Батыс Қазақстан облысында Жұмысшы мамандықтар жылына арналған «Еңбек. Адам. Құрмет» атты тұңғыш фестиваль өтті

Батыс Қазақстан облысында Жұмысшы мамандықтар жылына арналған  «Еңбек. Адам. Құрмет»  атты тұңғыш фестиваль өтті

Орал қаласында «Атамекен» өнер ордасында Жұмысшы мамандықтар жылына арналған «Еңбек. Адам. Құрмет» атты тұңғыш фестиваль өтті. Іс-шараның мақсаты – ел дамуына үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдарының еңбегін бағалау, оларға құрмет көрсету және өскелең ұрпаққа үлгі ету. «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, ел анасы атанған танымал журналист Сәуле Мешітбайқызы да осы ауқымды шараға құрметті қонақ ретінде қатысты.

Аталмыш іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, аудан әкімдері, табысты еңбек ұжымдары, кәсіп иелері және жастар жиналды. 

Пленарлық жиында сөз алған облыс басшысы Нариман Төреғалиұлы: 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбек адамына құрмет көрсету – мемлекеттік саясаттың басты бағытының бірі. Біз адал еңбекті әрдайым жоғары бағалаймыз» деп атап өткен еді. Өмірде көзге көрінбей жүргенімен, қоғамның дамуына елеулі үлес қосатын, із қалдырған азаматтар бар. Шын мәнінде, ел мүддесі жолында аянбай тер төгіп, кәсібіне адалдықпен қарап, уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген азаматтар – бүгінгі қоғамның айнасы. Бүгінгі фестиваль – еңбек адамына деген ілтипаттың, адал қызмет пен табанды еңбектің жарқын көрінісі. Бұл – жай ғана іс-шара емес, қоғамның қозғаушы күші болып отырған мамандарға көрсетілген шынайы құрмет. Еңбек – елдің еңсесін көтеретін, қоғамды алға жетелейтін басты күш. Біздің күнделікті өміріміздің әрбір сәтінде қарапайым жұмысшының қолтаңбасы бар. Жол салушыдан бастап ұстазға дейінгі, дәрігерден бастап диқанға дейінгі барша еңбеккер елдің өркендеуі үшін аянбай тер төгуде, – деп, адал еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген жандарға ақжарма тілегін айтты. Сонымен қатар «Еңбек жолы» конкурсына қатысқан үлгілі еңбек әулеттерін атап өтіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асырған кәсіпкерлерді де тыс қалдырмады. Оған қоса білім саласында жұмысшы кәсіптерді дәріптеудің жарқын үлгілеріне де тоқталды. 

Жиында сөз алғандардың бірі Ақжайық аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Ләззат  Сейткереева өзінің қолға алған кәсібі туралы әңгіме өрбітті. 

– Мен өзімнің жеке кәсібімді 1996 жылы Ақсуат ауылында шағын азық-түлік дүкенінен бастадым. Бүгінгі таңда қоғамдық тамақтандыру орнын іске қостық. Оған қоса мал шаруашылығымен айналысамын. 2022 жылы «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті қойдың жүнін өңдеп, өндіруді қолға алдым. Бұл ретте маған Ақжайық ауданының әкімшілігі, облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова айрықша қолдау көрсетті. Сол кезде жанымда болған бес қыз маған сенім артып, жұмысқа білек сыбана кірісті. Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несиеге құрылғылар сатып алдым. Қазір цехта сегіз адам жұмыс істейді. Қой жүнін өңдейміз және сұранысқа сай өнімдер жасаймыз. Енді киіз басуды мақсат етіп отырмыз. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, сіздерді кәсіп ашуға шақырамын, – деді Ләззат Мұратқызы. 

Шыңғырлау ауданының жеке кәсіпкері Сырым Жолдығұлов 2021 жылы Ақшат ауылында азық-түлік дүкенін ашып, тұтынушыларға әлеуметтік маңызы бар тауарлар ұсынған. Кейін жеңілдетілген бағада сатылатын нан пісіретін шағын наубайхананы іске қосқан. Қазір нанның әр бөлкесін 90 теңгеден сатып отыр екен. Тіпті төрт адамды тұрақты жұмысқа алған. Ал биыл жұмысшыларға арналған қолғаптар тігуді бастаған жас кәсіпкер Сырым Азаматұлы бизнес-идеясын жүзеге асыруға демеу болып, сенім артқан басшы-қосшыға ризашылығын жеткізді. 

– Сіздерге бір қарапайым, бірақ өмірді өзгертетін шындықты айтқым келеді: басты нәрсе – еңбек, ал қалғаны сылтау ғана. Мен ер-азамат бола тұра, наубайхана ісін қолға алдым. Кейбіреулер бұны «әйелдердің жұмысы» дейді, «ер адамға лайық емес» дегендер де болды. Бірақ менің мақсатым – тек қана табыс табу емес, адал еңбекпен және табандылықпен өз жолымды табу. Мемлекет көрсеткен қолдауды тиімді пайдалану өз қолымда болды. Бастапқы кезде нан илеу, түнде тұрып қамыр ашыту, дүкен аралау сынды барлық жұмысты өзім істедім. Оған намыстанған жоқпын. Себебі мен үшін еңбек ету – ұят емес, керісінше – ерлік, – дейді жас кәсіпкер.

