Батысқазақстандық компаниялар ұлттық жобаға қатысуға дайын

Батысқазақстандық компаниялар ұлттық жобаға қатысуға дайын

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті баспасөз мәжілісінде аймақта «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы сөз болды. Баспасөз мәжілісіне ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Гүлжаз Қазбекова мен БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиев қатысты.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінің басшысы Гүлжаз Жәнібекқызының айтуынша, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде ҚР Үкіметінің өткен жылғы желтоқсандағы қаулысымен бекітілген. 

– «Табиғи монополиялар туралы» Заңның негізгі мақсаты – табиғи монополиялар саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу рәсімдерінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету. Ал аталған жоба халыққа мемлекеттік қызметтерді сенімді және сапалы көрсетуді, сондай-ақ ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін 2025-2029 жылдары іске асыру мерзімімен Қазақстанда энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды (желілер мен нысандарды) жаңғыртуды көздейді. Ұлттық жобаны іске асыру үшін қаржыландырудың әртүрлі тетіктері қарастырылған, – деді өз баяндамасында Г.Қазбекова.

Белгілі болғанындай, өңірімізде бүгінгі таңда «Батыс су арнасы» ЖШС, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы», «Жайықжылуқуат» АҚ-лары Ұлттық жобаға қатысуға дайын. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп инвестициялық бағдарламаның басымдыққа ие іс-шаралары бойынша жұмыстар жүргізіліп, жобалау-сметалық құжаттамалар дайындалып, сараптамалар жүргізілген және бекітілген инвестициялық бағдарламаны өзгертуге өтінімдер берілген. Халықтың шығыстарына тарифтік жүктемені жеңілдету мақсатында коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуге бағытталған тұрғын үй көмегін көрсету тетігі арқылы қолдау көрсетілетін болады. Бұл шара аз қамтылған азаматтарға олардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып көмек көрсетуге мүмкіндік береді, сонымен бірге бұл мемлекеттік қолдау қаражатын тиімдірек бөлуге ықпал етеді. Табыстарының деңгейіне қарамастан, барлық тұтынушыларға қолданылатын тарифтерді тікелей субсидиялаудан айырмашылығы – тұрғын үй көмегі тек қаржылай көмекке мұқтаж азаматтардың санатына ғана бағытталатындығында. Департамент басшысы өз сөзінде су ресурстарын тұтыну мәдениетін арттыру, тұтынушыларды суды үнемдеуге ынталандыру, болашақ ұрпақ үшін су ресурстарын сақтау мақсатында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті ауызсуды тұтыну көлеміне байланысты жеке тұлғалар үшін жоғары тарифтерді белгілеуге бағытталған тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізгенін жеткізді. 

Ал БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қ.Өмірәлиев «Жайықжылуқуат» АҚ, «Батыс су арнасы» ЖШС және Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясының негізгі жабдықтарының тозып тұрғанын жасырмады. 

– Атап айтсам, Орал қаласындағы жылу электр желілерінің ұзындығы 20531 шақырымды құрайды. Соның 16249 шақырымының тозығы жеткен. Сондай-ақ ұзындығы 248,6 шақырым болатын жылу желісінің – 124,6 шақырымы, ұзындығы 483,5 шақырым сумен жабдықтау желісінің – 292,5 шақырымы, ұзындығы 377,4 шақырым су бұру желісінің 231,4 шақырымы да сондай күйде. Осыған орай өткен жылы бюджеттен және кәсіпорындардың өз қаражаттары есебінен 12,4 млрд теңге қарастырылған болатын, – дей келе, күні бүгінге дейін жасалған жұмыстарға тоқталды. 

Яғни, жыл қорытындысы бойынша алты жобаның құрылысы аяқталған. Кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламасы аясында жылыту маусымына дейін 608 шақырым инженерлік желі, 19 қосалқы станция, 214 трансформаторлық қосалқы станция жөнделген. Ағымдағы жылы тағы алты жобаның құрылысын жүзеге асыру үшін бюджеттен 1,453 млрд теңге бөлінген. Оған қоса облыс орталығы – Орал қаласының жылу электр орталығының №1 турбиналық қондырғысын іске қосу жоспарланған. Ағымдағы жылы кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламасы шеңберінде қосымша 310,7 шақырым инженерлік желі, 22 қосалқы станция, 114 трансформаторлық қосалқы станцияны жөндеу көзделуде.

 Былтыр бекітілген «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасына орай Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ-ға су бұру, сумен жабдықтау жобалары бойынша «Батыс су арнасы» ЖШС тарапынан 4 жоба және жылумен жабдықтау бойынша «Жайықжылуқуат» АҚ тарапынан 5 жоба ұсынылыпты. Сонымен бірге ұлттық жоба аясында электр желілерін қайта жаңарту жобаларын іске асыруға «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың Қазақстандық орталығы» АҚ-ға 27,8 млрд теңгеге 11 жоба жолданған екен.

Басқарма өкілі Қанат Амангелдіұлы бүгінгі күні аталмыш жобалар қаржылық оператор – «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-да қаралып жатқанын мәлімдеді. Ал жалпы сомасы 351 млн теңгені құрайтын екі жоба «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ тарапынан қолдау тапқан. Сондай-ақ жалпы сомасы 594,884 млн теңгені құрайтын үш жоба  ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаменті тарапынан инвестициялық бағдарламаға тариф арқылы шығындарды қайтару бағытында қолдауға ие болған. 

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

 

15.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

ЖЕМҚОРларМЕН КҮРЕС – ОТАНҒА ҮЛЕС
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 197
ЖАС САРБАЗДАР САҚАДАЙ САЙ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 197
ШЫҒЫСТАҒЫ  ШЫРАЙЛЫ ЖҮЗДЕСУЛЕР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 28.05.2025 212
Ел болашағы –   өз қолымызда
Іңкәр БИТИМОВА - 23.05.2025 360

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13271
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13250
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 28365
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27050
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 30545