Біз тұратын Әуезов ауданының Садовникова, Солнечная көшелерінің тұрғындары жиі бас сұғатын жері – шаштараз. Отбасымызбен ай сайын барамыз десек те болады. Осынау талдырмаш денелі, аққұба келген Әлия есімді шеберге кезекке тұрып шаш алдырушылар саны өте көп. Өйткені ол өз жұмысын тез, тындырымды әрі сапалы атқарады. Өз ісінің хас шебері. Жұмыс процесі барысында қызықты әңгімесін де айтып, келушілерді жалықтырмайды.
Қызыққа толы балалық шақ
Әкем мені бетімнен қақпай, ер бала сияқты еркін өсірді. Оның сүйікті қызы болдым. Айтқанымды екі етпей орындайтын. Менің балалық шағым өте қызық та көңілді өтті. Өзім Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Новопетровка совхозының Қарағаш бөлімшесінде дүниеге келдім. Кейін 2 жасымда әке-шешемнің жұмыс бабымен Беломор совхозының Марксизм деген ауылына көшіп бардық. Қарағашта менің нағашыларым тұратын, әр каникул сайын сонда барып тұратынмын.
Орал қаласында С. Сейфуллин атындағы жалғыз қазақ мектебі бар болатын, 11 жылдықты сонда бітірдім. Оған бару үшін іріктеу жүреді, соның математика сыныбына өттім. Әкем, Батыркаиров Самат Ғаббасұлы, мал дәрігері болып істеді. Мен ес білгелі суда малтып жақсы жүземін, коньки, шаңғыны да тебемін, хоккей ойнаймын. Осының бәрін әкем кішкене кезімнен үйреткен еді.
Ол Ресейге іссапарға жиі барып, маған көбіне спорт құралдарын әкелетін. Әкем спортқа өте жақын болды: таңертең жүгіреді, велосипед тебеді, әрі аңшы, әрі балықшы. Балық аулағанда мені қасына ертіп алатын. Қармақты өзі жасап алатын. Менің де әдемілеп істеп берген 3 түрлі кішкентай қармағым болды. Әкем арба-шананы да өзі істей беретін шебер адам еді. Итімізді ертіп, атпен аңға шығамыз. Үйге үйрек, қаз атып әкелетінбіз.
Анам дәмі ауыздан кетпейтін қуырдақ істеп беретін. Ауылда Утва деген өзен бар. Оралда қар қалың жауады. Әкем ерінбей қарды үйіп, маған мұзайдын жасап беретін. Өзінің шағын орындығына отырып алып көрермен болып, менің өнерімді тамашалайтын. Конькиімді киіп алып мұзда ызғытып сырғанаймын. Одан хоккей ойнаймыз. Басқа балалар үйлерінен шықпай отырса, мен күннің суығына қарамай күні бойы ойнай беретінмін.

6-сыныпта мынадай бір оқыс жағдай болды. Өзенде мұз әлі қатпаған. Бір күні балалармен ойнауға шықтым. Әкем: «Әлия, мұз қатпады, өзеннің ортасына жақындаушы болма!» деп ескерткен еді. Бір кесек мұзды доп қылып теуіп жүргенбіз. Бір кезде «добымыз» өзеннің ортасына кетіп қалды. Мен артынан зулап келем. Сол сәтте мұз ойылып, ішіне түсіп кеттім. Балалар шуылдап, қорыққандарынан үйлеріне қарай қашты. Айтсақ ұрсады деген болу керек, болған жайды ешқайсысы ата-аналарына айтпаған. Мен болсам суға бір батып, бір шығып жүрмін. Аяғымдағы нәскиім мен етігім сыпырылып қалған. Төмен қарай тартып, зілдей болып тұр еді, дегенмен жеңілдеп қалдым. Бір қолғабым да шешіліп кеткен. Әйтеуір оң қолымдағы қолғабыммен мұзды қармалап ұстап тұрмын. Айғайлайын десем, даусым шықпайды. Жүзе білгенімнің арқасында аман қалдым десем де болады. Бір сүңгіп, бір шығып, судың бетінде малтып тұрмын. Айналада ауыл адамдары көрінбейді. Малдарын жайғап жатыр ма екен… Кенет алыстан көрші апа мені көріп қалыпты. Ойбайлап, әке-шешеме хабарлапты. Сол уақытта әкем аяқкиімін киюге де шамасы келмей, жалаңаяқ өзенге қарай жүгірді. Арамызда 3 метрдей жер бар. Бірақ әкем жете алмай келеді. Бір заматта беліне байлап алған арқанын маған қарай лақтырып: «Мынадан ұста, қызым!» деп айқайлады. Мен қалш-қалш етіп бір қолыммен мұздан ұстап тұрдым. Одан айырылсам, су түбіне кеттім дей бер. Мен «ұстай алмаймын» деп басымды шайқадым. Әкем мұздың астымен сүңгіп келе жатыр. «Қызым, басқа амал жоқ, екеуіміз де сүңгиміз» деді. Ол маған жеткенше мұзды қолымен ойып келеді. Өзен беті қып-қызыл ала қанға боялды. Өткір мұздар әйнек сияқты қолдарын осып кеткеніне қарамай, қайран әкешім қызын құтқарып алуға асығуда. Маған жақындағанда су иығынан келді.
