Батысқазақстандық делегацияның Қытайға сапары

Батысқазақстандық  делегацияның Қытайға сапары

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған ресми және іскерлік делегация Қытайға жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Сапар барысында облыс басшысы Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэймен кездесті. Іс-шараның өтуіне Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі қолдау көрсетті.

Халық саны 40 миллионнан асатын Ляонин провинциясы – мұнай-газ саласында тәжірибесі мол, өнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңір. Бұл салалар Батыс Қазақстан облысы үшін де ерекше маңызға ие. Аграрлық секторды дамытудағы қолайлы мүмкіндіктер жағынан да қос өлкенің ұқсастығы көп. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының «алтын 30 жылдығы» аясында өңіраралық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді. Облыс әкімі екі ел көшбасшыларының басшылығымен Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік сапалық тұрғыдан нығайып келе жатқанын атап өтті.

– Президентіміздің тапсырмасымен біз өңірдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартып, қызығушылық танытқан компанияларға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отырмыз. Қытайлық инвесторлармен бірлесіп, сұйық метанол, цемент зауыттары, газ турбиналы және жел электр стансаларын салу және өзге де маңызды жобаларды іске асырып жатырмыз. Жұмыс орындарын ашамын, өндірісті дамытамын деген инвесторлар үшін арнайы экономикалық аймақ бар, – деді Н. Төреғалиев.

Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэй де өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді.

– ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин екі ел бір-біріне сенім артатын стратегиялық серіктестер екенін үнемі атап өтеді. Кейінгі жылдары Ляонин өлкесі мен Қазақстан арасындағы байланыс беки түсті. Былтыр екіжақты сауда айналымы 2,7 млрд юаньға жетті. Сіздердің халықаралық бауырлас қалалар форумына келулеріңіз ортақ мақсат жолындағы шынайы ықыласты білдіреді, – деді Ван Синьвэй.

Қытайлық тарап достық байланыс, өндірістік ынтымақтастықты тереңдетуден бөлек, Қытай мен Қазақстан мәдениетінің жылы аясында мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге де мүдделілік танытты.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

12.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25790
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25241
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42652
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38494
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43051