше оқу жылы жақындаған сайын ата-аналардың да мазасы кетіп, уайымы күшеюде. Себебі қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған қазіргідей қиын кезеңде балаларды оқу жылына дайындау оңай шаруа емес. Әсіресе үйелмелі-сүйелмелі көп баласы бар отбасыларға қиындау болып тұр. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын сауда орындарында, дүкен мен базарларда баласының керек-жарағын, кітабы мен киімін түгендеушілер көбейе түсуде. 

Бүгінгі күні Ұйғыр ауданы орталығындағы бір үлкен дүкенге кіргенімізде қыз бен ер балаға арналған мектеп формасының өзі  оқушының размеріне қарай 8 000-17 000 теңге көлемінде болса, ақ көйлектің бағасы 2 800 теңгеден басталып, 7 000 теңге шамасында сатылуда. Бұл ең сапалысы деген киім-кешектің бағасы десек, бұдан да арзан не қымбаты да бар. Алайда арзанын алсаңыз, сапасы көңіл көншітпейді, ал қымбаты қалта көтермейді. Екі-үш жейдені кезекпен киетін баланың ата-анасы үшін бұл – қомақты сома. Дүкенді аралап жүріп сөмке мен аяқкиімнің де жайы мәз емес екенін байқадық. Балаларға арналған қарапайым, тіпті былтырғы үлгідегі сөмкелердің өзі 5 мың теңгеден төменге табылмайды. Ал сәл көзге көріктісі мен берік материалы барлары 5 000-7 000 теңгеге дейін барады. Аяқкиімнің жыры тіпті бөлек. Бір жағынан баланың аяғына ыңғайлысын, екінші жағынан  ұзақ киетін сапалысын іздесеңіз, бағасы 3 900 теңгеден басталып 16 000 теңгеге дейін жоғары тұрады. Әрі жазғы, күздік, спорттық деп бөліп алсаңыз, бұл шығын үш есе артады. Спорттық киім де – салмақты шығын. Мектеп формасы, сөмке, аяқкиімдерден кейінгі кезек – спорттық киімде. Базарды аралай жүріп, спорттық киімдердің де бағасы көңіл қуантпайтынын байқағандай болдық. Түрі мен сапасына қарай спорттық киімдер оқушының размеріне қарай 6 900 теңгеден басталып, 16 000 теңге дейін  басталатынын  айтқанда, бағаны естіген ата-ана сол сәтте ойланып қалып жатты. Қалтадағы ақшаны есептеп, артық шығыннан қашып, спорттық киімді кейінге шегеруге тырысып әлек. Сонда орта есеппен бір балаға 70 000-90 000  теңгеге мектеп киім-кешектерін  алуға  болады  екен. Ал енді бұған күнделікті оқушы қолданатын пәленбай дәптер, қалың дәптер, қалам, сызғыш, қарындаш, күнделік, бояу қарындаш, сурет дәптер, тағы да толып жатқан оқу құралдарын алуға кем дегенде 15 000-20 000 теңге жұмсауға тура келеді екен.

Міне, біз бағамдаған базар  бағалары осылай. Қалай қарасаң да қымбатшылық қысып, баға шарықтап, алқымнан алып тұр. Көпбалалы жанұяның балалары былтырғы формасын қайта киіп амалдамаса, мына заманда 6-7 баланы мектепке дайындаудың өзі оңай болмай тұр. Өмірге әкелген соң бағып-қағу, киіндіру – әрбір ата-ананың міндеті. Базарда баласын ерткен ананың бар мақсаты – оны қатардан қалдырмау. Сол себепті несие алса да, қалтадағы соңғы ақшасын жұмсаса да балаларын мектепке дайындау үстінде. 

Бүгінгі күні «қысқа жібі күрмеуге келмейтін» кейбір  отбасылардың балаларына көмек қолын созу – әрбір азаматтың жеке шаруасы. Мемлекет тарапынан мектептер ұжымы «Мектепке жол» атты акциялар ұйымдастыра жатар, сонда да ел-жұрт болып көмекке келсек, қайғысына ортақтассақ ең үлкен сауап деген сол емес пе, ағайын!  Кейінгі жылдары мұндай игі шараға қатысуға ниет білдіргендердің қатары молайып келеді. Қуанарлық, құптарлық үрдіс болса керек. Мүмкіндігіңіз болып жатса, сіз де қалыс қалмай көмек қолын созуға тырысыңыз!

Жұман МАТАЙ, 

Алматы облысы, Ұйғыр ауданы

20.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27072
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26540
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43871
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39663
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44222