Тереңдік 2 метрдей еді. «Деміңді ішіңе тарт, судың астымен сүңгіп барамыз!» деді. Сөйтіп, әкем екеуіміз аман-есен жағалауға да жеттік-ау.
Үйге барған соң анам шешіндіріп, киім ауыстырып, ыстық шай беріп, жылы орап жатқызып тастады. Таңғаларлығы, ертесі мен түк болмағандай мектепке бардым. Мұздай судың астында ұзақ тұрсам да ауырмадым. Сонда талай суықта ойнап шыныққанымның арқасы болып тұр ғой. Класқа келдім. Кеше мені тастап қашып кеткен кластастарым ұялып, төмен қарады. Сол арада ішінде болмаған бір құрбым кеп: «Әлия, сен мұзға түсіп кетіпсің ғой. Мына қорқақтар сені тастай қашыпты. Осылар үшін мен ұялып тұрмын. Мен болғанда ата-анаңа айтар едім!» – деді. Мен: «Рақмет, осындай досым болғанына!» – деп риза болдым.
Әкеме етігімнің суға кетіп қалғанын айтып ем: «Мұңайма, қызым, ондай етіктің әлі талайын алып берем. Өзің кетіп қалмағаныңа шүкір!» – деді ол күліп. Әкем мықты мал дәрігері болды. Өз ісінің білікті маманы. Зейнетке шыққан соң да ауыл адамдары үйге келіп тұратын: «Сиырым күйсемей тұр, ешкім туа алмай жатыр» деп. Шешем күлетін: «Әкелерің жұмыс істеп тұрғанда іссапарға кетіп үйге тұрмаушы еді. Қазіргі мал дәрігері үйден шықпайды», – деп.
Ауылдық жерде жем-шөпті күзде дайындайды. Бірақ көктемнің соңында, жазда туатын малдар болады. Оларды жайылымға жібермей, қорада ұстап бағады. Ауылда шөбі белден келетін шұрайлы жерлер көп. Әкем шөпті орақпен өзі орады: «Қызым, түстен кейін 4-те шығып кетеміз. Оған дейін ат үйде болсын!» деп ескертеді. Жүгенімді арқалап, мен де үйден шығам. Малшылар да мені танып алған. Атымның күнде қайда жайылып жүргенін біледі. Жолшыбай мені көре қалса: «Әлия, атың Қыземшек жақта немесе Торапбастау жақта жүр», – дейді. Аттары аңызға айналған қасиетті Қыземшек тауы ауылдан 18 км, ал Торапбастау 3 км жерде. Атыма секіріп мінем де, шаба жөнелем. Өзім аттың басын жіберіп, қатты шапқанды ұнатам. Бірде жануарым шауып келе жатып, арттағы аттардың кісінеген даусынан шошынып кілт тоқтайды. Сол кезде мен жүген-мүгеніммен атымның алдына топ етіп құладым. Аттың аяғын сезіп тұрмын. Бірақ оның ақылдылығы сонша, маған тиіспей қарап тұр. Басқа ат болса, таптап тастар ма еді? Туған жердің топырағының қасиеті ғой, қаншама рет құласам да бір жерім майып болып ауырған емес.
Ауылдың шетінде Әбілман деген ата тұратын. Не істейтінін білмеймін, сол кісі ылғи қорасының төбесінде жүретін. Менің аттың басын қалай жібергенімді көріп жүріпті. Содан ата-анама: «Мен Әлия аттың басын жібергенде тақымымды қысып тұрам» дейді екен.
