Берекесі тасыған байзақтықтардың тірлігі көпке үлгі

Берекесі тасыған байзақтықтардың тірлігі көпке үлгі

Шаруалардың тірлігі ширақ
Ауқымды аудан атын иеленіп отыр- ған Байзақ Мәмбетұлы ұлт азаттығы үшін күресіп, қазақтың кенже ханы Кенесарының сенімді серігі болғанын айтпағанда, жүзбасы, мыңбасы бола жүріп, жұртты отырықшылыққа үндеп, жергілікті халықты егіншілік кәсіпке үйрету үшін кезінде 160 шақырым канал қаздырған. Оның игілігін әулиеаталықтар бүгінгі күнге дейін көріп отыр. Осындай датқаның даласында дала дүбірін асырып, көктемгі тіршілікке қызу кірісіп кеткенін облыс орталығынан 12 шақырым қашықтықтағы елді мекеннің етегіне ілінгенде байқадық. Көлік терезесінен көк далаға көз салғанда, жібектей созылып, теректей тізілген егіс даласындағы қара жердің көбесін сөгіп, алқапты ақ шаңға көміп, ағып бара жатқан ауыл шаруашылығы техникалары мен ерінбей еңбек еткен егіншілерді көріп көңіліміз бір толса, жатып қалып бір тоқты, жайылып мың қой болатын ырысты өлкенің маңғаз малшылары маңыраманы мыңғыртып, төл дауысы бейбіт өлкенің өрісін берекелі шуаққа шомылдырып тұрған өмірдің куәсі болдық. Байқағанымыз, бай Байзақ даласында отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе толып жүр. Ойымызға Абайдың «Жазғытұры» өлеңінің мына шумағы оралды:
Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер,
Диханшылар жер жыртып, егін егер.
Шаруаның бір малы екеу болып,
Жаңа төлмен көбейіп, дәулет өнер.
Ақын жыры өмірдің өзін айтып тұрған жоқ па?!
Темір тұлпар тұмсығын алдымен Бурыл ауылына бұрдық. Мұнда «Яшар» шаруа қожалығы қызу жұмыс науқанына кірісіп жатқан сәтінде үстінен түсіппіз. Тырнадай тізілген тракторлар топырақты төңкеріп, тартып барады. Егіс алқабынан өз есімімен аталатын шаруа қожалықтың иесі Яшар Бешлиоғлыны жолықтырдық.
– Ассалаумағалейкүм, салар көбейсін!
– Әумин! Қош келдіңдер, жігіттер!
– Иә, еңбектеріңізді елге жеткізейік деп ауылдарыңызға арнайы ат басын бұрдық.
– Жұмыс жүріп жатыр, Аллаға шүкір!
– Керемет! Көрініп тұр. Бабаларымыз өгізбен жер жыртқан ғой.
– Айтпа…
Шаруамен әңгіменің әлқиссасын осылай өріп, көңілдегі көп сұрақтың көгенін ағыттық. Дихан жан салалы саусақтарымен маңдай терін сүртіп қойып, әңгімесін арыдан бастады.
– Біздің шаруа қожалық 1997 жылы құрылған. Жалпы егістік көлемі 94 гектардан асады. Жер жыртуды кеше ғана бастадық. Сіздер егіс даласына еңбекті бастаған екінші күнімізде келіп тұрсыздар. Көріп тұрғандарыңыздай, бұл 30 гектар жерге қант қызылшасын егуді жоспарлап отырмыз. Қызылша айдаумен айналысқаныма ширек ғасырдан асты. Гектарынан 60 тоннадан астам өнім аламыз, еңбекте шыңдалдық, кірісіміз де қалың. Қалған жерге көпжылдық шөп, қызанақ, арпа, мал бордақылау үшін жүгері тұқымын себеміз. Су мәселесі де аса көп қиындық тудырып тұрған жоқ. Қолымызда 10-нан астам техника бірлігі бар, бәрі жаңа, біраз адамды жұмыспен қамтып отырмын. «Еңбек бәрін жеңбек» дегендей, осылай өмір сүріп жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, базардағы заттың бағасы аспандап тұр. Оның әсері бізге, егіншілерге де өз қиындығын әкелуде. Үкімет тарапынан беріліп жатқан қант қызылшасына 15 теңге субсидия бар, оған көз жұмбаймыз, рақмет! Десе де, сәті түсіп сіздермен кездескенде айта кететін өтінішім, көмекті көп болмаса да көтеріп берсе, – дейді шаруасын шар айнадай дөңгелетіп отырған қожалық басшысы.
Күні ертең тұқым себіліп, көк кілемге көмкерілетін далаңыз дәнге, өміріңіз әнге толсын деп шаруаның аманатын арқалап әрмен қарай жолға шықтық.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашы- лығы бөлімінің бас маманы Нұрғиса Канкожаевтың айтуынша, байзақтықтар дала жұмыстарына дайындыққа ертерек кіріскен. Олар үшін көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Аграрлық Кредиттік Корпорациясы» АҚ арқылы 3 ауыл шаруашылығы құрылымдарынан 29 миллион теңгеге несие беріліпті. Ауыл шаруашылығын шалқыту үшін 715 тонна кепілдендірілген дизель отыны бекітіліп, даланы дәнге толтырамыз деген шаруашылықтарға таратыла бастаған.

Егістік көлеміне көз тояды

Аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жалпы егістік жердің көлемі 59 790 гектарды құрайтын болса, оның 29 549 гектары суармалы, 30241 гектар жер тәлімі болып саналады екен. Күзде қырманды қыздырып, қамбаға астық толтыру үшін 8750 гектар күздік бидай дақылы себілген. Маңызды азық-түлік санатына жататын жаздық арпа 12 790 гектарға құлпырса, 1000 гектар қант қызылшасы жайқалып тұрады деп күтілуде. Елі жомарт, жері бай байзақтықтар дала төсіне жүгері, дәнді бұршақ, мақсары, картоп, жемісті дақылдар орналастыруды да көздеп отыр. Жалпы биылға 59 537 гектар алқапты игеру көзделуде.

