Бауыржан Момышұлы: Қазақ тілінің кенже қалуына ең алдымен ата-ана кінәлі

Бауыржан Момышұлы:  Қазақ тілінің кенже қалуына ең алдымен ата-ана кінәлі

Ана тіліміз туралы аз айтылып, ақпарат құралдарында аз жазылып жүрген жоқ. Қашан тұғырына қонғанша, баршаның игілігіне айналғанша, әлі де айтыла да, жазыла да берері хақ. 

Ал бұған кім кінәлі? Әуелі өзіміз дер едім. Батыр Бауыржан Момышұлының: «Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілімізді білмеуі не шала білуі мені қатты қынжылтады. Бұған ең алдымен ата-ана кінәлі», – дегені тіл әлі күнгі есімізде.

Баукеңнің шымбайға батырып айтқан бұл сөзінде шындық бар. Міне, тәуелсіз ел болғанымызға отыз жылдан асып кетті. 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бастап ерікті ел болдық, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін алып, тұғырына қонатын кезі келді деп қалпағымызды аспанға атып қуанған едік. Сөйтсек, арамызда тіліміздің қолданысқа енуіне қырын қарайтындар бар екен. Олар өзге емес, өзімізден шығып жатса, қалай өзегің өртенбейді?! «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтының» кері. Сол кезде-ақ ондайлар қала халқының арасынан көрініс беріп, орыстілді баспасөздерде өздерінің оғаш пікірлерін жариялағаны көзі қарақты жандардың есінде.

Алысқа бармай-ақ осыдан үш жыл бұрын республикалық телеарналардан көрсеткен келеңсіз жайды мысалға алайықшы. Астанада өз ұлтымыздан шыққан бес әйелдің жаңа ашылған қазақ мектебінің басшыларына: «Біздің балаларға орыс сыныптарын ашып беріңіздер», – деп талап қойғанын көрдік.

Директор: «Қазір білім-біліктілігімен топ жарған балалардың көбісі қазақ мектептерінен шығуда. Балаларыңыз неге осы мектепте өзінің ана тілінде білім алмасқа?» – деген уәжіне аналардың құлақ асар түрі де болмады. Ақыры директор: «Сіздер тұрып жатқан үйлерден автобуспен бірер аялдама ғана жерде орыс мектебі бар. Балаларыңызды сонда беріңіздер», – деп еді, аналар жөнге көнбегені былай тұрсын, түйеден түскендей: «Егер біздің ұсынысымыздан бас тартсаңыздар, Ресей басшылығына шағымданамыз», – деп қойып қалмасы бар ма. Ал керек болса! Бұған күлесіз бе, жылайсыз ба? Бәз біреулер мұны неге қаузап отыр деп те жазғырар. Бәрі де өтті, кетті ғой дейтін де шығар, бәлкім. Бірақ олардың бұл жөнсіздіктері өзгелерге әсер етіп жатса, қалай ашынбайсың?! Өйткені өз тілімізді өгей көріп, менсінбейтін ата-аналар әлі де бар. Және ондайлар аз да емес. Айтайын деп айтпайсың-ау. Қазақ: «Ауруын жасырған өледі», – дейді. Бүгін оларды ескермей, немқұрайлы қарасақ, ертең осы бір әлеуметтік ауруымыздың мүлдем асқынып кетпесіне кім кепіл? Сондай жандар бері тартқанды, ары тартып отырса, кімді кінәлаймыз? Әрине, өзімізді! Момышұлының бұған ата-аналар кінәлі дегені осы.