Ал анама келсек, Сұлтаниязова Хайырлыманет Іздiбайқызы бастауыш мектеп мұғалімі болып істеген. Ол үнемі үйдің тірліктерімен, ал мектепте сабақтарымен жүреді. Түрлі конкурстар мен ашық сабақтар өткізетін. Үздік мұғалім атанып, ылғи 1-орын алатын. «Маған идеялардың бәрі сиыр сауып отырғанда келетін» деп күлетін анам. Мен ол үшін қиын бала болдым десе де болады. Анам жұмыс істеп жатқанда мазасын ала беретін болуым керек. Сосын менің теріп алған қоңыздарымды бір қорапқа салып береді де: «Мә, мына жіпті ал да мүйіздерінен байлап қой!» дейтін. Мен күні бойы қоңыздардың мүйіздерін байлап, бір-біріне матап қоятынмын. Сонымен әуре болып, кейде шаршап, қылжиып ұйықтап қалатынмын. Ертесі қарасам, қоңыздарым жоқ, бәрі жіптерін шешіп ұшып кеткен. Мен қайран қалам, анама: «Қалай сонда мен оларды мықтап байлап қойып ем?» деймін. Кейін білдім, сөйтсем анам аяп, түнде жәндіктерді ұшырып жібереді екен ғой. Ертесі тағы да сол тірлік. Күлкілі емес пе?
Бауырларым туралы айтсам, Нұрлан, Анар, Ару деген іні-сіңлілерім бар. Олар мектепте сабақты өте жақсы оқыды. Ол уақытта атақты Артек деген пионер лагері болды. Бүкіл аудан, облыс бойынша таңдап, 3-ақ оқушыны алатын. Інім сол лагерьге барды. Қазір Нұрлан Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы әуежайда қызмет атқарады. Анар өзінің жеке кәсібінде жұмыс істейді. Ару болса Шыңғырлау мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Алаңсыз студенттік кездерімді сағынам...
Студенттік кез – жастық шақтың ең бір ұмытылмас, қызықты белесі ғой, шіркін! Жатақханада 4 қыз тұрдық: мен, Нұргүл, Жанат, Жайна. Көрші бөлмеде 3 қыз бар. Сабақта жүргенде бос уақыттар болып қалады. Ол кездері телефон, ватсап жоқ. Студенттердің қалың дәптеріне анкета толтырамыз. Әрқайсысына сұрақтар беріп, өз ойымызды жазамыз. Есімде бір құрбым былай жазыпты: «Махаббат деген не? Әдетте ол адамға қуаныш, бақыт сыйламай ма, онда неге менің жаным жабырқаулы, жүрегім мұңды?» Соған қарағанда, жігітімен ренжісіп жүрген болуы керек. Ал біреуі: «Менің жүрегім құлыптаулы, оны ашқым келмейді. Өйткені қорқамын!» – депті. Кезек маған келгенде Абай атамыздың махаббат туралы өлеңін жазып қойдым. Сосын: «Жастар! Бар махаббаттарыңды бағалаңдар, кейін жастық шақ өтіп кеткен соң «қап!» деп өкініп отырмаңдар» деп жазғаным есімде.
Біз тұратын жатақхана биік, 9 қабатты еді. Астыңғы қабатында асхана бар. Түсте тамақты сол жерден ішіп, кешке бөлмеде дайындаймыз. Екі қыз кезекші болады: сабақтан ертерек шығып, асханадан кезек алады. Біреуі кассада тұрады, артынан екі қыз кеп көмектеседі. Бірде қасымызда тұрған қыздың құрбысы жақындап: «Менің де чегімді ала салшы!» деп кезексіз кіріп кетпекші болды. Мен қарсы болып ем, ол тыңдамады. Ақыры қыз тамағын алып кетті. Бәріміз орнымызға отырдық. Мен тамағымды іше алмай, ашуға булығып отырмын. Өзім әділетсіздікке төзе алмаймын, әркез шындықты жақтайтын әдетім бар. Қасымдағы құрбыларым «Қой, қой енді!» деп басу айтып жатыр. Ақырын орнымнан тұрдым да, бағанағы қызға келдім. «Сенің бұл ісің дұрыс болмады. Кешірім сұра, әйтпесе бәрі осылай істей берсе, әдет болып кетеді, содан тәртіп болмай кетеді ғой» дедім. Қыз да қырсық екен: «Жоқ, мені үйретпе, мен өзім білем» деп тұрып алды. «Ал ендеше!» дедім де, алдында тұрған какаоны жеп отырған қарақұмық ботқасына құя салдым. Қыз боп-боз болып кетті де, орнынан атып тұрып сыртқа шыға жөнелді. Зал тым-тырыс. Бәрі оқиғаны көзбен көріп отыр ғой. Содан кейін асханада тәртіп орнады.
