Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл
1947 жылы аудандағы қой-ешкі саны 260 мыңға жеткен. Малдың осыншама қарқынмен өсуінен жазғы жайылымдар тарлық ете бастайды.
Сол жылы ауданға Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов келіп, үлкен алқалы жиын өткізіледі.
Осы іскерлік басқосуда ауданымыздың айтулы азаматы, өмірлік тәжірибесі шыңдалған, көрнекті шаруашылық ұйымдастырушысы, аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары Болатбек Кариев Бетпақдала мен Сарыарқаны пайдалану турасында батыл ой айтады.
Бұл жоғарғы басшылық тарапынан қолдау табады.
Сол жылы Болатбек Кариев бастаған арнайы топ құрылып, болашақ жаз жайылымды зерттеуге жіберіледі. Арнайы топ мүшелері іскерлік ұзақ сапардан оң пікірмен оралады.
1948 жылы ауданнан Бетпақдала арқылы Арқа жайлауына 20 мың қой-ешкі, 1000 жылқы, мүйізді ірі қара шығарылады.
Бұл тәуекелшіл тірлік өзінің оң нәтижесін береді. Малдар қоңды, ажарлы болады. Сарыарқа, Бетпақдала жайлауында баққан малдардың жалпы өнімдері, көрсеткіштері аса жоғары болады. Осы жылы мемлекетке өткізілетін ет жоспары асыра орындалып, ауданға үлкен табыс әкеледі. Сол көрсеткіштер негізінде аудандағы 18 майталман шопанға КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. 40-қа жуық адам ордендермен, медальдармен марапатталады.
Бұл жөнінде жазушы Пернебай Дүйсенбиннің тарихи-танымдық, деректік «Сарысунама» кітабында кеңінен айтылған.