Бүгін облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Билер кеңесінің қолдауымен аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» атты тақырыпта батагөй қариялар арасында
бата беруден аудандық байқау өтті. Байқауға ауданға қарасты ауылдық округтерден бабалар өсиетін, сөз саптасын, даналық ұғымын ұрпағына үлгі еткен 13 қария қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Алдымен қариялар өзінің өткерген өмір жолын қысқаша түрде баяндап, жеткен жетістіктеріне тоқталды. Екінші кезеңде өздерінің өнерлерін ортаға салып, келген көрерменің ыстық ықыласына бөленді. Ақтық кезеңде ақсақалдарға берілген уақыт үш минут, дәл осы уақытта қазыналы қарттарымыз батаның түр-түрінен ақ жауынша жаудырды. Балаға берілетін бата, жолаушыға, тіпті ауылға арналған баталар да кездесті.
Он үш қариямызды үш кезең бойынша жіті бақылап отырған қазылар алқасы бас жүлдені хантау ауылдық округінен келген Жолдасбек Абушакиров, I орынды Мойынқұм ауылдық округінен Мұқатай Алыпбайұлы атамыз, II орынды Бірлік,Жамбыл ауылдық округінен Қанжарбек Әбдірәшев, Қоштай Ердосов аталарымыз, III орынды Ұланбел,Қызылотау ауылдық округінен
Сейтжан Қармақбаев,Жәлмәнбет Бекбергенов аталарымыз иеленді. Іс-шара соңында жүлделі орындардан көрінген қарияларымыз ұйымдастырушылар тарапынан арнайы диполмдармен және бағалы сыйлықтар марапатталды.