Студенттерге әр семестрде емтихан басталады. Сол кезде көрсеңіз ғой, бәрі оқымысты болып кетеді. Асханада, бөлмеде, баспалдақта, фоеде кітапқа үңіліп отырғандарды көріп ішіңнен: «Шіркін-ай, осылар жай кезде де өстіп оқыса ғой!» деп ойлайсың. Мен бір оқығанымды миымда тез сақтап қағып алатынмын. Құрбыларыма: «Неге сонша жандарыңды қинап, жаттап жатырсыңдар? Сол жыл бойы оқыған-жазғандарыңды айтып берсеңдер болды емес пе?» деймін. «Ой, миымызда түк қалмапты» дейді олар.
«Ал ендеше, кім менімен киноға барады?» деймін. «Қайдағы кино?» деп шу ете қалады қыздар. Киініп алам да: «Онда мен кеттім» деп кинотеатрға тартып отырам. «Мир», «Орал», «Гагарин» деген 3 кинотеатр бар. Соның ішінде «Мир» қымбат, орындықтары да жақсы. Қаладағы жақсы кинолардың бәрі алғаш осында қойылады. «Марина» деген кафетерий бар, осында кеп сүт коктейлін ішкенді ұнатам. Пирожный мен балмұздаққа да тойып алам да, бөлмеме кеп, сабағымды қайталап, ерте жатып қалам. Таңертең душ қабылдап, емтиханға барамын. Менің бір әдетім – бірінші болып кіргенді жақсы көрем. Бәріміз тапсырып болған соң, сол күні паркке барамыз. Оралда ашық алаңда жұма сайын би болады. Жұмыстан қайтқандар, қыдырып жүргендер жолай кассадан билет алып кіріп жатады. Би 9-дан 12-ге дейін болады. Ал жатақхана 10-да жабылады. Кешіксең, кіргізбейді, ол үшін тәрбиешіден сұрану керек. 3-4 қыз халат-тәпішкемізді киіп, қолға кітап ұстап, оларды бір жерге тығып қойып, биге кетеміз де, қайтарда соны кие қоямыз.
Әй, жастық шақ-ай десеңші! Бізде мектепте де, училищеде де қыздар мен қыздар төбелесетін. Бір күні олар: «Кеттік, Қаратөбенің қыздарымен төбелесеміз!» деп келіп тұр. Мен күлдім де: «Әй, қыздар, бұларың не, сендер болашақ ұстаз емессіңдер ме? Сонда қазақ пен қазақ төбелесейін деп тұрсыңдар ма? Сендерге не жетпейді, қой, бұларың ұят нәрсе!» деп басу айтып, содан кейін олар да түсінгендей болып төбелесті тоқтатты. Міне, айта берсең, студенттік кездің қызықтары таусылмайды.
Мен қалай шаштараз мамандығын таңдадым?
Ауылда 8 жылдықты аяқтаған соң, 10 жылдыққа түсу үшін Оралға бардым. Тест тапсырып, жай класқа өттім. Одан іріктеу болып, математика класына түстім. Арманым – Ресейде инженерлік мамандықта оқу еді. 10 класта көктемгі каникулда әкеммен Санкт-Петербургке бардым. Бір институтты таңдадық. Жатақханасы да бар екен. Ол уақытта қазақстандықтарға таңдау бар болатын. Құжат тапсырсаң, бітті – конкурстан тыс оқисың. Үйге көңілді оралдым. Бірақ анам қарсы болды: «Оралда оқи бер, алысқа бармай-ақ қойшы. Мұнда да пединститут, СХИ бар ғой», – дейді қиылып. Әкем де қостап: «Балам, анаң дұрыс айтады. Сен математиканы оқыдың ғой, енді физматқа барсайшы», – дейді. «Қойшы, мен топас балаларға жанымды қинап сабақ бергім келмейді» деп қарсы болдым. Себебі класта апайлардың ақ тер, көк тер боп математиканы түсіндіріп жатқанын көретінмін. Оны екінің бірі түсіне қоймайды ғой.
Мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен беретін Зәуреш апай болды. Өте білімді, қатал кісі болды. Сабағын жаттап алатынмын. Қазақ тілі мұғалімі боламын деп шештім. Оралдағы педучилищеге тапсырып, оқуға түстім. Бітірген соң Алматыға келіп, мұғалім болдым. Жеке баспада корректорлық қызмет атқардым. Офисті жалға алып, шетелдіктерді жинап, топ құрып, курс аштым. Оларға қазақ тілін үйреттім. Кейде үйлеріне барып сабақ бердім. Мұғалімнің айлығы аз болды. Міне, осылардың бәрін мен қосымша табыс табу үшін істедім. Жалғызбасты ана болып, қызымды өз күшіммен тәрбиеледім.