Фестивальде жеке кәсіпкер, БҚО іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, гүл өсіруші Валентина Горбунова, Жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің 3-курс студенті, Қазақстан колледждері арасындағы «Үздік 100 студент» жобасына қатысып, жеңімпаз атанған Ғазиз Нұрсәт, көпбалалы кәсіпкер ана Самал Айтқұлова сөз сөйледі. Осы ретте айта кету керек, өңір басшысы келесі жылдан бастап қалада, аудан-ауылдарды абаттандыруда көпжылдық гүлдер өсірілетінін айтты. Бәйтерек ауданындағы Макаров ауылдық округінің әкімі Еркін Әбілкәкімов ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен таныстырды. Ауыл тұрғындарының бастамасымен 10 мың тауыққа арналған құс фабрикасы ашылған. Мал өсіретін тұрғындар өндірген сүтті тапсырып, субсидия алып отыр. Сонымен қатар кооператив құрамындағы тұрғындар бау-бақша егіп отыр. Мысалы, жуырда Маңғыстау облысына 30 тонна қырыққабат жөнелтілген. Іс-шараның қонағы болған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген өндірген өнім мен көрсетілетін қызмет сұранысқа ие болса ғана, еңбектің еш кетпегені деп атап өтті. Салтанатты іс-шара әр саланың үздіктерін ұлықтауға ұласты. «KazConstructionGroup» ЖШС-ның арматуршысы Қойшыбай Шапанов пен «Орал құю-механикалық зауытының» директоры Алтай Мұқанбетқалиев ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Сонымен бірге «Орал агрореммаш» АҚ дәнекерлеушісі Нұрболат Бағжанов пен осы кәсіпорынның  өндірістік директоры Еркебұлан Иманғалиев, «Орал құю-механикалық зауытының» механикалық құрастыру цехының басшысы Мақсот Нарболатов, «West OIL» инжинирингтік компаниясы» ЖШС-ның электр-газ дәнекерлеушісі Дмитрий Спрыгин, «Орал агрореммаш» АҚ  бас директоры Мирлан Бисенов «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. «Ақшал» ШҚ-ның механизатор-комбайншысы Сейлхан Мұқанов «Еңбек ардагері» медалін кеудесінде жарқыратса, «Бәйтерек аудандық ветеринариялық станциясына» қарасты Шалғай ауылдық округі бойынша ветеринариялық пункттің меңгерушісі Ерсейіт Дусекенов пен «Өмірзақ» ШҚ сауыншысы Айгүл Насирова «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін өңіріне тақты. Бірқатар еңбек адамы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, ҚР Энергетика және Денсаулық сақтау  министрліктерінің, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Фестиваль аясында Тұңғыш Президент алаңында ұлттық ойындардан жарыс, жұмыс берушілер жәрмеңкесі, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алған, грантқа ие болған кәсіпкерлердің көрмесі, ауылшаруашылығы техникаларының көрмесі, қолөнершілер көрмесі өтті. Айталық, ауылшаруашылығы техникасының арнайы көрмесінде 37 бірлік заманауи техника экспозициясы және агроөнеркәсіп кешені саласындағы инновациялық шешімдерді көрсететін дрон-шаңсорғыш таныстырылды. Көрмені тамашалауға келген тұрғындарға түрлі маркалы тракторлар, комбайн, тұқым сепкіштер, культиваторлар, тиегіштер және агроөнеркәсіп кешенінде қолданылатын жүк көліктерінің кең спектрі көрсетілді. Көрмеге John Deere, Ростсельмаш, Claas, Lovol, YTO, Zoomlion, Беларус, Dongfeng, МАЗ, FAW және басқа да жетекші әлемдік және өңірлік өндірушілер қатысты. Көрмеде ұсынылған негізгі маркалардың көпшілігі Қазақстанда локализацияланған, бұл өндірістік кооперацияның дамып келе жатқанын және елдің өндірістік әлеуетінің нығая түскенін көрсетеді. Сондай-ақ он екі аудан ақшаңқан киіз үйлер тігіп, жұмысшы мамандықтар даярлаудағы жетістіктерімен таныстырып, фестивальдің маңыздылығын арттыра түсті. 

«Еңбек. Адам. Құрмет» фестивалі гала-концертпен аяқталды. Спорт саласында жүрген бірқатар мамандар мен бір топ кәсіпкерлер облыс әкімінің, ҚР Туризм және спорт министрлігінің, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Алғыс хаттарын иеленді. 

– Бұл фестиваль өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Біздің айқын мақсатымыз – еңбек арқылы әрбір мамандықты дәріптеу. Бұл күнгі іс-шарада еңбек адамдарына халықтың атынан құрмет көрсетілді. Еңбек арқылы барлық қиындықты жеңуге болады. Жұмысшы мамандықтар жылына арналған бірінші фестиваль жыл сайын жалғасын табады. Елімізде тыныштық, әр отбасында береке-бірлік болсын! – деп қорытындылады облыс әкімі Нариман Төреғалиев. 

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ, Батыс Қазақстан облысы
22.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21359
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21143
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 36362
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34740
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38713