Алматы қаласындағы орыстілді мектептерде оқитын қазақ балаларының саны осыдан бес жыл бұрынғыдай емес, көбейіп келеді. Сол балалар өз ана тілін бес саусағындай біліп өссе, қай тілде білім алса да мейлі ғой. Бізді олардың өз ана тілінен мақұрым болғаны қынжылтады. Бала қай тілді бойына сіңірсе, сол ұлттың мүддесіне жаны жақын келеді. Бұл арғы бабаларымыздан, алаштық даналарымыздан бергі ғалым-оқымыстыларымыздан қайта-қайта айтылып келе жатқан ұлағатты сөз. Атақ-даңқы бұрынғы одаққа әйгілі академиктер: Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Өмірбек Жолдасбеков, Мұхтар Өтелбаев, Асқар Жұмаділдаев және тағы басқалар алғашқыда өз ана тілімізде оқып, кейін әрқайсысы өз саласының ғұламасы болған жоқ па. Ана тілін ғылым тіліне айналдырып, қалың сеңді жарған осы ардақтыларымыз ғой. Қала берді, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин секілді ақын-жазушыларымыз кезінде ана тілімізді көздерінің қарашығындай аялап, бар саналы өмірлерін сол үшін күреспен өткізді емес пе. Бүгінгі қаламгерлер де солар ұстанған жолдан тайған емес. Ал неге әлгіндей ата-аналар осыларды мақтан тұта отырып, үлгі алып, солар салған ұлы жолды балаларымен жалғастырмасқа?

Қазір де ана тілімізде білім алып жатқан балаларымыз көштен қалып, өзгелерге жалтақтап жатқан жоқ. Қайта халықаралық олимпиадада ең жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, еліміздің байрағын жоғары көтеріп, бәрімізді қуанышқа бөлеп жүргеніне қалай сүйсінбейсің, оларды қалай мақтан тұтпайсың. Оған мысалды жүздеп емес, мыңдап келтіруге болады. Олардың бұл табыстарына тек мектептердегі ұстаздардың жанкешті еңбектері ғана емес, ана тілін қадір тұтқан ата-аналардың да қосқан үлестері мол. Осы уақытқа дейін Парламентте «Тіл туралы» бір емес, бірнеше рет заң, бағдарламалар қабылданды. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту үшін Үкімет тарапынан қомақты қаржылар бұрын да, қазір де бөлініп келеді. Ал бірақ нәтиже ауыз толтырып айтарлықтай емес. Неге? Осы сұрақтың қыр соңымыздан қалмай келе жатқанына да қаншама жылдардың жүзі болды. Тілді үйрету балалар бақшасынан, мектептерден басталады деген соң бұл мәселені де қолға алып, қаншама күш жұмсадық. Алайда жағдайдың өзгергені шамалы. Қазақ мектептеріндегі балалар үзілістерде бір-бірімен өзгенің тілінде шүлдірлеуде. Ата-аналар отбасыларында сол тілде сөйлесіп отырса, балаларға қандай кінә артасың? Дегенмен қоғамда ана тілімізге көзқарас оң бағыт алуда. Парламенттегі бірқатар депутаттарымыз да қазақ тілінде сөйлеп, өткір мәселелерді көтеруде. Депутат Қазыбек Иса үнемі қазақ тілін қозғап, қорғап келеді. Иә, себепсіз салдар жоқ. Әр келеңсіз жайдың өз себептері бар. Меніңше, бұл түйінді мәселенің шешімі, түпкі негізі санада тұрған сияқты. Тоталитарлық жылдардағы әбден қалыптасып, сүйегімізге сіңіп қалған «орыс тілін білмесең, кейін нан тауып жей алмайсың» деген кереғар санадан арылу бізге өте қиынға түсіп отыр. Сондықтан да Міржақыптың «Оян, қазақ!» дегені әлі күнге өзекті болуда.