Бірде шаштараздық кәсіпке көңілім түсіп, «неге үйреніп көрмеске?» деп ойладым. Сөйтіп оқуын оқып алдым. Моңғолиядан келген Манап Көкей деген атақты шебердің қасында істеп, үйрендім. Радиодан естіп қалдым, ол кісінің шәкірті конкурстан 1-орын алып жатыр екен. «Мен Қазақстанға келсем, сұлулық салонында ылғи орыс пен басқа ұлт өкілдерінің қыздары істейді екен. Неге сіздер де істемеске? Егер үйренгілеріңіз келсе, келіңіздер!» деп жарнамалап жатыр екен.
Сөйтіп 1 ай іздеп, әрең тапсам, тура менің тұратын жеріме 2 аялдамада екен. Жалындырып әзер алды. Уақыты өтіп кеткен дейді. 4 ай шәкірті болып істеп, мықты шаштараз етіп шығарды. Сол кезде шаштараз болып істеп, жақсы табыс табуға болатынын түсіндім. Осы шаштаразда 1 жыл жүрдім. Өзім де шаш сәндегенді, әсемдікті, шығармашылық ізденісті ұнататынмын. Өмірдің өзі мені осы мамандыққа жетелеп алып келді. Солайша осы шаштараздықты таңдадым. Бұл салада істеп жүргеніме де 25 жыл болады екен.
13 қыркүйек Шаштаразшылар күні деп аталады. Мерекеде бұрын салонда бірге істеген Ғазиза, Эрик (фамилияларын ұмыттым), Роман Жидков деген үздік шаштараздармен ара-тұра кездесіп, сырласып, бірге шай ішіп, іс-тәжірибелерімізбен бөлісіп тұрамыз. Романмен 3 жыл бірге істедік. Қазір ол француздық сән салонында. Колористка, шашты бояу жағынан мықты шебер. Сән журналдарына шығып жүреді. Әйелдердің шашын қалай бояудың қыр-сырын содан үйрендім.
Шаштараздық жұмыс, бұл – нағыз коммерциялық бизнес. 2008 жылға дейінгі бағам – 2000 тг, балаларға – 1700-1800 тг болды. Егер бала жылауық боп, тыныш отырмаса, 2500-3000-ға дейін барады. Ал қазіргі бағам – 2500-5000 тг аралығы. Бас жуу, кептіру бағасы жоғары салондардың қызметіне кіреді.
Мен неге шаштараздық жұмысымды қатты бағалаймын? Себебі күні бойы аяқтан тік тұрасың. Шаштараздың негізгі ауруы – варикоз. Сосын ерлердің шашын станокпен алғанда шаш өкпеге кіреді. Ал ол қадалып қалған шаш ешқашан кері шықпайды екен. Ғаламтордан көрсеңіз болады. Қазір енді бетперде бар, соны киіп істейміз. Аяқты айтпағанда, көзіме, тыныс жолдарыма да зиян келеді. Бөлмеміз жазда қапырық, қыста суық дегендей. Ай сайын төлеп отыратын арендасы бар...
Тәрбиелеп отырған шәкіртім жоқ. Ол дегеніңіз – үлкен жауапкершілік. Анда шауып, мында шауып, уақытым жетпей жатады. Алғаш 400 теңгеге шаш кескен күндерім де болды. Басқа салондарда 2000-ға істеп жатқанда, еңбегімнің бағаланбағанына қатты қорланатынмын. Өйткені отбасылық жағдайыма байланысты кішкентай қызымды қасыма алып істеуіме тура келді. «Мұның бәрі уақытша, Әлия, шыда! Кейін үлкен салонда істейсің» деп өзімді жұбататынмын.
Шүкір, қазір қыздарым өсті ғой. Үлкен қызым Диана, жолдасы Айболат, ұлы Нұрхан, қызы Дильназ – Астана қаласында тұрады. Кенже қызым Шлыкова Эльза – Алматы қаласында, Қасыл Қатықбаева атындағы нөмірі 168 мектеп-гимназиясында 11-сыныпта оқиды. Қиындықтың бәрі артта қалды. Осы табысыммен-ақ жер алып, үй салып қойдым. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей өмір сүріп жатырмыз.
Әңгімелескен –
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ













