Батыс Қазақстан: Баспанамен қамту бағытында жұмыстар жүргізілуде

Батыс Қазақстан:   Баспанамен қамту бағытында жұмыстар   жүргізілуде

 

 

Су тасқынынан зардап шегіп, төтенше жағдай орын алған Батыс Қазақстан облысындағы ахуал тұрақталып келеді. Енді баспаналары бүлінген тұрғындардың мәселесі көпті алаңдатуда. 

Ақпараттық штабта өткен баспасөз жиынында БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су тасқыны кезінде баспаналары жарамсыз болған тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін жеткізді. Жалпы облысымызда төтенше жағдай кезінде 1311 тұрғын үйге зиян келген. – 1150 үй бойынша техникалық тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 413 үй тұруға жарамсыз деп танылды.  Алайда зардап шеккен тұрғындардан өтініштер әлі күнге түсуде, осыған байланысты техникалық тексеріс жұмыстары жалғасуда. Тұрғын үйлер салу орталық мемлекеттік органдармен бекітілген үлгілік жобалар негізінде жүргізіледі. Тұрғын үйлер барлық инженерлік желілермен қоса, таза әрлеуде пайдалануға беріледі. Үйлері жарамсыз деп танылған тұрғындарды баспанамен қысқа уақытта қамтамасыз ету үшін жұмыстанудамыз, – деді Әлібек Сайынұлы. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен БҚО әкімдігі Сырым ауданындағы тасқыннан зардап шеккен отбасыларға тұрғын үйлер салу туралы меморандумға қол қойған. Ал қалған аудандардағы жарамсыз деп танылған үйлерді ҚПО б.в. компаниясының, жергілікті бизнес өкілдерінің көмегімен және қайырымдылық қорларынан жиналған қаражат есебінен салу жоспарланған. 

Қауіпті деңгейден асып, көпті үрейлендірген Жайық өзені де сабасына түсіп келеді. Мамандар атап өткендей, 29 сәуірдегі жағдай бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі қауіпті шегінен 12 сантиметрге дейін төмендеген. «Қазсушар» мекемесінің өңірдегі филиалы тасқын суын лимандар мен шабындықтарға жіберіп, бірқатар елді мекендерді су басу қаупін азайтқанын хабарлады. Төтенше жағдай жарияланғаннан бастап еліміздің 14 өңірінен көмекке келген құтқарушылар мен әскерилер өз істерін абыроймен атқарды. Оларға өңір жұртшылығының ризашылығы шексіз. Құтқарушылар мен әскерилерді шығарып салу рәсімінде облыс әкімі Нариман Төреғалиев тілсіз жаумен күресте қолдау көрсеткендерге алғыс білдірді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің мәліметінше, олардың бір бөлігі облыстарына оралса, келесі бөлігі көршілес Атырау өңіріне көмекке аттанған. Қазіргі уақытта облыс бойынша 12 эвакуациялық пунктте 2428  адам тұрып жатыр. Облыс аумағында, Орал қаласы мен 4 ауданда жарияланған төтенше жағдай режимі әлі өз күшінде.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

 

30.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 4792
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 4958
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 19908
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 18561
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 22020