Патша ағзамның заманындағы жат жұрттық ойшылдар да біздің тіл байлығымызға тамсанып, таңдайларын қақты емес пе. В. Радлов: «Қазақтар шешен келеді, олар мақалдап сөйлейді. Жай сөзінің өзі құлағыңа өлең боп құйылып жатады», – десе, П. Мелиоранский: «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі өте бай тілге жатады. Қазақтар – шешен әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері. Қазақтардың халық әдебиеті аса бай әрі жан-жақты», – деген екен. Бұл айтқандарды аз десеңіз, С. Малов: «Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, образды тіл – қазақ тілі. Қазақтар өзінің шешендігімен, әсем ауыз әдебиетімен де даңқты», – деп жазғанын тағы қосыңыз. Жат жұрттықтар осылай жоғары бағалаған тіліміздің қадір-қасиетін біздегі кейбір жандар неге төмендетіп жүр? Аз ғана авар халқының өкілі Расул Ғамзатов: «Егер ертең туған тілім жоғалар болса, мен бүгін өлуге даярмын», – деп өзін құрбандыққа шалып отырғаны неткен намысқойлық! Біздің өзінікін қор, өзгенікін зор көріп жүрген кейбір азаматтарда сондай намыс неге жоқ? Сол «кейбіреулердің» ішінде Масанов секілді ғалымдарымыздың болғаны қалай өкіндірмейді. Иә, балалардың тілді терең білуі ұстаздарға да көп байланысты. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде істеп жүріп, Ақтөбе қаласына іс-сапармен барғаным есіме түсіп отыр. Сонда ақтөбеліктер: «Біздің №6-шы аралас орта мектептің директоры Ғалия Қасымова орыс сыныптарының балаларына «Қазақ тілі» мен «Орыс тілі» сабағын оқытудың жаңаша тәсілін тәжірибеден өткізуде. Нәтижесі көңіл қуантарлық. Балаларымыз қазақша сөйлемек түгілі, шығармаларды да сауатты жазатын болды», – деген соң, «Жақсыны көрмек үшін» деген әуестікпен сол мектепке соққан едім. Ол кісінің іс-тәжірибесімен танысу барысында білгенім, аралас мектептің бесінші сыныптарында оқитын қазақ балаларын «Қазақ тілі» пәнінде бөліп алып, қазақ сыныптарына қосып, талаптарын бірдей етіп қойған. Ал қазақ сыныптарындағы балаларды «Орыс тілі» пәнінде орыс сыныптарына қосып оқытады екен. Шынында да, нәтижесі айтарлықтай. Бұрын өз ана тілімізде сөйлемейтін балалар сайрап тұр. Орыс сыныбының оқушылары да қазақша тіл сындыра бастаған. Сонда олардың қазақ тіліне деген қызығушылықтарын байқадым. Өкінішке қарай, директор зейнеткерлікке шыққан соң бұл тәжірибе тоқтап қалыпты. Алматыдағы Мақсат Шаймерденқызы басқарған аралас мектептің «Қазақ тілі» пәнін оқытудағы іс-тәжірибесін өзгелерге үлгі етуге болады. Шаймерденқызы директор болып келісімен оқушылардың тәртібі мен сабаққа қатысуын қатаң қолға алған. Бұрын орыс сыныптарындағы оқушылар «Қазақ тілі» пәніне жүрдім-бардым қарап, сабаққа түгел қатыса бермейтінді әдетке айналдырса керек. Жаңа басшы келгелі сол жаман әдет сап тыйылған. Орыстілді шәкірттерінің «Қазақ тілі» пәніне қызығушылығы артқан. Әр сыныптан бірнеше балалардың «Қазақ тілі» пәнінде сауатты жазылған мазмұндамаларын көргенімде, мені олардың тілімізді игерудегі ынта-ықыластары тәнті етті. Сол сыныптарда мазмұндаманы «4» пен «5»-ке жазған оқушылар саны көңіл көншітерлік. Тіпті «3»-ке жазған балалардың өздері қазақ тілінде тәп-тәуір сөйлейтініне қалай сүйсінбессің. Содан бұл мектеп басшылығына да байланысты екен ғой деген ойға қалдым.

Иә, «Тіл – ұлттың жаны» деп Л.Толстой бекер айтпаса керек. Шыңғыс Айтматов: «Тіл жоқ жерде, ұлт жоқ», – деп кесіп айтқан. Тілін жоғалтқан елдің тарих сахнасынан орын алуы да екіталай. Жері бар, тілі бар ұлт қана ең бақытты. Жылдар жылжып өтер, ұлттың санасы жаппай оянып, тіліміз де тұғырына қонар деген үміт артқан сеніміміз бізді алға қарай жетелеп келеді.

 

 Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

 

12.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25790
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25241
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42652
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38494
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43051