Өткен аптаның сенбісінде Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек іссапармен ауданда болды. Іссапарын Қарабөгет ауылындағы апатты жағдайдағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің жай-күйімен танысудан бастаған облысымыздың бас педагогы, аудан әкімі Әлихан Балқыбеков пен аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаевпен бірге ауылға жаңа мектеп салынғанша қалайда оқу процесін тоқтатпау шараларын қарастырды.
Содан кейін Бірлік ауылына атбасын бұрған топ, Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебіндегі күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Dauren Build» ЖШС өкілдеріне жұмыстың әлі де баяу жүргізіліп жатқанын баса айтқан Мейірхан Азатұлы, жөндеу жұмыстарын белгіленген уақытта аяқтау үшін бар күш-жігерді салуды талап етті. Күрделі жөндеудің аяқталу мерзімі қазан айы болғандықтан бұл ауылда да оқу процесі тоқтап қалмау үшін жасалып жатқан іс шаралармен танысып шыққан бас педагог, қосымша уақытша оқыту орындарын ұйымдастыру керектігін ескертті. Келесі кезекте Айдарлы ауылындағы №2 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл нысанның да мердігері «Dauren Build» ЖШС-інің өкілімен тілдесіп, бұл нысанның да жұмысын ширату керектігін айтып, жұмыстардың белгіленген мерзімінде аяқталуы үшін бар мүмкіндіктеріңізді салыңыздар деп талап қойды. Сапар соңында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек аудан әкімі Әлихан Балқыбеков пен аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаевқа күрделі жөндеу жұмыстарының 1 қыркүйектен кеш аяқталуына байланысты оқу процесінің тоқтамауын қамтамасыз ету керекпіз, нысандарды ортақ бақылауда ұстайық,– деп ескертті.