Техникалар сақадай сай

Алғашқы еңбек құралдарын таспен жасаудан бастаған адамзат баласы уақыт өте келе кетпенін сайлап, күрегін қайрап, ат соқаға арқа сүйеген болса, бүгінгі берекесі тасыған заманда түрлі техникалардың көмегімен шаруасын дөңгелетіп отыр. Дала дүбірін асыруға аудан бойынша 1550 әртүрлі ауыл шаруашылығы техникасы сақадай сай дайын тұр. Сонымен қатар биыл 14 шаруа- шылық жалпы құны 363,6 миллион теңге тұратын 45 жаңа техника сатып алған. Көктемгі тіршіліктің тамырына нәр жүгірту үшін қазір елді мекенде 576 трактор тынымсыз еңбек етуде.

Су бар, тұқым дайын, тыңайтқыш толық

Даласы Таластың суына шөл басқан өлкеде тіршілік нәрін орынды пайдалануды басты назарда ұстап, өткен жылы су үнемдеу технологиясы мен тамшылатып және жаңбырлатып суару арқылы жалпы 4510 гектар жер игерілген. Биыл бұл көрсеткішті 6210 гектарға жеткізу жоспарлануда. Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы сметалық құны 8628,092 миллиард теңге болатын 72 дана су шаруашылығы нысанын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Берекесі бекем Байзақ тұрғындары асарлатып арықтар мен каналдарды да тазалауда. Мамандардың сөзіне сүйенсек, 2022 жылдың өніміне егілетін жаздық дақылдардың тұқымы толығымен дайын. Келісімшартқа тұрған 22 шаруа қожалық тыңайтқыштарды түгелдей алған. Жер төсін емген жерлестерге биылғы жыл табысты жыл болсын дедік.

Қозы-лақтың ойнағаны әдемі…

Көгілдір көктем келіп, кең дала көк кілемге көмілген шақта Темірбек ауылына темір тұлпармен жеттік. «Қой қоздап, бота боздап, қорада шу» болған малды ауылдың мазасыз шағы екен біз барған сәт. Өрісте жайылып жүрген қазақтың құйрықты жүнді қойлары мен ақбас сиырлары аяңдап басады. Даланы әнге оранған, қозы мен қойдың маңырауынан құлақ тұнады. Малдың аузы көкке ілініп, тойына бастапты. Қойлар жерден басын алмай, көк шөпті құныға жұлуда. Енесінен ажырап қалған қозылардың дауысын қоңыр самал ала ұшады. Әріптес ақын ағамыз Ақылбек Шаяхметовтің әнге айналып кеткен «Қозы-лақтың ойнағаны әдемі» деген өлеңін ыңылдап саласың мұндайда. Сол ән сөзінде «Ақ боз атын ерттеп мініп атамның, қойды өріске айдағаны әдемі» деген жолдары бар емес пе? Біздің алдымыздан атамыз болмаса да, азамат Ержан Тумаев шықты. Қойын құрттап, айранын ұрттап, жаймашуақ күн кешіп жатқан Ержанның көңілі шат. Амандықтан соң маңғаз малшы әңгімені сұратпай-ақ өзі бастап кетті.
– Қорамда бір отарға жуық қойым бар. Әрине, мал болған соң өледі, қысыр қалады дегендей, десе де, биыл төл жылдағыдан жақсы. Жем-шөпті ертерек дайындап аламын. Басқа жақты білмеймін, біздің ауылда жайылымнан тарлық жоқ. Берекелі елдің арқасында төскейде малымыз қосылып жатады. Өріске осылай тастап, сыртынан бақылап қоямын. Қыста құмды жайлаймыз. Малдың базардағы бағасы да бұл күнде өскен. «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей» дегендей, осы малдың арқасында күнімізді көрудеміз. Балалардың бәрін оқытып жатыр- мын. Үкіметтен субсидия сұрау- ға болады. Бірақ мен алуға ниетті емеспін. Қанағат қарын тойғыза- ды, – дейді бабадан қалған жолды жалғастырып келе жатқан Ержан.

Сүт пісірім уақыттағы әңгіменің өзінен ауыл адамдарының уыздай ұйы- ған бауырмал мінезін аңғардық. Қымыз иісті жібек желі еркелеген даланы қанша қимасақ та, қош айтып, қонысымызға қайтуға қам жасадық. Көлік терезесінен кестелі дала төсіне көрік беріп тұрған төрт түліктің тобына қызыға қарап келе жатып, Нұрғиса Сарсенбайұлының сөзіне құлақ түрдім. Шаруашылық маманының айтуынша, наурыз айындағы анықтама бойынша өңірде 50 061 бас мүйізді ірі қара болса, Шопан ата түлігі 318 мыңға жуықтаған. 48 490 бас қозы қатарға қосылыпты. Құлдыраңдап шауып жүрген құлындар мен ботасын ерткен боз даланың бозінгендерін көргенде, керегелі өлкенің келешегіне күмән келтіруге көңіл бармайды.
Таразға тартып келеміз… Есімізге халқымыздың «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп айтатын дана сөзі оралды. Ел іргесі сөгілмей, мал өрістен жерінбей, ауылдағы ағайын ащы еңбектің тәтті жемісін көрсе екен. Лайым, солай болғай.

 

Байзақ ауданы Жұматай Көксубайұлы
21.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 66
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 66
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 173
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 173
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 315
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 316
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 537
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 486

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9190
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8588
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11816
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9585
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10799